«Саусақ бірікпей, ине ілікпейді…»
Елде тыныштық пен тұрақтылық салтанат құрмағы үшін татулық, ымыра-бірлік ауадай қажет. Оған өзара түсіністік ләзім. Сонда ғана береке һәм жасампаздық даму сатысына айналмақ. Көпэтносты мемлекет болғандықтан, қазақстандықтар өзін осы елдің тең құқылы азаматы ретінде сезінуі аса маңызды. Өйткені, дүниедегі түрлі келіспеушілік – түсініспеушіліктен шығады. Ел Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ биылғы Жолдауында осы мәселеге ерекше мән берді. Бақандай бір тарауды бірлікке арнады. Ал, шындығында, отбасыдағы татулық, ағайын арасындағы қарым-қатынас та елдегі тұрақтылыққа әсер етеді. Туысымен тіл таппаған адам өзгемен немесе өзге этнос өкілімен тату өмір сүреді деу қиын. «Өзіңді-өзің жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» деп осындайда айтса керек.
Шыны керек, кейде туысыңмен де тіл таба алмай жатасың. Бұл әр үйде ара-тұра кездесетін жайт. Өйткені, әрқайсының мінезі, болмысы әртүрлі. Сол мінездердің бәрін ортақ түсініктің астына тоқайластырып, шаңырақтың берекесін арттыратын да татулық, сыйластық және түсіністік. Әріге бармай-ақ, өз өмірім мысал бола алды. Әке-шешеміз өмірден ерте өтіп, 10 бала қалдық та бардық. Сонда жұрт бізге аяныш көзімен қарағаны өтірік емес. Алайда, сол қанымыздағы қазақы сыйластықтың, өзара ымырашылдықтың арқасында шаңырақ шайқалмады. Бойымыздағы әке-шешеден көрген тәлім-тәрбиеміз алдаған жоқ. Аман-есен әрқайсымыз жеке үй болдық. «Отан – отбасынан басталады» деген сөздің де мәнін өсе келе мемлекеттің кішкентай отбасылардан тұратынын ұқтым. Президенттің биылғы Жолдауында бұл мәселеге айрықша назар аударғаны да тегін емес. Өйткені, әлемнің көптеген елінде қандай қорқынышты жағдайлар орын алуда. Кез келген басшының тілегі де, арманы да халқының бейбітшілігі мен бірлігін сақтау. Себебі, бейбіт өмір – бақыт, береке, бірлік әкелумен қатар болашаққа өрлеу мен өркендеуге жол ашады. Дана халқымыз «Байлық байлық емес, бірлік – байлық» деп бекер айтпаса керек. Бұқара халық әрдайым тыныштықта, мәңгілік бейбіт өмір сүруді армандайды. Ал, ұрпақ амандығы – келешек кемелдігі емес пе? Тарихқа көз тастасақ, адамзат баласы небір сұрапыл соғыстарды бастан кешті. Қаншама ел соғыс зардабынан құлдырап, азып-тозды. Талай жазықсыз жан сол зұлматтан жапа шекті. Мұның барлығы бейбітшілік кеткен жерді берекесіздік жайлайтындығын тайға таңба басқандай көрсетіп отыр. Бірлікті берік сақтау, соғыс отын тұтатпау, бейбітшілік үшін күресу – қазіргі ХХІ ғасырдағы ең өзекті мәселенің бірі. Сауатты да саналы, парасатты елдің ұрпағы өткеніне көз жіберіп, ата-бабасының жолынан сабақ алады. Тарихын бағамдап, келешегін кемелдей түседі. Халқымыз да тағдырдың талай қатал сынын бастан кешті. Әйтседе, «мың өліп, мың тірілген» бабалардың бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаруының нәтижесінде бүгінгі бейбіт аспанға қол жетті.
Қаймана халқының қамын жеген Әлихан Бөкейханов: «Қазақ баласы бірігіп, тізе қосып іс қылса – халықтық мақсат сонда орындалады. Бостандыққа апаратын жалғыз жол – ұлттық ынтымақ қана» – деп ынтымақ-бірлікке үндеген. Ал, ынтымақ-бірлікке апаратын жол халықтың өзара тату болуы. Дана халқымыз: «Татулық – табылмас бақыт», «Жолдасы көптің – олжасы көп» – деп еріккеннен айтпағаны анық. Хакім Абай да: «Татулықтан артық жолдас жоқ» деген. Бейбітшілікте, есендікте өмір сүруге ұмтылу – қазақ халқының қанына сіңген асыл қасиеттерінің бірі. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының: «Қазақ халқы сан ғасырлар бойы өзінің егемендігі мен тәуелсіздігі үшін күресіп келді. Өзінің ең жақсы қасиеттерінің: қатер төнген сәтте бірігіп, ұйымдаса білуінің, сондай-ақ басқа халықтармен бейбітшілік, келісім мен тату көршілік жағдайында тұруға деген ынта-ықыласының арқасында ол тарих тасқынының астында қалып қоймай, өзінің мемлекеттігін қалпына келтіре алды», – деген сөзі кешегі мен бүгінгі тарихымызды ұштастырып тұр.
Тіпті, елімізге табаны тиген әлем саяхатшылары, ғалымдар, дипломаттар естеліктерінде қазақ халқының қонақжай, сабырлы, ежелден бейбітшілік пен ынтымақ сүйгіш, өз бетінше ешкімге тектен-тек соқтықпаған, соғыс ашпаған ел екенін сүйсіне жазған. Тәуелсіздік алғалы да еліміз осы қасиеттерінен айнымай, егемендікті көздің қарашығындай сақтауға үлесін қосып келеді. Бүгінде азат ел атанған, өзін әлемге ынтымағы жарасқан ел екендігін мойындата білген Қазақстан – ғаламдық татулықты сақтау мен нығайту ісінде өзге елдерге үлгі. Кейде осындай байтақ өлкені бабалар қалай аман сақтап қалды деп ойлаймын. Сөйтсем, мұның бәрі береке-бірліктің арқасы екен. Халқымыз ежелден ислам дінін ата дәстүрімен ұштастырып, берекелі ғұмыр кешіп келеді. Араб тілінен алынған «Ислам» сөзі – амандық, есендік, мойынсұну, бағыну деген мағыналарды қамти отырып, «бейбітшілік» діні дегенді білдіреді. Құранда «бейбітшілік» деген мағынаны білдіретін «сәлам» сөзі көптеген аяттарда кездеседі. Ал қасиетті кітабымыз Құран адамзат баласына ынтымақ пен бейбітшілікті насихаттаумен қатар, адамзатты татулыққа, достыққа, әділдікке шақырумен келеді. Олай болса, Алланың ақиқи діні ислам адам өмірінің бейбітшілік пен тыныштықта болуын қалайды. Мұсылман баласының бір-бірін көргенде қол алып, құшақ жая сәлемдесуінің өзі бауырластықты, бірлік пен бейбітшілікті меңзейді. Исламның жер бетінде бейбітшілік пен тыныштықты орнату үшін жіберілген соңғы хақ дін екенін көрсетеді. Сонымен қатар, «Сендерге бірге болуларыңды өсиет етемін. Бөлініп шығудан өте қатты сақ болыңдар. Себебі, шайтан жеке дара өмір сүрген кісіге жақын болады. Бірге болған екі адамнан алыс тұрады» (Тирмизи, Фитан 7) деген ізгі хадис те бар. Мұны біздің қазақ жалпақ тілмен «Бөлінгенді бөрі жейді» деп тоқетерін бір-ақ айтқан. Халқымызда «Ынтымақсыз елді – ұрысы билейді, Ынтымақты елді – дұрысы билейді» деген қанатты сөз бар. Елін ынтымаққа жетелеген Мемлекет басшысыныңда арманы қазақты «Мәңгілік елге» айналдыру. Әрине, оған жету үшін демызғымас бейбіт өмір керек. Себебі, кез келген дамыған, қуатты елдің тарихына үңілсеңіз соғыс болмаған, ұзақ уақыт бейбіт аспан астында бір үйдің баласындай өмір сүргенде ғана дамып, алға озып, өркениет биігіне шығып отырған. Өзара қырылысып жатсаң, даму болмайды. Сондықтан, «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» демекші, баршамыз бір шаңырақ иесіндей жұдырықша жұмылар болсақ, бейбітшілікті әлемге ғасырлар бойы паш етеріміз сөзсіз. Бүгінгі еліміздің бейбітшілігі мен бірлігі – келер ұрпаққа өнеге болып қала беретін тарихи шындық. Себебі, «Бірлігі бар ел озады, бірлігі жоқ ел тозады». Бұл – тарихи заңдылық. Сондықтан, қазақ елінің бірлігі – мемлекетіміздің кілті. Қандай мемлекет болмасын оны еш уақытта сырттан жау алмайды. Қазақ әлсіресе, алауыздықтан әлсіреген… Абыз Ақтамберді жырау да: «Балаларыма өсиет: Қылмаңыздар кепиет, Бірлігіңнен айырылма, Бірлікте бар қасиет», – дейді.
«Айнала алмай ат, айыра алмай жат өлетін» жұртқа айналу – ата-бабаларымыздың асыл арманы болатын. Осы сара жолды жалғау – парыз. Қазақта «Отаны бірдің – тілегі бір, тілегі бірдің жүрегі бір» – деген қанатты сөз бар. Жүзі басқа болса да жүрегі бір, тілі басқа болса да тілегі бір, діні басқа болса да Отаны бір қаншама ұлт пен ұлысты біріктіріп, азаматтық, бейбітшілік пен конфессияаралық келісімді сақтап, татулық пен сенімділікті серік етудің арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, ілгері қадам басып келеді. Қаздауысты Қазыбек би: «Тату болса – ағайын жақын, Адал болса – дос жақын» деп татулық пен адалдыққа, ынтымақ пен бірлікке шақырған. «Ынтымақ жүрген жерде – ырыс жүреді» демекші, лайым татулығымыз бен ынтымағымыз жарасып, Алашқа Жаратқан өзі жар болғай! Көк туымыз көк аспанның астында мәңгі қалықтағай!
Жәлел ШАЛҚАР.