Сауап іздеген Саламат

      Қарағандының жол патрульдік полицейі, аға сержант Саламат ТЕМІРБАЕВ өзінің еңбек демалысының қаражатын Қарағанды қаласындағы «Даму мүмкіншіліктері шектелген балалар үйінің» қаракөздеріне табыстады. Табыстап қана қоймай, балаларды Орталық саябаққа алып шығып, тәттілерін алып беріп, сәтті саяхат ұйымдастырды.

2012 жылдан бастап ішкі істер органдарында қызмет атқарып келе жатқан жомарт жүректі полицейдің биылғы еңбек демалысы Ораза айына сәйкес келіпті. Саламат әкесі Мағаздың өсиетін ойына, қасиетін бойына сіңіріп өскен қазақы тәрбиенің баласы екенін танытты. Сөйтіп, Саламаттың сауапты ісіне дән риза болған балалар түрлі аттракциондарда ойнап, бала дәуреннің шуақты күнін бастан өткерді.

Әрине, жомарттық жасауға бой ұрғандығы – полицейдің тойынғандығы емес. Әйтпесе, осы Саламаттың да отбасы бар. Ұлы мен қызы – көзінің ағы мен қарасындай. Сондықтан, Саламаттың бүгінгі жасаған сауабы – ертеңгі күннің жауабы болса, ұрпағына мың еселеніп қайтары анық.

Қуаныш МЕДЕУБАЕВ.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.