Руханият

Сарыарқаны сазға бөледі

    Заман жаңғырығына жұтылғандар аз ба жаһанда?! Дәстүрден тамыр, дәуірлерден сыр тартқандай ескіге жаңаның бояуын құлатып жүргендер жайлы әңгіме – соқталы. Солардың басы да, соңы да емес, ортасынан шығып, бүгінде даланың даңғайырына айналған сирек күйші, композиторлардың бірегейі Ермұрат        ҮСЕНОВ келді Арқаға.

ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ермұрат Үсеновтің Қарағанды топырағына табаны тигені жаңалық емей немене?! 65-ке толған ағамыз жай келмепті, «Шалқыма» концерт залында шығармашылық кешімен әуенін айға өрлетті, аспай-саспай жай желдетті. Ел разы, халық қуанышты. «Күзгі әуенін» сала келгеніне. Қарағандыға күз болып келмей, көнеден қалған із болып келіпті. Сонымен, не дейді екен «Күзгі әуен» атты шығармашылық кеші?

Әуелі Абылай ханның «Шаңды жорығынан» хабар береді. Орындаған – Байғара Сәдуақасов жетекшілік еткен «Арқа сазы» фольклорлық ансамблі. Ансамбльге өңдеген де осы Ермұрат ағамыздың өзі. Өткеннен бүгінге өткендей композитордың болмысы осыдан-ақ білінсе керек. Негізі – ұлттық қайнарда.

Бұл кісінің «Қойлыбайдың сарыны» шығармасын бұрыннан білуші ек. Жаратылысы бөлек, сүйекті күй. Бұл жолы ол туындысын республикалық байқаулардың лауреаты, қобызшы Еркежан Сәдуақасова орындап шықты. Ескі сурет пен болашақтың бедеріндей «Ерден толғауын» жарықтық «Арқа сазы» қалықтатты ауаға. Әуен аршындаған сайын көңіл түпкірінен жан қалшылдайды. Ермұрат ағаның ұстазы Нұрқұйса түседі еске.

Несіпбек Айтұлының сөзіне жазылған Е.Үсеновтің «Меруерт моншақ» әнін ҚР еңбек сіңірген қайраткері, әнші Гүлмира Сарина тамылжытты. Осы орындаудағы «Жалт-жұлт еткен дүние-ай» әні қандай, шіркін?! Тебіренбей тыңдай алмайсыз. Ертеден егіліп тыңдап жүрсек, бұл да Ермұрат Үсенов әні екен. Концерттің бел ортасында шырқалды.

Композитордың кешіне Тәттімбет атындағы академиялық оркестрдің қатысқаны – шара шырайын аша түсті. Е.Үсеновтің «Мерекелік күйін» орындады. Жетекшісі – Дүйсен Үкібай.

Сазгердің кеші салиқалы өтті. Оркестр, ансамбльді айтпағанда, елімізге танымал күйшілер мен әншілер Ермұрат ағамыздың шығармаларын орындап, халықтың ықыласына бөленді. Сөйтіп, Сарыарқаны сазға бөледі.

Жәнібек ӘЛИМАН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button