Бас тақырып

Саранның екінші тынысы

Өткен екі жыл ішінде Саран өндіріс аймағында «Татнефть» жария акционерлік қоғамы мен Allur компаниясының бірлескен өндірісі – KamaTyresKZ шина зауыты салынып, толығымен жабдықталды. Осы жылдың мамыр айында өндірісті толыққанды іске қосу көзделген.

Кәсіпорын автоматтандыру деңгейі мен энергия тиімділігі бойынша барлық заманауи технологиялық талаптарға жауап береді. Бұл өндіріс ошағы өңірлік өнеркәсіпті дамытуда айрықша маңызға ие. Моноқалалар тіршілігіне де айтарлықтай қолдау болуда.

Дастан Темірбек зауытта вулканизатор болып жұмыс істейді. Жігерлі жас жігіт бұрын шахтада жұмыс істегенін айтты. Кейінірек Саран қаласында зауыт ашылғанын біліп, жаңа жұмысқа орналасқан.

– Жаңа кәсіпорынның біз секілді жастарға мүмкіндік беріп жатқанына іштей қуанасың. Бізге енді тек абыройлы еңбек ету қажет, – дейді Дастан.

Зауыт директоры Александр Смышляевтың сөзінше, жұмыс жолға қойылған соң, жылына 9 миллион шина өндіру жоспарлануда. Өндіріс ошағындағы заманауи құрылғылар Португалия, Словакия, Словениядан әкелінген. Еуропадан шамамен тоғыздай жеткізуші компания бар көрінеді. Көршілес Қытайда жасалған станоктар да бар. «Істен шыққан жабдықтар қалай оңдалады» деген сауалымызға компания өкілдері «қолма-қол жаңасы жеткізіледі» деп жауап қатты.

Өндірілетін шина радиусы R14-тен R18-ге дейінгі көлемдегі жеңіл автокөліктерге тиесілі. Жүк көліктеріне де арнайы ассортимент даярланған. Автоматтандырылған құрылғылар көмегімен жұмыскерлер тез арада сапалы дөңгелек шинасын өндіреді.

Бір қызықтысы, аталған зауытта ерлермен қатар нәзік жандылар да жұмысқа орналаса алады екен. Басшылық құрамда да әйелдер табысты еңбек етуде. Ендігі апта басында Татарстаннан бір топ делегация келіп, Саран қаласының әкімдігімен шалғайдан келген жұмысшылар үшін қызметтік тұрғын үй салу турасында келіссөз жүргізілмек. Оның аясында РТИ аумағында екі бес қабатты тұрғын үй салу жобасы жайында сөз болмақ.

Сонымен, өндірілген шиналар қайда экспортталмақ? Бұл турасында мамандар Ресей және ТМД елдерімен алдын ала келісім бар екендігін жеткізді. Шина шикізаты әзірге Ресейден жеткізіледі. Алдағы 2025 жылы Батыс Қазақстан облысында резеңке шикізатын өндіретін арнайы зауыттың салынуы шикізат мәселесін түбегейлі реттейді.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button