«Самокат» тізгіндеудің сыры мен сыны
Соңғы жылдары елімізде мопед, скутер мен самокат мінетіндер саны артты. Әсіресе, жастар. Себебі, мұны мінген адам жанармай шығынынан құтылады. Тіпті, жүргізуші куәлігінің де керегі жоқ. Ал, қазір электросамокаттың фанатына айналғандар ең қымбатын да сатып алудан еш тартынбайды. Алайда, бұған Мәжіліс депутаттарының айтар уәжі бар. Жүргізуші куәлігін қажет етпейтін жеңіл көлік құралдары адам өміріне орасан қауіп келтіруі мүмкін екенін айтуда. Бұдан кейін мопед пен самокат сатылымы күрт төмендеп кетті. Сонымен, қос аяқты құрылғының пайдасы көп пе, зияны көп пе?
2015-2016 жылдары көптеген шетелдік тамақтану желісі бар дүкендер жеткізу қызметіне кететін шығынды, уақытты үнемдеу үшін қос аяқты құрылғылардың түр-түрін сатып ала бастады. Осылайша үнемді көлік бүгінде қала тұрғындарының қатынас құралына айналып үлгерді. Тіпті, 16 жасқа толған, жүргізуші куәлігі жоқ оқушылар сәнді мопедтермен мектепке қатынап жүр. Ал, ауылдағы бес жасар бүлдіршіндердің күнде ойнайтын ойыншығына айналды.
Танымалдылығы артқан электронды көліктер еліміздің барлық қаласында бар. Көшелерде, жолда тұрғанын жиі байқайсыз. Осыған орай, биыл мамыр айының бірінші жартысында Мәжілісте «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісін ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданғаны белгілі. Жобаға сәйкес, электросамокаттар көлік құралы ретінде танылады, сондай-ақ жүру жылдамдығы сағатына 25 шақырымға дейінгі көлік құралдары электросамокат санатына жатады. Электросамокаттар велосипед жолдары мен жол жиектерінде шектеусіз жүре алады. Депутаттардың айтуынша, монодөңгелекті көліктердің автокөлік жолдары және тротуармен жүруі жаяу жүргіншілер мен жүргізушілерге айтарлықтай қауіп төндіріп отыр.
– Шектеулерді қадағалау қиын. Бірақ мұндай жылдамдық шамамен жаяу жүргіншілер легінің жылдамдығына тең. Бұл жылдамдық сырттай көзбен шолып анықталады. Электросамокат мінген адамға жолдың жүру бөлігінің оң жақ шетімен, оның ішінде автобус жолағымен бір қатарда жүруіне жол беріледі. Алайда, бұл үшін жүргізуші 18 жасқа толуы және шлем киюі керек. Сондай-ақ, оның үстінде жарық шағылыстыратын киім мен кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі болуы қажет, – деді Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева.
Осыдан кейін самокат пен скутерлерге қызығушылар саны күрт төмендегенге ұқсайды. Себебі, қазақстандық интернет дүкендерде пайдаланылған құрылғылар көптеп сатылымға шығарылған. Ал, электроскутер сататын дүкендер қалыпты пайдасынан қағылып, керісінше қолданылған самокаттар жаппай сатылымға қойылған. Сарапшылардың дерегінше, биыл сәуір мен мамыр аралығында дүкендегі самокаттардың саудасы 30 пайызға дейін төмендеген. Бұған құжаттағы «Тротуарларда сағатына 6 километрден аспайтын жылдамдықпен жүруге рұқсат етіледі» деген сөйлем себеп болса керек. Өйткені, бұл тезірек жүретін жаяудың орташа жылдамдығы деседі.
Қарағанды техникалық университетінің студенті Әлішер Илькенов қаладағы тапсырыс берушілерге самокаттың көмегімен тез дайындалатын тағамды жеткізуші болып жұмыс істейді. Оның айтуынша, заң күшіне енсе, жағдай қиындайды.
– Студент болған соң, оқудан бөлек, қосымша табыс табуды жөн көрдім. Қазір фаст-фуд өнімдерді жеткізуші болып жұмыс істеймін. Жұмыстан әрқайсымызға скутер, самокат берді. Ал егер заң күшіне енсе, тағам ыстық күйінде жеткізілмеуі мүмкін. Сондықтан, мұндай жағдайда басшылық көлікпен жеткізу қызметін қосып, фаст-фуд тағамдарын қымбаттатуы мүмкін. Жол ережесін білместікпен бұзған кездерім болды. Бұрындары самокатты сатып алғым келетін. Ал қазір пайдасы жоқ сияқты. Себебі, заң қабылданса, жүріп-тұру қиындауы мүмкін, – деді Әлішер.
Студенттің айтуынша, самокатқа екі адам болып мінуге тыйым салынған. «Өйткені, жүргізушіге де, жолаушыға да қауіп төнуі мүмкін. Ең қорқыныштысы – осы» дейді студент.
Электросамокатпен жол ережесін бұзғандар да жазаланады.
«Қазір электросамокат жүргізушілері жолаушыларды және жүктердi тасымалдау ережесін орындамаса, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 593-бабы бойынша жауапқа тартылады. Бұл тұрғыда 5 айлық есептiк көрсеткiш (17 250 теңге) мөлшерiнде айыппұл салынады. Ал, 620-бап бойынша жолдағы қозғалыс кезінде өзге де талаптарды бұзғаны үшін ескерту немесе 3 АЕК (10 350 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады», – деді ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев.
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің заң факультетінің PhD докторы Алмаз Жексекиннің пікірінше, электросамокат жүргізушілері үшін жол қиылыстарының жолақтары Қарағанды қаласында әзірге жоқ. Бұл тек Астана, Алматы үлкен мегаполистерінде ғана бар деген ой айтты.
– Электросамокаттардың жолдармен және тротуарлармен жүруі жаяу жүргіншілер мен жүргізушілерге қауіп төндіруде. Ал заң жобасы екі жыл бұрын әзірленгенімен, тек 2022 жылы қабылданды. Электросамокат жүргізушілер жол қиылыстары мен жаяу жүргіншілер өткелдерінен жаяу өтуі керек. Ереже бойынша самокат мінген жүргізушіге өзімен бірге жүк не жолаушы тасымалдауға болмайды. Жоғары жылдамдықпен келе жатқан самокатшы жол беріп үлгермейтін балалар, қарт адамдар, жүкті әйелдерге қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан, бұл заң жүзінде қадағалануы керек, – деді Алмаз Жексекин.
Қазіргі таңда, электросамокаттан жапа шеккен адамдар аз емес. Монодөңгелекті тізгіндеген жеткіншектердің қатысуымен көптеген апатты оқиға орын алды. Мәселен, Қарағандыдағы жаяу жүргіншілер өткелінде самокат тепкен адам жеті жасар баланы қағып кеткен. Бала жабық ми жарақатын алған, миы шайқалып сол жақ жамбас сүйегі жабық сынған. Ал, заң жүзеге аспаса, осындай келеңсіз жағдайлар жиілеп кетуі мүмкін.
P.S: Адам өмірі бәрінен қымбат. «Тәртіпке бағынған құл болмайды» дегенді әрдайым есте ұстау қажет.
Таңшолпан СҮЛЕЙМЕН,
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің
III курс студенті