Білім ошақтарында

Самғатқан сан қыранды Алтын ұям

Биыл Қарағанды қаласында орналасқан өнер ордасы Мамандандырылған музыка мектеп-интернатының құрылғанына 55 жыл толып отыр. Мектеп Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің 1966 жылғы 4 маусымдағы қаулысы негізінде ауылдық жерлердегі дарынды балаларды іріктеу және оқыту үшін 7 жылдық және орта арнаулы музыка мектептері желісін кеңейту мақсатында ашылды.

Мектептің іргетасын 1966 жылы қайта құруға қатысқан, №1 мектеп-интернатының директоры, Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген мұғалімі, Н.Чапурина болды. Ал, алғашқы директоры 1967-1974 жылдары Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясының түлегі Э.Шмидт еді. Бұл кезеңде оқушылардың алғашқы іріктеу жұмыстары жүзеге асырылып, мектептің материалдық базасы құрылып, педагогтар ұжымы толықты. Сонымен қатар, музыкалық бөлімдер ашылған. Оның ішінде арнайы фортепиано, ішекті, халықтық, үрмелі және соқпалы аспаптар бөлімі, теориялық бөлім, міндетті фортепиано бөлімі болды. 1982 жылы директор А.Тулешов бастамасымен мектепте мемлекеттік тілде оқытатын сыныптар ашылды. Ондағы алғашқы мұғалімдер А.Біржанова және Р.Төлешова. Мектеп оқушылары дәстүрлі түрде ең жоғары деңгейдегі байқауларға қатысқан. Талай табандылығы мен мақсаткерлігін айқындап, қа зылар алқасының жоғары бағасын алады. Бірнеше республикалық музыка мектептеріне лайықты бәсекелестік тудырады. Осылайша жеңістерге педагогтардың, сүйемелдеушілердің, тәрбиешілердің, барлық педагогикалық ұжымның тынымсыз шығармашылық жұмысының арқасында қол жеткізілді. Мектептің оқу жүйесінің негізінде музыкалық бағыт бойынша оқытудың жеке нысаны жатыр. Бұл мектеп оқытушыларына әр оқушыға барынша жеткілікті уақыт бөлуге, оқушылардың білімі мен мүмкіндіктеріне сәйкес мамандандырылған дайындық бойынша негізделген және сыналған бағдарламаларды тәжірибеге енгізуге мүмкіндік береді.

Мұндай жұмыс оқушылардың өз мүмкіндіктеріне деген сенімділігін арттыруға, оқу процесіне деген қызығушылықты тереңдетуге, оқу материалын мүмкіндігінше сауатты игеруге, өзін және қабілеттерін сыни тұрғыдан бағалауға және шығармашылық ұжымда серіктестік орнатуға таптырмас құрал. 2018 жылдан бастап мектепті білім беру ісінің үздігі, Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері Қайырбек Илимбаев басқарады. Оның жетістікке деген сенімі, ұйымдастырушылық қабілеті, тәжірибесі мектеп ұжымын жаңа биіктерге жетелеуде.

Қазіргі уақытта мектепте 400- ден астам бала оқиды. Мектеп жалпы білім беру және кәсіби музыка білім беру бағыттарын біріктіретін оқу-шығармашылық процесінің күрделі жүйесі бар жалғыз оқу орны ретінде танымал. Музыкалық мектеп-интернаттың мақсаты – ауылдық жерлердегі дарынды балалардың шығармашылық қабілеттерін дамыту. Дарынды музыканттардың қалыптасуы мен дамуына зор үлес қосқан оқытушылар жетерлік. Атап айтсақ, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Р.Бимендина, ҚР Білім беру ісінің үздіктері З.Наумова, В.Брусенцов, Г.Акпарова, сондай-ақ, білім берудің Құрметті қызметкерлері О.Токарева, К.Тишмаганбетова және Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегерлері Ж.Сәрсенбеков, Б.Алимжанова.

Мектеп педагогтері Қазақ ұлттық өнер университетімен, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясымен, Тәттімбет атындағы өнер колледжімен, Облыстық біліктілікті арттыру институтымен, халық академиялық аспаптар оркестрімен, Қ.Байжанов атындағы облыстық филармониямен тығыз байланыста жұмыс істейді. Тәуелсіздік жылдарында музыка мектеп-интернатының оқушылары түрлі номинациялар бойынша 832 рет республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты мен дипломанты атанды. Олардың кейбіреулері жоғары марапатқа, тіпті, Гран-приге ие болды. Балалардың байқауға қатысуы олардың музыканттар ретінде жаңа сапалы өсуіне үлкен ынталандыру. Біз оқушыларымызды мақтан тұтамыз. Олардың жеңістері педагогтарды жаңа шығармашылық табыстарға жетуге шабыттандырады. Көптеген жылдар бойы әртүрлі бөлімдерде облыстық, республикалық және халықаралық байқаулардың жеңімпаздардың бірнеше ұрпағын тәрбиелеген Е.Герасименко, Е.Вахрушева, Б.Бекенов, Г.Турганбаева, Г.Букина, Г.Амержанова сынды ардагерлер мен оқытушылар жұмыс істейді. Мектептің көптеген түлектері ҚР жоғары оқу орындарында, жақын және алыс шет елдерде мысалға Қырғызстан, Ресей, Германия, Италия, Англия, АҚШ-та кәсіби білім алады. Өз қызметін мемлекетіміздің мәдениетін дамытуға арнаған «Астана-Опера», Президенттік оркестр, Алматы қаласының мемлекеттік үрмелі оркестрі, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің үрмелі оркестрі, қазақ халық аспаптары оркестрлері сияқты ҚР үздік шығармашылық ұжымдарында қызмет атқаратын түлектер – мектептің мақтанышы.

Оқу орнындағы көпжылдық дәстүр ұрпақтар сабақтастығы болды. Ж.Оспанова, И.Моргун, Л.Жакеева, А.Таликбаева, А.Аужанова, С.Бектемирова, Ж.Балтабаев сынды мектеп түлектері ЖОО бітіргеннен кейін өздерінің тәлімгерлерінің жұмысын лайықты жалғастыру үшін өздері білім алған білім ордасына ұстаз болып оралды.

Зарина ЖҰМАНОВА, Мамандандырылған музыка мектеп-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі.

Басқа материалдар

Back to top button