Руханият

Салмақты пікірлер сабақталды

    Қарашаның 28 жұлдызында Ж.Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспірімдер кітапханасында ҚР Тұңғыш Президенті күні қарсаңында «Оn-line» режимде бірлесе пікірлескен танымдық кездесу өтті.

Виртуалды интеллектуалды жүздесуге аталған кітапхана ұжымы, М.Әуезов атындағы Қарағанды қаласының орталық кітапханасы, Теміртау қаласындағы Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығы және Алаштың алыс түпкірінен Ақтөбе облыстық Сағи Жиенбаев атындағы жасөспірімдер кітапханасы ат салысты.  Жалпы бұл шараның мақсаты, Елбасының ұстанымын, халық үшін жасаған ерен еңбегін үлгі етіп, жастарды Отанын, халқын, жерін сүюге, батылдыққа, азаматтыққа, патриоттыққа тәрбиелеу еді.

Ж.Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспірімдер кітапханасының мәжіліс бөлмесінде Елбасына арналған «Халқым деп соққан жүрегі» атты кітап көрмесі қойылды. Шараның көрермені ретінде Қарағанды Мемлекеттік Медицина Университетінен 2-003 жалпы медицина тобының студенттері, аға оқытушылары Кәмшат Әбдрахманова мен Сәкен Аралбай, Қазтұтынуодағы Қарағанды Экономикалық Университетінің студенттері, №1 және №45 мектеп-гимназиясының жоғарғы сынып оқушылары, кітапхана оқырмандарынан құралған «БОТА» жастар интеллектуалды орталығының мүшелері қатысты.

Әңгіменің әлқиссасы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын орындаудан басталды. Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығы аудиториясының модераторлары мен Ж.Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспірімдер кітапханасы аудиториясының модераторлары өзара ой бөлісуге қызу кірісті.

Ж.Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының басшысы Нұргүл Қаленова, сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясының мүшесі, «Қазақ халқының мұрасы» кітабының авторы  Нұржан Жұмжұмаев, Академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, саясаттанушы Айдос Бәдел Елбасы еңбектерінің ерекшеліктері жөнінде сөйлеп, ой өрбітіп отырды. Ақтөбе облыстық С.Жиенбаев атындағы жасөспірімдер кітапханасы аудиториясының модераторлары Тұңғыш Президент хақындағы сауалдарға жауап беріп, Елбасыға арнау өлеңдерін оқыған оқушы жастар белсенділік көрсетті. Тұңғыш Президент күнімен құттықтау, сәлемдесу мен өзара танысу бөлімінен кейін қызу сұрақ-жауаптар уақыты іске қосылды. Әсіресе, Қарағанды Медицина университетінің ұстазы, философия ғылымдарының докторы Алма Мырзабекова Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы жайында екі тілде тұщымды түсініктеме беріп, бағыт-бағдар көрсетті.

Тізгінді Ж.Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспірімдер кітапханасы аудиториясының модераторы алып, іс-шараға арнайы дайындалған сұрақтарды талқылауға көшті. Сұрақтар тақырыпқа қатысты және қазақ-орыс мектептерінен түскен ұсыныстарға байланысты екі тілде жолданды. Мысалы, «Елбасының мазмұнды мақаласы сіздерге қандай серпіліс сыйлады? Осы мәселе жөнінде сөз қозғасақ?». Әр тарап өздеріне берілген уақыт бойынша сұрақтарды талқылап, жауап беріп отырды. Қатысушы жастар да сұрақтан тыс қазіргі саяси тұрақтылық жөніндегі пікірлерін ортаға салды. Оларға саясаттанушы, әдебиеттанушы, өнертанушы  азаматтар құнды мәліметтерін ұсынды. Тұңғыш Президент тақырыбы кеңінен талқыланды. Сөз соңында модераторлар екі сағаттық саяси-әлеуметтік, қоғамдық әңгімелер жөнінде қорытынды сөздерін білдіріп, бір-бірлеріне алғыс айтып, осындай рухани танымдық тақырыпқа әлі талай оралатындарын жеткізді.

Жәнібек ӘЛИМАН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button