АймақБалқаш

Сала саңлақтарының салтанаты

Медицина қызметкерлері күні аясында кәсіби мерекеге орай Балқаш қаласында жауапты міндет арқалаған ақ халатты абзал жандарға арнайы құрмет көрсетілді. Шаһар басшысы өңірдегі адам жанының арашасы болған медицина қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады.

Сурет қала әкімдігінің баспасөз қызметінен

– Ақ халатты абзал жандарды кәсіби мерекесімен құттықтаймын. Бұл жандар өзгелердің өмірі мен денсаулығы үшін күн-түн демей демалыссыз жұмыс істейді. Қаншама адамның жанына дауа, тәніне шипа тауып, адам өміріне араша түсетін еңбектеріңіз ерекше. Мереке күндерінде де отбасының емес, науқастардың жанынан табылады. Адам баласына өмірде білім, мәдениет және денсаулық керек. Басты байлық – денсаулық. Сондықтан да, медицина саласына көңіл бөлу, дамыту өте маңызды, – деп атап өтті қала әкімі Сапар Сатаев.

Бұл күні жиынға қатысушылар ақ халатты абзал жандарға жылы лебіздерін білдіріп, бірқатарын марапаттады. Жаңа қазақстандық қоғам құру ісіндегі табысты еңбегі және облыстың қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысқаны үшін Қарағанды облысы әкімінің Алғыс хатымен Балқаш қаласының медициналық колледжінің оқытушылары Серік Пшенбаев, Бахыт Тулебаева, Сапура Омарқұлова марапатталды. Сонымен қатар, Балқаш қаласы әкімінің Құрмет грамотасы 21 медицина маманына және Алғыс хат 11 адамға табысталды. Бұл жолы «Үздік стационарлық дәрігер» номинациясы Балқаш қаласы көпсалалы ауруханасының хирург дәрігері Андрей Пакке, «Үздік медбике» номинациясы №2 емхананың бас медбикесі Гүлзат Жұматаеваға берілді. Сондай-ақ, әрқайсына 50 мың теңге көлемінде сертификат тапсырылды.

Президенттің тапсырмасына сәйкес, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына ерекше үлес қосқан жандар елеусіз қалған жоқ. Балқаш қаласы көпсалалы ауруханасының ғимаратқа қызмет көрсету жөніндегі жұмысшысы Равиль Замалетдинова, аталмыш мекеменің аула сыпырушылары Бағлан Жүсіпов, Сейтқазы Абдуллин, №2 емхана тазалықшысы Перизат Айтбекова, Балқаш қаласы медициналық колледжінің электригі Берікбай Ахметжанов, облыстық психикалық денсаулық орталығы Балқаш бөлімшесінің уақытша бейімдеу және детоксикация орталығының санитаркасы Мария Тютенева қала әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

– Медицина саласында қызмет етіп келе жатқаныма бірнеше жыл болды. Кәсіби мереке кезінде еңбегіміз еленіп жатқанына шын жүректен қуаныштымын. Бүгінде жаңа технологияның арқасында денсаулық сақтау саласы қарқынды дамып келді. Осындай қолдау барда халықтың денсаулығы үшін аянбай еңбек етуге дайынбыз, – деді Балқаш қаласы көпсалалы ауруханасының хирург дәрігері Андрей Пак.

Шағын шаһарды салтанатқа бөлеген мерекелік шара Балқаш қаласының мәдени-сауық орталығы өнерпаздарының концертіне ұласты.

Айта кетейік, өңірде денсаулық саласының дамуына зор басымдық беріліп отырғаны белгілі. Премьер-Министр Олжас Бектенов «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында медициналық мекемелерді салу және жаңғырту үшін Үкімет резервінен 39,9 млрд. теңге бөлу туралы Қаулыға қол қойды. Бөлінетін қаржы аясында Балқаш қаласының Орталық ауруханасын күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қосымша құрылғылар алынатын болды.

Нұрдос КӘРІМ,
БАЛҚАШ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button