Жаңалықтар

Сайлауға – сақадай сай

      Сейсенбі күні Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында облыстың аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Ерқара АЙМАҒАМБЕТОВТІҢ қатысуымен «2017 жылғы 28 маусымына белгіленген ҚР Парламенті Сенаты сайлауына үміткерлер туралы ақпарат» тақырыбында баспасөз мәслихаты өтті.

Естеріңізге сала кетсек, ҚР Парламенті Сенатының депутаттарын сайлауды 2017 жылғы 28 маусымға тағайындау туралы Елбасы Қаулысына сәйкес, биылғы 28 маусымда Сенат сайлауы өтеді. Бұл туралы облыстың аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы мәлімдеді. Оның айтуынша, бір мандатқа облыс бойынша 6 үміткер ұсынылды. Яғни, И.Ахмадишин, С.Водько, А.Исағұлов, Ш.Осин, А.Садырбаева өзін-өзі ұсынған болса, депутаттыққа үміткер Р.Әбдікеров Шет ауданы мәслихатының шешімімен ұсынылған екен. Барлық үміткерлердің жоғары білімі бар. Олардың арасында дәрігер, инженер, ғалым, экономист, құқықтанушы және саясаттанушы бар. Алайда, С.Водько мен Ш.Осин өз еріктерімен сайлауға қатысудан бас тартса, А.Садырбаева тиісті құжаттарын өткізбеуіне байланысты тіркеуден өтпеді. Сөйтіп, облыстың сайлау алқасымен ұсынылған 3 үміткер тіркелді. Олар – облыстық мәслихат хатшысы Р.Әбдікеров, ғалым, Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің бірінші проректоры А.Исағұлов және Ұлы Отан соғысының қатысушыларына медициналық көмек орталығының директоры И.Ахмадишин.
– Биылғы 8 маусымда Сенат кандидаттары сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарына кіріскен болатын. Насихат жұмыстары осы айдың 27 жұлдызына дейін жалғасады. Тіркелген үш үміткер  облыстың мәслихат депутаттарымен кездесу кестесін иеленді, – деді Ерқара Аймағамбетов.
Сенат сайлауын өткізу барысында облыста сайлаушыларды электронды тіркеу қызметі жұмыс атқармақ. Ол өз кезегінде онлайн режимде сайлаушылар туралы барлық ақпаратты, сонымен қоса, алдын ала қорытындылау мәліметтерін ҚР Орталық сайлау комиссиясының ресми сайтына жолдап отырады. Ал, сайлаушылардың бірлескен отырысын өткізу орны болып Кеншілер мәдениет сарайы белгіленді.

Рауан ҚАБИДОЛДИН.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button