Саф алтынның сынығы
Ол – саф алтынның сынығы, асау ағыстың тұнығы, әр жағына үңілсең – Абылайдың айтулы баһадүр билерінің бірі һәм бірегейі Сеңкібай, бер жағына қарасаң – Алашорда көсемдерінің бірі, қазақтың осы күнгі шекарасын белгілеп берген Әлімхан Ермеков, Алаш – Алаш болғалы қаннан қазақтың тектілігі мен бекзаттығы үзілмей, елін өгіздей өрге сүйреп келе жатқан Қаракөктің тұқымы, «айдаса қойдың көсемі, сөйлесе қызыл тілдің шешені, ұстаса қашағанның ұзын құрығы, қалайылаған қасты орданың сырығы, билер отты би соңы, би ұлының кенжесі, буыршынның бұта шайнар азуы, бидайықтың көл жайқаған жалғызы, бұлт болып Айды ашқан, мұнар болып Күнді ашқан, мұсылман мен кәуірдің арасын бұзып дінді ашқан» (Қазтуған) ақсүйек еді! Көресінін көріп, өткелектен өтіп, ХХ ғасырдан ХХІ ғасырға әзер тұяқ іліктіріп, фәниден бақиға ол да көшіп кетті…
Мен көргенде, ол қырықтың қырқасындағы жігіт ағасы еді. «Восток» совхозының директоры. КПСС-тің 25- ші съезінің делегаты. Аупорткомның пленумдары мен ауаткомның сессияларында шашын шалқасынан қайырып, азаматтық болмысын асқақ ұстап отыратын жалғыз директор осы еді. Ауатком, обком хатшыларының сөзін жүре тыңдаған. Елді қойша өргізіп, жусатуға әбден дағдыланып алған советтік-комунистік номенклатураның оны атарға оғы жоқ еді!
Қарқаралының жасыл орманында екеуден екеу сұхбаттасып отырған бір күні Хәкім Зәкішев: – Мына совет өкіметі бір күні құлайды! – деді.
Менің зәрем ұшып кетті…
Ол Евгений Евтушенконы жанындай жақсы көруші еді.
Екеуі де алпысыншы жылдардағы хрушевтік «жылымықтың» түлегі. Советтік репрессияны басынан кешкен. Құл құрған қоғамға ұзында – өші, қысқада – кегі кеткен.
Бір күні ол Мәскеуден Евтушенконың бір кітабын алып келді. «Утрений народ» деп аталады. Сондағы «Пятнадцать мальчиков» деген өлеңді маған қалай талдап бергені әлі есімде.
– Бұл біздің Политбюро туралы өлең! – деп еді.
Брежнев шәйіт болып, орнына Андропов келген. Іле-шала Андропов дүние салып, Черненко бас хатшы болып жатқан.
«Осы өлеңді сен аударшы! Қазақ ақындарында мұндай жыр жоқ…» деді көкем.
Мен тәржімалап шықтым. Бұл Жапонияда коммунистік идеяға мастанған он бес бала туралы өлең еді. Бәрі көсем болғысы келіп, бірін-бірі өлтіреді… Өлең:
Осындай небір пақыр, сұм,
Ынтызар болса баланың мұндай ойынына –
Достоевскийдің «Нақұрысын»
Күллі революцияның тұмар ғып тағам – мойнына!
Адамдар енді тарихтың бетін қанменен жуындырып та,
Бір-бірін өстіп өлтірмес үшін өңештен буындырып та.
Не істеймін енді?! Дәрменім, шамам жоқ шыдар!
Он бес бала еді…
Ал, мүмкін, одан көп шығар?! – деп аяқталады.
Хәкім Зәкішев ойына не келсе, соны жасаған осы «он бес баланың» заманында ғұмыр кешті. Өмір өксіген. Өзегіне – өрт, көкірегіне – дерт толған. Бірақ, ол Қарқаралының қарағайындай тік тұрды – құлаған жоқ!
Осы «он бес баланың» қоғамдақ жүйесіне жан-тәнімен қарсы болып өтті. Өле-өлгенше осы «он бес бала» оны тығырыққа тіреп, алтын басын сергелдеңге салды…
Мен өлең жазған сайын осымды Хәкім Зәкішев қалай көрер екен деп ойлаушы едім.
Қазір әрбір жырымды жазарда осыны Хәкім көкемнің аруағы қалай қабыл көрер екен деген дүдәмал ойда отырамын…
Ол Испанның ұлы философы Хосе Ортега и Гасеттің «Тобырдың төңкерісіне» қасқайып қарсы шыққан тандаулыларының бірі һәм бірегейі еді. Биыл Хәкім ағамның фәниден бақиға көшкеніне он жыл болғанда, сол Хосе Ортега и Гасеттің «Тобырдың төңкерісі» деген ұлы еңбегін қайта бір шолып шыққанда, көзіме мына бір жолдар оттай басылды: «Егер де қатарынан бірнеше ұрпақ ой еңбегіне іс жүзінде қабілетті, яғни, өнеге болуға лайықты, өзекті міндеттерге жауап берерлік деңгейдегі адамдарды дүниеге әкелмеген болса – қалың бұқараның ойлау қабілеті мен интелектуалдық қуаты сарқылады. Егер бір ел ғасырлар бойы зорға күн кешіп келе жатса, оның себебін, міндетті түрде, не ірі тұлғалардың болмауынан, не бұқара халықтың оларға мойынұсынбауынан іздеген жөн. Ал, егер осы екі себеп бірдей қатар орын алса, ондай елдің күні мүлдем қараң дей беріңіз. Ал Испанияны кеулеп бара жатқан ауыр дерт жайына оралар болсақ, мен оның дұрыс диагнозы – аристофобия, яғни, жақсыларды жек көрушілік дер едім…»
Хосе Ортега и Гасеттің осы толғамына Хәкім Зәкішевтің күллі ғұмырнамасы сыйып тұр. Қасиетті де, қасіретті өмірі… Топырағың торқа болғай, Хәкім Аға!
Қайран анаң ақын болсын
деді ме,
Бір өксік бар өзегіңде
қап қойған.
Қайран әкең хәкім болсын
деді ме,
“Хәкім” деген ат қойған.
Әкім болып
толтырғанда төріңді,
Өр ұлыстан айыл жимай,
өр үнді –
Кремльдің сарайынан көзіңе
Кәпір емес –
Ер Сеңкібай көрінді!
“Уа, армысың!
Бармысың сен, құлыным?!” –
Естідің де ұлы атаңның
ұлы үнін:
“Мені тастап қайда кеттің?!”
– деп сонда,
Көк Бөріше көкке қарап
ұлыдың!
Орындары ойсыраған көп текті,
“Аһ!” дегенде аузынан кеп от төкті.
Сен тексіздей бас имедің
заманға,
Бас игендер –
Бақа-шаян боп кетті…
Дулығасы қасқияды қақ төрден,
Қылыш та тұр жаудың
басын қақ бөлген.
Көк Бөрінің күшігіне сол кезде
Көк ит бастап, көп ит қоштап –
тап берген!
Сары ит пенен қара ит
сонда қоса үріп,
Ойда қалды ойындары осылып:
Әкімдікке –
Хәкімдігің қосылып,
Хәкімдікке –
Ақындығың қосылып,
Батырлығың қосылып…
Қарағай ең – отқа тие тұтандың,
Бекзат едің – жұлыныңнан
жұқардың,
Сеңкібайдан қалған соңғы
тұяқ ең,
Арасында – өңкей құл мен
құтанның!
Жау қашырар бір батырдың
айғайы,
Дау қашырар бір ақынның
таңдайы.
Бір жақсыдан бір-ақ тұяқ
қалса да,
Бір қауымның жарқырайды
маңдайы.
Кезеңді асып, өзенді асып,
өртенді,
Қайдан табам көз арбайтын
көркемді?
Қарқаралы – хан жайлау-ды
сен барда,
Сен кетіп ең – қара орманым
өртенді!
…Заман көшті. Көк пенен
Жер күңіренді,
Дүние бір сұрқия сұр түрге енді.
Сеңкібайдың аруағына
тапсырдым,
Бақа-шаян басып алса
бұл жерді!
Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ