Ел несібесін еселегендерге құрмет
Несібесін қара жерден айырып отырған ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер бұл еңбектің оңай емесін біледі. Оған үлкен шыдамдылық пен табандылық, күш-қайрат керек. Ауыл шаруашылығы саласы ел дамуының басты бағыттарының бірі екені даусыз. Бұл сала аймақта да жетекші орынға шығып келеді. «Агроөнеркәсіп кешені экономикадағы басты қозғаушы күштің біріне айналуға тиіс», – деген еді Мемлекет басшысы өткен аптада Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында. Ауыл шаруашылығы бәсекеге қабілетті озық сала болуына бизнес те, мемлекет те мүдделі екенін жеткізді. Бұл ретте осы салада тер төгіп жүрген жандардың ерен еңбегін атап өтпей болмайды.
Кеше аймақта ауыл шаруашылығы, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің күніне орай сала мамандары марапатталды.
Жиналғандарды құттықтаған облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев ауа райының тосын мінезіне қарамастан, облыс жақсы нәтижелерге қол жеткізгенін атап өтті. 1 миллион 300 мың тонна астық пен 400 мың тоннаға жуық картоп жиналғанын мақтанышпен жеткізді.
– Бұл – сіздердің еңбектеріңіздің жемісі, – деді облыс әкімі. Фермерлерімізге «Бәйтерек» холдингінің даму институты айтарлықтай қолдау көрсетуде. «ҚазАгроҚаржы» АҚ Қарағанды филиалы биыл 10 млрд 600 мың теңге сомасына 5% мөлшерлемемен 700-ге жуық ауыл шаруашылығы техникасын лизингке берді. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы облыстың 570 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері 19,5 млрд теңге сомасына жеңілдетілген несие алды. Мал шаруашылығының дамуын ерекше атап айтқым келеді. Ірі қара мал басы 17,6%-ға, жылқы – 15%, қой мен ешкі – 16%-ға өсті. Соған сәйкес, ет өнімдердің көлемі де өсуде. Бұл – сіздердің жұмыстарыңыздың нақты нәтижесі.
Сонымен қатар, аймақ басшысы «Ауыл аманаты» бағдарламасына тоқталып, жыл соңына дейін 612 шағын несие берілетінін, 816 жаңа жұмыс орны мен 60 кооперативтің құрылатынын жеткізіп, үздік мамандарға марапаттарын табыстады.
Ауыл шаруашылығы министрлігі аппаратының басшысы Марат Оразаев, Ұлттық ғылым академиясының академигі, профессор Серғазы Әдекенов, «Шанс» шаруа қожалығының басшысы Игорь Жабяк сала мамандарын құттықтап, «Құрмет» ордені, «ІІІ дәрежелі Еңбек Даңқы» ордені, «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» медальдарын, облыс әкімінің және ведомстволық министрліктің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарын табыстады. Сондай-ақ, «Үздік малшы», «Үздік құс өсіруші», «Үздік комбайнер», «Үздік агроном» аталымдары бойынша үздіктер марапатталды. Сонымен қатар, сүт өнімдерін, астық және ет өңдеу ісіндегі үздік кәсіпорындар да құрметке ие болды.
«Үздік агроном» атанған Сергей Бутузов қазіргі уақытта агрономдардың саусақпен санарлық екенін айтады.
– Бұл салада 50 жыл еңбек еттім. Зейнекте шықсам да, әлі білгеніммен бөлісіп келемін. Қазір агрономдар тапшы. Өнімнің көлемінен гөрі сапасына мән берген дұрыс. Ол үшін жерді сақтау керек, оның өнімділігін арттыру керек. Мұны мен жарты ғасыр бұрын айтқам, қазірде соны айтамын, жер – тірі, – деді ол.
Салтанатты шарада Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің әртістері, «Tengri» этно-бэнді, Маржан Арапбаева әннен шашу шашып, «Вдохновение» би ансамлі өнер көрсетті. Жиналғандар ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілердің көрмесін тамашалады.
Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz