Дамудың негізгі кілті
Өңірде салықтық бақылау тиімділігі 43%-ға артқан. Бұл туралы толығырақ облыстық мемлекеттік кірістер департаменті басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Алданыш Адамбеков Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен өткен баспасөз конференциясында баяндады.
Осы жылдың 9 айындағы кезеңде мемлекеттік бюджет бойынша 436 млрд. теңге, республикалық бюджет бойынша 178,2 млрд. теңге, жергілікті бюджет бойынша 248,0 млрд. теңгелік түсім қабылданған. Жоспар орындалысы – 104%. Бюджеттің кіріс бөлігін толықтыруда кездесер кедергі де жоқ емес. Ол – салықтан жалтарған жандармен күрес. Облысымыздың салық төлеушілері мемлекет тарабына 25 058,7 млн. теңге сомасында салық берешегін қайтарып берген.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында фискалдық реформаның табысты болмағы үшін басқару үдерісін толық цифрландыру жолымен жүзеге асыру қажет екенін айырықша атап өтті. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту және ашықтықты қамтамасыз ету үшін салық саласының үдерісі атаулысын электронды форматқа көшіруді жеделдету қажет. Сонымен, Президент тапсырмасын орындау мақсатында жалпы, облыс бойынша жыл соңына дейін департамент тарабы 863 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсеткен болса, оның 99,5%-ы электрондық сұрау салу арқылы іске асқан.
Мемлекеттік кірістер органдарының атқарып жүрер істерінің бірі – бюджеттің кіріс бөлігін қамтамасыз ету әрі салық төлеушілер міндеттемелерінің орындалуын бақылау. Мұндай амалдардың бір түрі салық төлеуші ұсынған есептілігін, уәкілетті мемлекеттік органдар мәліметтерін, сондай-ақ, салық төлеушінің қызметі туралы басқа да құжаттар мен мәліметтерді зерделеу негізінде салық органдары жүзеге асыратын камералдық қадағалау. Жүргізілген жұмыстың нәтижесінде республикалық бюджетке 8 796,7 млн. теңге түскен. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда түсім 31%-ға артқан. Есесіне камералдық бақылаудың тиімділігі де 43%-ға жетіп жығылған. Департамент өз кезегінде құқық қорғау органдарының атына болжамды залал сомасы 19 632 млн.теңгеге жалған шот-фактуралар жазып беру белгілері жайлы бюджет қаражатының жоғалуы туралы 62 қорытынды жолдаған. Бүгінгі күні құқық қорғау органдары тиісті іс-шараларды жүргізіп, Қазақстан Республикасы Құқықтық кодексінің 216-бабы бойынша жұмысын нақты орындамай, яки, қызметтер көрсетпей, тауарларды тиеп-жөнелтпей, шот-фактура жазып беру бойынша іс-әрекеттер жасау фактісі бойынша 6 596 млн. теңге сомасына 10 қылмыстық іс қозғаған.
Мемлекеттік кірістер органдарының негізгі міндеті – бюджеттің кіріс бөлігін толықтыру. Ал, салық саясатының қаншалықты тиімді екендігі алдымен, бұқара халықтың әл-ауқатына байланысты. Бұл – әлеуметтік сала, мемлекеттік қызметшілердің, оқытушылардың, дәрігерлердің жалақысы. Бүгінгі таңда жергілікті салықтар бойынша берешек көлемінің өсуі де байқалады. Нақты сомасы 54 460 жеке тұлға бойынша 1 085,9 млн. теңгені құрады.
– Сонымен, мемлекеттік бюджет жоспарының артығымен орындалуы мен камералдық бақылаудың тиімділігін арттыру – экономикалық тұрақтылық пен әділеттіліктің айқын көрінісі. Алайда, салықтық берешектің өсуі мен жалған құжат айналымы сияқты мәселелердің барлығын білесіздер. Түптеп келгенде, салық төлеу – әр азаматтың заң алдындағы жауапкершілігі ғана емес, ел болашағына қосқан үлесі. Қоғам болып бірігіп, заңдылық пен ашықтық қағидаттарын берік ұстанған кезде ғана біз экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етіп, әлеуметтік әділеттілікті нығайта аламыз. Мемлекет басшысы атап өткендей, толық цифрландыру мен жемқорлыққа қарсы тиімді іс-шаралар – табысты дамуының негізгі кілті. Ендеше, әр азаматтың адал еңбегі мен жауапкершілігі елдің өркендеуіне негіз болсын! – деп түйіндеді сөзін Алданыш Адамбеков.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz