Спорт

Саңлақтарға сыйақы бар

   Алматыдағы Универсиадада жүлделі орындардан көрінген қазақстандықтар мен олардың бапкерлері қомақты сыйақыға ие болмақ. Бұлардың қатарында қарағандылықтар да бар.

Естеріңізде болса, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы ел мерейін асырған спортшыларға сыйақы қарастырылғанын айтқан еді. Алтын медальға – 4,9 млн. теңге, күміс медальға – 3,3 млн. теңге және қола медальға 1,6 млн. теңге берілетінін мәлімдеген-ді.

Универсиада ойындарына Қарағандыдан 11 спортшы қатысты. Олардың арасында екі жерлесіміз – конькиші Екатерина Айдова мен шаңғышы Сергей Малышев жүлдемен оралды. Екатерина қос қолаға қол жеткізсе, Сергей командалық эстафетада күміспен күптеліп, масс-старт сынында қоланы қанжығалады.

Сондай-ақ, осы Универсиадада хоккейден ерлер құрамасы екінші орын алғаны белгілі. Команда сапында Қарағанды облысында туған үш өрен және бүгінде облыстағы клубтарда ойнайтын үш жігіт өнер көрсетті. Олар – Мадияр Ибрайбеков пен Иван Степаненко (екеуі де – «Номад» ХК, Астана қ.), Никита Михайлис («Барыс» ХК, Астана қ.), Георгий Дульнев пен Антон Сагадеев (екеуі де – «Сарыарқа» ХК, Қарағанды қ.) және Александр Писарев («Теміртау» ХК, Теміртау қ.).

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының хабарлауынша, қазіргі таңда сыйақы беруге қатысты құжаттар дайындалу үстінде.

Қазіргі кезде Е.Айдова мен С.Малышев Жапонияда. Күншығыс елінің Саппоро қаласында 19-26 ақпан күндері VІІІ Қысқы Азия ойындары өтеді. Екеуінен бөлек, ел құрамасы сапында қарағандылық конькишілер – Артем Крикунов пен Станислав Палкин, шаңғышы Александр Малышев жарысқа түседі.

Нұрқанат ҚАНАФИН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button