Руханият

Сөз рухы сілкінген күн

Арқа жұрты бір кезеңде жаһанға өркениет таратқан ұлы халықтың болмысын қаламымен жаңғыртқан Төреханын төріне шығарды. Қалың оқырман таңнан кешке дейін қаламгердің шығармашылығымен сусындады. Әуелі Н.Гоголь атындағы облыстық ғылыми-­әмбебап кітапханасында «Алжыған ғасыр» кітабының тұсауы кесілді. Содан кейін, Сәкен театрында «Ең алдымен сөз болған…» атты әдеби­-танымдық кеш өтті. Ауқымды іс­-шараның барлығы жазушы, этнограф Төрехан Майбастың 70 жас мерейтойы аясында ұйымдас­тырылды.

Кітапханадағы тұсаукесерге Қарағандыны былай қойғанда, қазақ байтағының түпкір-түпкірінен қаламгерлер келді. Олар Төрехан Майбасқа ізгі тілегін, лебізін жеткізу үшін арнайы алыстан ат арытып келді. Бұны – қалам иесіне деген зор құрмет деп қабылдадық. Кітаптың тұсаукесерін Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің ректоры, заң ғылымдарының докторы, профессор Нұрлан Дулатбеков пен ақын Жұмағали Қоғабай және қоғам қайраткері Қайырбек Сәдуақасов жасады. Құрметті меймандар да сөз алып, авторға лебіздерін айтты.

– Өлкетанушы ретінде арғы-бергі тарихымызды түгендеп, құнды кітаптарды жарыққа шығардыңыз. Қалың оқырман қадіріңізді біледі, бағалайды. Осы кештің бәрі сол халқыңыздың ыстық ықыласы деп біліңіз. Жолдың шалғайлығына қарамай, небір жақсы-жайсаңдар келіпті. Осының өзі Сіздің жоғары деңгейдегі қабырғалы қаламгер екеніңізді дәлелдеп тұрғандай. Мерейтойыңыз құтты болсын! Жазар таусылмасын! Қуат тілеймін, – деді Нұрлан Дулатбеков.

Ал, «Ең алдымен сөз болған…» әдеби-танымдық кеші Төрехан Майбастың «Көкбөрі» пьесасымен басталды. Кең залдың ішін жаһанның жартысын уысында ұстаған алапат рух кезгендей. Автор «Міне, жұртым, сенің рухың осындай! Кеудеңдегі бұлқынған дауысты сезін» деп үн қатқандай. Жүздеген жылдар бұрын көзі жеткен төңіректі билеген бабаларымыз хақында тіл қатты. Актерлер аядай ғана сахнада бөрілі байрақ астындағы дуылғалы баһадүрлер Азияны шауып өткендей күй кештірді.
Кеш тізгінін филология ғылымдарының докторы Жансая Жарылғапов алды. Ол кеш кіріспесінде Төрехан Майбастың шығармашылығы мен болмысы хақында ой толғады. Еңбегімен Арқаға ғана емес, бүтін қазаққа қадірлі болған ақсақалдың алапасын асырды. Халқы қошемет соғып, құрмет көрсетті. Сол сәтте мың құбылған қаңтардың қас-қабағынан қорықпай, жазушысын іздеп келген оқырманның ыстық ілтипатын көрдік.

Сахнаның төріне шақырылған мерейтой иесімен сұхбат өрбіді. Төрехан Майбас ғаламның жаратылысы жөнінде толғана сөйледі. Сөздің құдіретін айтты. Шығармашылық жолын поэзиямен бастаған Төкең қара өлеңге де ой құрығын шалды. Актерлер кеш иесінің өлеңдерін мәнерлеп оқыды.

Әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәуренбек Әркенов Ақан серінің «Маңмаңгерін», әнші Ерлан Төлеутай Мәдидің «Қаракесегін» шырқады. Осылайша, Төрехан Майбастың қаламымен сөз болып суреттелген қазақтың асқақ рухы ән кейпіне енді.

Кештің ресми бөлігінде облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын сөз алып, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин мырзаның құттықтауын жеткізді.

– Халқы құрметтеген Төрехан Майбастың мерейтойын осыдан бір ай бұрын облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев ашып берген еді. Бір ай дүбірлеген тойдың қорытындысына да куә болып отырмыз. Әдебиет әлеміне жасыңыздан жақын болғаныңызды жақсы білеміз. «Кератты» жазғанда, жасыңыз небәрі жиырмада ғана екен. Бұл – таңғаларлық құбылыс. Шығармаларыңызды жата-жастана оқып өстік. Жазушылықтағы орныңыз бір бөлек. Этнографиядағы салған соқпағыңыз – өз алдына бөлек әңгіме. Тойыңызбен құттықтаймыз! – деді Ерлан Құсайын.

Елордадан Парламент Мәжілісінің депутаттары Құдайберген Бексұлтанов пен Нұрлан Әуесбаев арнайы келді. Нұрлан Әуесбаев Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошановтың құттықтауын жеткізді. Ал, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкеновтің сәлемін ақын Бағдат Мүбәрак жеткізді. Сонау Маңғыстау облысынан Алаштың аяулы ақыны Светқали Нұржан – құрметті меймандардың қатарында.

– Ассалаумағалейкүм, Сарыарқаның ардақты елі, саңлақ, ері, құндақ белі! Қазақтың Ақселеу Сейдімбегі өзінің көк тасына «Көктегі күнге, жердегі еліме мейрімім қанбады» деп жазып еді. Мен де құлпытасыма жазылатын сөзді жазып қойдым. «Қазақ, сенің қазынаңды, Маңғыстау, сенің мағынаңды ашамын деп тілімнің бар бояуын жұмсадым. Сол бояу – жүрегімнің қаны еді» деп, Қазына іздеп жүрген қазақпыз. Сарыарқа – қазақ рухының шоқтығы. Бұл шоқтық аласарса, еңсеміз шөгіп кетеді. Арғысы Қазыбек би, бергісі Қасым Аманжоловтан жалғасып келе жатқан сөз рухы осында. Сол асыл- дардың жалғасы, кеудесінің кебежегі, құлағының шарбағы, көкірегінің сарайы бүтін Төрехан Майбастың қазынасын қазып жүргендердің бірі едім, – деді Светқали Нұржан.


Дүбірлеп өткен мерейтойға жазушының кіндік қаны тамған шежірелі Шет өңірінен аудан әкімі Мұхит Мұхтаровтың жетекшілігімен арнайы делегация келді. Делегацияда Төрехан Әкімжанұлының рухани ұстазы, белгілі жазушы Өмір Кәріп ақсақал бастаған елімізге белгілі 30-ға жуық ауданнның зиялы қауым өкілі мен азаматтары болды.

Шет ауданының орталығы Ақсу-Аюлы ауылындағы Ы.Төлегенов атындағы ән-би халық ансамблінің өнерпаздары де кеш иесінің шашбауын көтеріп, ән-жырдан шашу шашты.

Шет ауданының әкімі Мұхит Мұхтаров аудан халқы атынан жылы лебізін білдіріп, құттықтау хатын табыстады.

Жазушының иығына қазақы дәстүрмен оқалы шапан жауып, астына ат мінгізді.

Өмір Кәріп ақсақал да жолынан жығылмай ыстық ықыласын жеткізіп, арда ұлын ардақтап жатқан азаматтарға риясыз ризашылығын білдірді. Өз атынан рухани бауырына ат мінгізіп, құрмет көрсетті.

Осылайша, жазушының жерлестері мерейтой иесінің мерейін тасытып, төбесіне көтерді.

Бұдан кейін де айтылған лебіз бен жабылған шапан да есеп болмады. Қалың оқырман, қалың орман жұрт қаламгерін осылай құрметтеді.

Ерік НАРЫН,
Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ
Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button