Жаңалықтар

Сөз бостандығы – жоғары мәдениет, зор жауапкершілік

Жасыратыны жоқ, бүгінгі ақпарат кеңістігі алақұйын дауыл тұрғандай даурықпаға айналып барады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайдың І отырысында сөйлеген сөзінде: «Өкінішке қарай, бізде көше бұзақылары, жауапкершіліктен жұрдай блогерлер және масылдық пиғылмен айқай шығаратын адамдар бүгінгі күннің батырына айналды. Депутаттар мен атқарушы билік өкілдері соларға ғана баса мән беретін болды. Түрлі деңгейдегі шенеуніктер солардың ғана талабын орындауға жүгіреді», – деп, ащы шындықтың бетін ашты. Иә, солай… Бізде сөз бостандығын «айқайға аттан қосып, құрыққа сырық жалғау» деп түсінетіндер қатары көбейіп келеді. Президентіміз де осыны айтып отыр.

Коллажды жасаған М.Әйнекова

Ежелден қалыптасқан үрдіс бойынша, ақиқат белгілі бір дерек-дәйекке сүйеніп, қатты айтылса да, нақты айтылуы керек еді. Бізде қалай? Бізде «тисе – терекке, тимесе – бұтаққа» болып барады. Иә, ақиқат айтылу, шындық жазылу керек. Бірақ, қандай да бір ақиқатты ашудың жөн-жосығы, реті болуы керек деп ойлаймын өз басым. Ең әуелі заңды құрметтеу деген мәселе бар. Қазіргі қоғамдық жүйеде жеке бастың араздығынан бастап, құрылтайшы мүддесіне құрықталған немесе тапсырыс беруші тараптың «тапсырмасына» негізделген қойыртпақ дау-дамай, қарсы тараптың ар-намысын аяусыз қорлау секілді келеңсіз көріністер бел алып бара жатқаны жасырын емес.

Аға буын ұстаздарымыздан алып қалған «сын шын болсын» деген қағида болатын-ды. Біздің буын осы қағида талабынан ауытқымай келеді. Ал, әлеуметтік желіні қосып қалсаңыз, «атың шықпаса, жер өртенің» барлығы – осында. Қолында смартфоны бардың бәрі – журналист. Арасында «Тұтас бір БАҚ-тың жұмысын атқарып отырмын», – дейтіндері бар. Айтсын, жазсын. Еш қарсылығым жоқ. Мойындаймын, азаматтық журналистиканың белсенділігі арқылы елімізде ашық қоғамның қалыптасуы жанданып, көптеген өзекті мәселелер шешімін таба бастады. Бірақ… Кейде тым артық кетіп жатқанын бағамдап, «осы пікірімнің қоғамға кері ықпалы болады-ау», – деп жатқан блогер көрмедік. Осының барлығы қолданыстағы заңды құрметтеуге деген ниеттің жоқтығынан деп ойлаймын.

Иә, сөз бостандығы – демократиялық қоғамдағы басты құндылық. Алайда, ол мәселені ушықтыру жолымен емес, асқан мәдениет, зор жауапкершілікпен қалыптасуы керек. Кешегі індет кезінде қаншама жалған ақпараттар таратып, халықты билікке қарсы қоюдың небір қитұрқы амалдары жасалды. Көптеген жалған ақпараттың артында адам тағдыры тұрғанына да қарамадық. Әр мәселенің байыбына барып, тамырынан талдап жазған дәстүрлі БАҚ-тың берген мәліметіне, таратқан ақпаратына біздің қоғам пысқырып та қарамады. Нәтижесінде қарапайым халық шынайы ақпараттың өзіне күмәнмен қарайтын деңгейге жетті. Билік өкілдері болса, әлгі блогерлердің талабына ғана назар аударып, өздері құрылтайшы болып саналатын ресми БАҚ-тардың бар екенін ұмытып кеткен жайы бар. Бұл туралы ел Президентінің нақты пікірін жоғарыда мысалға келтіріп отырғаным да – сондықтан.

Ендеше, Жаңа Қазақстанның баспасөзі де жаңаруға пейілді. Тек қана сөз бостандығын желеу етіп, елдігімізге нұқсан келтіретін арзан пікір, арандату пиғылынан арылсақ – болғаны. Дәл осылай кете берсе, сөз бостандығы құндылық болудан қалып, синдромға айналады.

Лажы келсе, ресми БАҚ таратқан ақпаратқа жүгінейік, оқырман қауым!

Мерекелеріңіз құтты болсын, әріптестер!

Ерсін МҰСАБЕК,

«Ortalyq Qazaqstan» газетінің Бас редакторы.

Басқа материалдар

Back to top button