Сөйтсе де Оспан батыр Керей болады
(Соңы. Басы өткен санда).
Шердиманнан үш ұл мен екі қыз қалған. Үлкен ұлы-Мүсірат Іле облыстық астық мекемесінде аудармашы, екінші ұлы Асхат-Іле жүн тоқыма фабрикасында жұмысшы, үшінші ұлы Сәмет-Іле педагогикалық институтында оқытушы болып жұмыс істейді. Қыздары-Мүбина, Қарбия. Олар қазір Қытайдың Құлжа қаласында тұрады. Оспанның Ниғметолласы 1972 жылы науқастан қайтыс болады. Онда бір ұл, үш қыз болған. Ұлы Әсет-Көктоғайдың Күрті ауылы Өндірқара қыстағында тұрады.
Қыздары-Мүнира, Үмия, Үпат. Әсеттен екі ұл екі қыз. Ұлдары- Панарбек, Қадыр. Қыздары-Қания, Кәусар.
Нәбиден алты ұл, бір қыз болып, үлкен ұлы Махан Көкторғайдың қыстағында, екінші ұлы Махат та Ертіс қыстағында, үшіншісі Болат та Ертіс қыстағында, төртіншісі Нұрлан-Көктоғай аудандық халық сотында тергеуші болып істейді. Бесінші ұлы Жақаш та Ертіс қыстағында тұрады, алтыншы ұлы Өркенбек 2002 жылы Қазақстанға біржолата оралған, ҚР азаматы, қазір Түркістан қаласындағы Қ.А.Яссауй атындағы ХҚТУ-нің студенті, Оспан батыр атындағы халықаралық қайырымдылық қорының президенті. Маханнан Иматбек-бір ұл, Салтанат, Қымбат-екі қыз. Махаттан Михат, Ұһидат, Яхұп- – ш ұл, бір қыз – Сәмия. Болаттан екі қыз – Сәулет, Самал. Нұрланнан бір ұл-Парасат, Жақаштан бір ұл-Бердәулет, қызы-Сәбира.
Нәби Оспанұлы 2000 жылы қайтыс болды. Бір қызығы оның қайтыс болғандығын туыстарының хабарлауынан бұрын «Азаттық» радиосынан сол күні естіген халық жаназаға жиналды. Жергілікті сақшы және қауіпсіздік органдары жаназаға жиналған мыңнан астам халыққа абыржи қарап, оларды дереу бақылауға алды.
Оспан ұлдарынан қазіргі тірі отырғаны Әмақ, ол қазір Көктоғай ауданының Күрті қыстағында тұрады. Әмақтан төрт ұл, бір қыз. Ұлдары-Әсенжан, Әкімбек, Кәкімбек, Кәзімбек. Қызы-Нәзигүл.Оспанның ұлдарының ішіндегі үлкені мен әке тағдырына қатысты оқиғаларыды көп білетін адамның бірі үлкен ұлы Шердиман болса, бірі Нәби еді. Ал, сол Шердиман қудаланып 1973 жылы Құлжа түрмесінде қайтыс болса, Нәби 2002 жылы дүниеден өтеді».
Көрсетілген тәрбие сайтындағы https://www.tarbie.kz/30173 мақаласында «Оспан батыр Шыңжаң өлкесі, Алтай Аймағы, Көктоғай ауданының адамы. Руы керей ішінде машан, молқы» деп жазылыпты.
Бұл жерде автордың жазғандарына еш өзгеріс енгізген жоқпын және кісі аттарында сәл-пәл өзгертіп жазғанын да қалдырдым, себебі оқырман алдыңғы жазылған кісі аттарын тани алады. Екінші айтарым, Өркенбек бұл күнде Түркістандағы Яссауй атындағы Қазақ-Түрік университетін тәмамдап, Алматыда тұрады екен. Осы мақаланы даярлау кезінде іздестіріп таба алмадым, ағайындар «Өркенбек қазір кәсіпкер, оңтүстік Кореяда жүр», деп мәлімет берді. Интернетте Өркенбек ұлды болды деген де мәлімет жүр, бірақ баланың аты жазылмаған. Үшінші, Өркенбек жұрт айтып жүргендей Оспан батырдың немересі емес, Баяхмет Жұмабайұлының шежіресінде көрсетілгеніндей шөбересі көрінеді. Мұны маған алғаш айтқан Арыстан Тосын ағамыз болатын. Мүмкін, қазақы дәстүрмен Нәби атасының бауырында, баласы болып өскен болар. Төртінші, мақалада Нәби атамыздың қайтыс болған жылы екі түрлі жазылыпты, бұл шаруа мен үшін маңызды болмағандықтан және дұрысын білмегендіктен, ештеңені өзгертпедім. Себебі, Оспан батырдың негізгі зерттеушілері, дұрыс датаны өздері нақтылайтын болар деп ойладым.
«Дәстүр» атты Ұлттық-этнографиялық журналда «Оспанның өмірбаянына қатысты кейбір деректер» атты мақала бар (http://dasturkb.kz/index.php?option=com_content&view=article&id=606:ospanny-mirbayanyna-atysty-kejbir-erekter&catid=81&Itemid=690), сонда да «…Әкесі Ислам қазақтардың үш жүзінің орта жүзіне жататын Керей тайпасының бір тармағы Молқы деген руының Айтуған атасынан тарайды» деп атап көрсеткен. Бұл мақаланың авторлары Х.Бат-Очирын Болд, Х.Бат-Очирын Туяа. Көріп отырсыздар, бұлар монғол ұлтының азаматтары. Мақалада Оспан батырды саяси ұстанымы анық емес, білімсіз надан адам етіп көрсетуге тырысқан.
Оспан батыр туралы Қытай Халық Республикасының баспаларынан шыққан кітаптар мен мақалалардың авторлары да, цензураның қыспағымен, батырды «компартияның тәрбиесіне көнбеді», «банды болды», «Өкінішке орай оның өзінікін жөнге санайтын мінезі ауқымды жағдайды меңгере білмеген кербақпалығы салдарынан жеңімпаз армиямызға қарсы оқ атып, өзін гоминдаң қуыршақ қалдық күштерінің қойнына атты. Америка сынды шапқыншы елдердің желіктіруімен коммунистік партияның көп реткі бағыну насихатына құлақ аспай, қарсы оқ атқандықтан құдіретті армиямыздың тегеурінінде жеңіліске ұшырып, өз түбіне өзі жеткен банды атаманына айналды» деген сияқты сөздер жазуға мәжбүр болғандықтары көрінеді.
Жазушы Дүкен Мәсімхан ұлының «Оспан батыр» атты көлемді мақаласы бар (http://masimkhanuly.kz/?p=2796). Осы мақалада Шығыс Түркістандағы көтерілістің саяси, әлеуметтік себептері баяндалады, бірақ бізге керегі Батырдың шығу тегі туралы мына куәлік мәліметі «Шыққан тегі Орта жүздің керей (абақ) тайпасынан тарайтын Молқы деген рудан».
2007 жылы Алматының «Арда» баспасынан шыққан «Оспан батыр. Деректі зерттеу» деген кітап бар, құрастырушылары Жәди Шәкенұлы, Дәулеткерей Кәпұлы, Өркенбек Нәбиұлы. Бұл кітапқа әртүрлі авторлардың Оспан батыр туралы мақалалары кірген. Тарих ғылымдарының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы Евразия ұлттық университетінің профессоры Тұрсынхан Зәкенұлының «Оспан батыр» атты мақаласында «Оспан батыр 1899 жылы ақпан айында Шығыс Түркістанның Алтай аймағы, Көктоғай ауданының Өндірқара деген жерінде дүниеге келді. Ата жөні Абақ керейдің Молқы руының Айтуған әулетінен тарайды» деген тұжырым бар. Дәл осындай куәлік кітаптың ішіндегі басқа мақалаларда да жүр. Жалпы, бұл кітапта Оспан батырдың өмір жолына қатысты құнды мақалалар баршылық. Түгендеп жатпаймын. Кітапханаларда бар көрінеді.
Өткен, 2016 жылдың маусым айында «Аңыз адам» журналының №11(143) шығарылымы «Қытайдағы ұлт азаттық көтерілістің басшысы Оспан батыр» тақырыбына арналып басылыпты. Оспан батырға арналған бірінші интервьюда Өркенбек Нәбиұлы бабасын «Орта жүздің Керей руынан» деп айтыпты. Қалың оқырман қауымға бұл журналдың беретін нақты мәліметтері мол. Журналға үн қосқан Түрік ғалымы, өзіміздің бауырымыз, Әбдіуақап Қара мен Жәди Шәкенұлын атар едім. Жалпы, Жәди Шәкенұлының Қытай қазақтарының тарихына арналған шығармасы болсын, Оспан батырға арнап жазған мақалалары мен айтқандары болсын аса дәйекті, мағыналы дүниелер.
Енді Уикипедиядағы «Молқы» туралы мәліметті келтірейін (https://kk.wikipedia.org/wiki/). «Молқы-қазақ халқының құрамындағы ру. Шежіре бойынша, Орта жүз құрамындағы керей тайпасының Абақ керей тармағынан таратылады. Керейдің мол руы. Алтай тауының моңғолдық және қытайлық бөлігінде қоныстанған. Ұраны-Машан, таңбасы-абақ. Қазақтың азаткер батыры, «алтын аңызы» Оспан Исламұлы осы рудан шыққан».
Арғын Тоқаның ішіндегі Молқы атасы туралы Уикипедияда мәлімет жоқ, бұл енді басқа әңгіме.
Қазақтың классик жазушысы Мұқтар Мағауинның 2011 жылы Алматыда шыққан «Шыңғысхан және оның заманы» атты 4 томдық «Деректі тарихи хикая» кітабының «Туған жер» атты 1-томының 313-бетінде Керей елінің көне заманнан бастап бүгінгі күнге дейін созылған тарихын баяндаған тарауында, Оспан батырдың Керей екендігі жазылған. Мұқтар ағамыздың көзі жетіп, көңілі сенбесе бұл мәліметті кітабына қоспас еді.
Стамбұл қаласында 2008 жылы басылып шыққан Yusuf Ziya Arpacik деген автордың “Osman Batur” атты кітабында батыр «қазақ түркілерінің ішінде орта жүздегі Керей Молқы» деп жазылған.Тура осындай куәлік 2011 жылы Стамбулдың «Doğu Türkistan Göçmenler Derneği» баспасынан шыққан «On yilga siğan efsanevi ömur» (Он жылға сиған аңыз өмір) деген кітапта да бар, авторы Dr.Ömer KUL. Тіпті, Оспан батырдың шежіресі, біздегіше тізбектеліп берілмеген, сызба түрінде келтіріліпті. 1988 жылы Швецияның Упсала қаласында Linda Benson мен Ingvar Svanberg-тердің редакторлығымен құрастырылған “The Kazaks of China Essays on an Ethnic Minority” (Қытайдың этникалық азшылықтағы қазақтары туралы эсселер) атты жинақта Линда Бенсонның “Osman Batur: The Kazak’s Golden Legend” (Оспан батыр, Қазақтың алтын аңызы) атты мақаласында да батырды Қазақтың Молқы керейі деп жазыпты.
Соңғы үш кітаптың тиісті беттерін, суретке түсіріп, Түркиядан Әбдіуақап Қара бауырымыз интернет арқылы поштамен жіберді.
Осымен, баспа бетінде басылған, интернет ресурстарында келтірілген Оспан батырдың Абақ керей Молқы екенін айғақтайтын мақалаларды санамалауды тоқтатамын. Іздегенге мұндай материалдар өте көп кездеседі.
Аталмыш тақырыпқа материал жинап, зерттеп толғанып жүрген күндерімнің бірінде, 2017 жылдың қаңтар айының 24-і күні, тағдыр мені Алматыда Арыстан Тосын атты Оспан батырдың туған жиенімен жолықтырды. Дастарқан басына құда деп ардақтап әкеліп отырғызған үлкен кісіні бір жерден көрген сияқты едім, бірақ жыға танымадым. «Ағайды танисың ба» деген үй иесінің сұрағына, «түсі таныс, бірақ есіме түсіре алмай отырмын» деп жауап бердім. Сөйтсем, анау бір жылы, Астана күнінде Ресейдің президенті Д.Медведев пен біздің Елбасымыз Н.Назарбаевтың алдында «Қара жорға» биін Ханшатырдың алдындағы үлкен алаңда билеген ағамыз екен және ағайдың, бірер жылдың мұғдарында, Қазақстан тәуелсіздік алған алғашқы жылдардың бірінде Елбасымыздың Англияға алғаш ресми сапармен барған кезінде Батыс Берлиннен Лондонға іздеп барып жолыққаны туралы айтқан әңгімесін телевизордан көріп, тыңдаған едім. Осы кісі Арыстан Тосын екен. Таныса келе, Керейдің ноқта ағасы, Ителі болып шықты, жасы 79-да. Алматы қаласына жалғас Райымбек ауылында, Сүйінбай көшесінің бойында, өзі салған, атасы Зуха батыр атындағы мешіттің жанында тұрады екен. Сөйлесе келе Арыстан ағамыздың анасы Зәфирә Оспан батырдың әкесі Сләмнің қарындасы болып шықты. Оспанның мүлдем кішкентай кезінде шешесі қайтыс болыпты да, Зәфирә апайы алып кетіп бағып өсіріп, ер жетіп жасөспірім жігіт болған шағында «ары қарай, өз ағайындарың, Молқының ішінде өсуің керек, әйтпесе жат болып кетесің» деп туыстарына апарып қосыпты. Көзі тірі куә деген осы. Қазіргі күні Қытайда Оспанның өз кіндігінен туған бір ғана баласы-Әмақ қалды. Соғыста өлмей аман шыққандарының қалғанының күні жетіп қайтты деді. Жас жеткіншек Оспанды атасы Зуха батырдың қанша рет, қалай сынағанын, не деп бата бергенін айтып берді. Бұл әңгімелерді жинаған материалдарымның ішінен кезіктіріп оқығанмын, бірақ кейбір жазбаларда Зуха батырдың орнына Бөке батыр деп жаңсақ жазғандар да болып шықты. Әбдіуақап Қараның жазуы бойынша, Бөке батыр 1904 жылы, Оспан бар-жоғы 5 жаста болған кезде, қайтыс болып-Оспанды сынайтын да, бата беретін де, соғыс өнерін Оспанға үйрететін де мүмкіндігі болмаған көрінеді.
Оспан батырды ұйғырлар да өздеріне ыңғайлап, біздікі деп тіршілік жасап жатқан көрінеді. Бұл, Жарқын Жеті деген азаматтың «Оспан батырды ұйғырлар ұрлап алмақшы» (http://shyn.kz/article/view?id=352) деген мақаласында айтылады. Мұның артында Шығыс Түркістандағы азаттық үшін күресті, негізінен қазақтар емес, ұйғырлар жүргізді деп айтқысы келетін үлкен саясат жатыр.
Бұл күндері Алтайдың Көктоғай ауданының Күрті қыстағында тұратын, өздерінің ата-тек шежіресін толық білетін, Оспан батырдың көзі тірі туған ұлы Әмақ атамыз тұрғанда және Алматыда тұрып жатқан шөбересі Өркенбек «Орта жүздің Керей руынанбыз» деп айтып отырғанда, «Оспан батырдың туған жиенімін» деген Арыстан Тосын ағамыз барда, қазақ пен қытайдан басқа қаншама мемлекеттердің кітаптары мен журналдары, интернеттегі жарияланымдар «Оспан батыр Керей молқы» деп куәлік беріп отырғанда-басқалардың Батырды «Керей емес, Арғын деуі» күлкілі жағыдай ғана емес, өте өкінішті, шындыққа көпе-көрінеу қиянат нәрсе деп ойлаймын.
Ал, Оспан батырды Арғын тоқаның ішіндегі Молқы жасағаннан Керей кедейленіп қалмайды, бірақ Арғын да байымайды. Батырды Арғыннан қызғанды дейтін, мен Керей емеспін.
Төрехан Майбас айтқандай «Ел ортақ, жер ортақ, батыр ортақ». Ертеңгі ұрпаққа тарихты бұрмаламай жеткізу бүгінгінің парызы, шындық қашанда қымбат.
Байқасаңыздар мақаланың өн бойында, 2016 жылдың күзінде облыстық газетімізде шыққан, «Оспан батыр Тоқа Молқы болады» деген мақаланың авторы Төрехан Майбастың аты бір ретте аталып, ешқандай сын ескертпе жасалмады. Себебі, «Орталық Қазақстан» газеті мен мақала авторы бейтараптық принцип ұстап, оқырманға «ерекше жаңалыққа претензиясы бар» мәліметті жеткізуші ғана. Қалғанын оқырман өзі екшеп, талдау жасайды. Төрехан Майбас менің өте сыйлайтын, әрбір жазғанын күтіп жүріп оқитын авторым. Журналист, жазушы, этнограф, Қаракесектің Керней атасының шежіресін түзіп қалыптастырған шежіреші, «Көкбөрі Керней» деп әлденеше кітап жазған тарихшы-ғұлама ғалым. Осындай білікті азамат газетке ұсынылған мәліметтің шикілігін білмеді емес, білгеніне кәміл сенімдімін. Мақалаға оқырман көңіл аударатындай етіп жазды, соның нәтижесінде көп уақытымызды бөліп, қаншама материал жинап еңбектенуге тура келді. Өкінбеймін, өзім үшін бірталай білім жинадым, енді сіздермен бөлісуді жөн көрдім.
Керекті кітап, мақалаларды жинауға көмектескен, арап әліп-биінде жазылған мақалаларды кирилицаға аударып жазып берген және осы тақырыпқа кітап, мақала жазған ағайындардың телефондары мен электронды почталарының мекен-жайларын тауып беріп, ақыл кеңестерін қосқан түркиялық ғылым докторы, этникалық қазақ, Әбдіуақап Қараға және керекулік шежіреші Мүсәйіп Сыдықовқа, М.Әуезов атындағы әдебиет-өнер институтының бөлім меңгерушісі Серікқазы Қорабаевқа, Қарағанды экономика университетінің доценті Самат Бітімханға алғысымды білдіремін.
Есмұханбет СМАЙЫЛОВ,
физика-математика ғылымдарының докторы, профессор.
Қарағанды қаласы.