РуханиятТеміртау

ҚҰРЫШТЫ ҚАЛАДА – ЫРЫСТЫ ШАРА

      6 шілде – Астана күніне орай Теміртау қаласының мәдениет үйі ауласында қала әкімі Ғалым ӘШІМОВТІҢ қатысуымен «Асқақтай бер, елімнің Астанасы!» атты мерекелік шара өтті.DSC_0042

Елбасы еңбек жолын бастаған еңселі шаһар Елорда тойына ерекше дайындалыпты. Мәдениет үйі ауласына LED экраны бар кең сахна, «ЗD» форматындағы Астана келбеті безендірілген баннерлер орнатылыпты. Мұнымен бірге, «Мен сені сүйем, Қазақстан!», «ЭКСПО-2017» логотиптері бар суретке түсу орындары да әзірленген.

Шара «Жерұйық» атты театрландырылған көріністен басталды. Ізгілік, бейбітшілік, байлық қағидаларын ту еткен бұл көрініс әжесі мен немересі арасындағы әңгіме арқылы өрбиді. Еліміздің жүрегі – Сарыарқаның төсінде бой көтерген Астана қаласының әсемдігі мен сұлулығы, жылылығы мен ірілігі айтылған бұл көрініс – қала тұрғындары мен қонақтарының қызығушылығын оятпай қоймады.

– Ардақты теміртаулықтар, құрметті жерлестер! Осыдан он тоғыз жыл бұрын Елбасымыздың салиқалы саясатының арқасында Астана қаласы бой көтеріп, бүгінде әсем шаһарға айналды. Қарасаң, көз тойғысыз Елорда келбетін біз де мақтан тұтамыз. Себебі, бұл қаланың салынуына жерлестеріміз де зор үлес қосқан еді. Сондықтан, сіздерді бүгінгі мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтай отырып, Тәуелсіздігіміз баянды, Елордамыз еңселі болсын дегім келеді, – деді Ғалым Әшімов.

Жасыратын несі бар, құрыш қорытып, болат балқытқан металлургтер қаласының құрылыс-монтаждау кәсіпорындары ескі Ақмоланың ажарлы Астанаға айналуына тікелей атсалысты. Бас қаланың нышанына айналған «Астана-Бәйтерек» монументінің құрылысы бір кездері теміртаулық мамандарға сеніп тапсырылғанын біреу білсе, біреу білмес. Сонымен қатар, Астанадағы бұдан өзге де өндірістік және әлеуметік-мәдени нысандарда теміртаулық мамандардың қолтаңбасы бар. Солардың қатарында, «Имсталькон-Теміртау» ЖШС, «УралдомнаремонтKZ» ЖШС, «Теміртаулық Казмеханомонтаж №2» ЖШС, «Центрметаллургстрой» ЖШС, «Коксохиммонтаж» ЖШС, «ЭЛМиС» ЖШС, «KGS» ЖШС, «Крокус груп» ЖШС, «Энергоремонт-Т» ЖШС, «Темир Тех» ЖШС, «Строй сервис» ЖШС де бар еді. Сөйтіп, мерекеге орай, Астана қаласын салуға  қатысқан бірқатар құрылысшылар Теміртау қаласы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Атап айтсақ, «Имсталькон-Теміртау» ЖШС-ның монтаждаушы бригадирлері – Анатолий Пай, Жомарт Жақсылықов және Владимир Целковский, «УралдомнаремонтKZ» ЖШС-ның прорабы – Сұлтанғазы Қазиев пен механо-монтаждау учаске басшысы – Евгений Ботиенко, «Крокус груп» ЖШС-ның инженері – Жақсылық Аңсабаев, «KGS» ЖШС-ның менеджері –  Иван Морев, «Newindustry» ЖШС-ның директоры – Юрий Тугарев.

Бұдан бөлек, Теміртау қаласының қоғамдық өміріне белсене атсалысып жүрген мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Шебер» қолөнер орталығының жетекшісі – Наталья Воротынская, «Шаңырақ» еріктілер орталығының жетекшісі – Алена Хегай, №23 мектептің ұстазы, терміртаулық суретші – Екатерина Кузьмицкая сынды азаматшалар да қала әкімінің Алғыс хатын иеленді.

Айтулы мереке қарсаңында Теміртауда түрлі игі шара қолға алынған екен. Солардың қатарында, облыс әкімі Ерлан Қошановтың қатысуымен өткен газоблок шығаратын «Казгазоблок» зауытының ашылу салтанаты бар. Мұны біз үлкен экраннан көрсетілген бейнебаян арқылы білдік. Сонымен қатар, қаланың емханалары мен банктерінде «Букроссинг» – «Оқуға құштар ұлт» жобасы бастау алыпты. Бүгінгі күні қаладағы «№4 емханада», Халыққа қызмет көрсету орталығында және «Балалар ауруханасында» кітап қойылған сөрелер, шағын ойын алаңдары орналастырылған. Бұл аз десеңіз, Астана күнін мерекелеу қарсаңында дәстүрлі түрде қала әкімі атынан торт үлестірілді. Теміртаудағы отбасы үлгісіндегі үйлердің, балалар ауылының 850 бүлдіршіні арнайы әзірленген тәтті наннан дәм татты.

Шырайлы шара Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің бағдарламасымен жалғасып, түн ауа «Казгазоблок» зауыты ұсынған мерекелік отшашумен түйінделді.

Рауан ҚАБИДОЛДИН.

 

ТЕМІРТАУ қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button