Кейінгі кезде Абай ауданында құрылыс жұмыстары қарқындап, елдімекендері күн өткен сайын көркейіп келеді. Биылдың өзінде бұл салада төрт бірдей ірі жоба қолға алынып, жүзеге асырылуда. Бүгін біз Абай ауданының құрылыс бөлімінің басшысы Бақтияр Мұрсаловтан сол жобалар жөнінде айтып беруді өтінген едік.
– Біріншіден, ауданның Дубовка ауылындағы ескіріп, тозығы жеткен кәріз жүйелері ауыстырылып, жаңғыртылады. Жобалық-сметалық құны 3 миллиард теңгені құрайтын осы жобаны жүзеге асыру 2022 жылы басталса, келер жылы толығымен аяқталмақ. Жұмысқа жауапты мердігер ұйым «Астанаинжкомстрой» ЖШС кешегі күнге дейін ауыстырылуға тиіс 29,6 шақырым кәріз желілерінің 18 шақырымын төсеп үлгерді. Оның жұмыс барысымен өткен аптада ауданымызда болған облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев та танысып, құрылысшыларға белгіленген кестеден кешікпеуді тапсырды.
Екінші бір жоба – Абай қаласының «30 А» орамында 2023 жылдан бері салынып жатқан 80 пәтерлі бесқабатты үйдің құрылысы. Жобалық-сметалық құны 1 миллиард 315 миллион теңге тұратын бұл нысан құрылысының мердігері «ККК ЛТД» ЖШС оны осы жылдың соңында салып бітіргелі отыр. Бүгінгі таңда оның ақырғы кіреберісі монтаждалып, сонымен бір мезгілде басқа кіреберістерге коммуникациялар тарту мен ішкі сылағы қатар жүргізілуде.
Үшінші жоба бойынша Топар кентіндегі 100 орындық Дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы биылғы үшінші тоқсанда тәмамдалып, пайдалануға беріледі деп күтілуде. Құрылысы 2022 жылы басталған бұл нысандағы жұмыстар өткен жылы аяқталуы тиіс болатын. Алайда, құрылыс материалдарының күрт қымбаттауынан оның жұмысы бөгеліп, жобалау құжаттарына өзгерістер енгізіп, қайта қаржыландыруға тура келді. Енді оның мердігері «Астана-Көктем» ЖШС жобалық-сметалық құны 695 миллион теңгелік осынау нысанды биылғы үшінші тоқсанда ел игілігіне ұсыну қамында. Сол үшін қимылдарын ширатып, жоспарланған шаруалардың 80 пайызын орындап, ішкі сылағы мен аумағын абаттандыру ісімен айналысуда.
Соңғы бір ірі жоба бойынша 2024-2025 жылдары Абай қаласының орамішілік кәріз жүйелерін де жаңғырту көзделуде. Осы жаңғыртылатын желілердің жалпы ұзындығы 26 шақырымды құрап, жобалық-сметалық құны 3 миллиард 410 миллион теңге болатын бұл жұмысты атқаруға «КазЕвроСтрой» ЖШС мердігер болып бекітіліп, қазірде оған дайындық жұмыстары жасалып жатыр.
Бізде алдағы жылы да атқарылатын ауқымды жобалар бар. Олар бүгінде пысықталып, қаржы көзі қарастырылып, мердігерлері анықталуда. Әзірге бұл жайында айтуға ертерек. Бірақ аудан бойынша өріс алған құрылыс қарқыны әсте кемімек емес.
Әңгімені жазып алған Ержан ИМАШ.
Абай ауданы
Суретте: Абай ауданының құрылыс бөлімінің басшысы Бақтияр Мұрсалов.