24 қазан, кітапханашылар күніне орай Қарқаралы ауданының әкімі Әділжан Арғынов осы саланың мамандарымен кездесіп, кәсіби мерекелерімен құттықтады.
«Әділетті Қазақстан – Адал азамат» ұлттық құрылтайының екінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Шын мәнінде, кітап оқитын ел ғана ақылды ұлтқа айналады. Біз жас ұрпақтың кітапқа деген құштарлығын оятуымыз керек», – дегені есімізде. Президент осы сөзімен әсіресе кітапханашылар қауымына үлкен үміт артып, жас ұрпақты ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеп отырған кітапханалардың жағдайын көтеріп, беделін арттыруға ерекше назар аударды. Кітапханашылар күні алдыңғы жылы Үкіметтің арнайы қаулысымен кәсіби мереке ретінде бекітілді. Қазіргі уақытта Қарқаралы ауданында орталықтандырылған кітапхана жүйесі бойынша бір аудандық кітапхана, бір аудандық балалар кітапханасы, 35 ауылдық кітапхана және 11 модельді кітапхана жұмыс істейді.
Аудан басшысы халықтың әдеби, мәдени мұрасын насихаттап, ұлт руханиятына қалтқысыз қызмет жасап келе жатқан кітапханашылардың қажырлы еңбегіне алғыс айтып, бірқатар мамандарға арнайы марапаттар табыстады. Егіндібұлақ ауылдық кітапханасының әдіскері Жанар Касимова, аудандық кітапхананың қызметкерлері Жазира Жамкеева, Лаура Набиева, Өміржан Искаков, Теректі ауылдық кітапханасының қызметкері Майгүл Бөдешова аудан әкімінің Алғыс хатымен, арнайы сыйақысымен марапатталды.
Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жазира Искакова да сала мамандарына құттықтау лебізін жеткізіп, марапаттау рәсімін жалғастырды.
Салтанатты кеште жергілікті өнерпаз Балдырған Жекеева ән төгілтіп, көпшіліктің ризашылығына бөленді.
Болатбек ӘШІМҰЛЫ,
Қарқаралы ауданы.