Рухани жаңғыру: МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛМЕН – БОЛАШАҚҚА!

   Таяуда қалалық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мемлекеттік тапсырыс аясында ұйымдастырған конференция осылай аталды. Оған қаладағы үкіметтік емес ұйым мен мемлекеттік мекеме өкілдері, білім беру саласының қызметкерлері қатысты.
Пленарлық отырыста тілдерді оқыту облыстық орталығының директоры А.Игенова мен әдіскері Ж.Жақанова «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» ел дамуының жарқын үлгісі мен нақты қадам» және «Латын әліпбиінің маңызы мен жаңа әліпбиді үйрету жолы», Приозерск қалалық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Г.Шәрбекова мен оның орынбасары Ж.Дулатова «Приозерск қаласында тілді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылуы» және «Приозерск қаласындағы ономастикалық ахуал», қалалық білім бөлімінің басшысы Г.Қасымова «Үштілді білім беру – заман талабы» деген тақырыпта баяндама жасады.
Конференция жұмысы одан әрі екі бағытта жалғасты. «Үштілдікті білім беру жүйесіне енгізу: мәселесі мен болашағы» және «Қазақ қарпінің латын әліпбиіне көшірілуі – ілгерілеу жолындағы маңызды қадам» секциясында көтерілген мәселенің мән-маңызы ашылып, ұсыныс-пікір ортаға салынды.
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдараламасында дәйектелген бірнеше негізгі бағыттан туындайтын мерейлі міндетті жүзеге асыруды, жастарды бірлік пен бәсекеге қабілеттілік идеясының төңірегіне топтастыруды, елдегі тілді дамыту, латын әліпбиіне көшу, ономастика өрісі, үштілділік мәселесін талқылауды көздеген алқалы жиын алға қойған мақсатын орындады.
Жалпы, қалада бір жыл бойы рухани жаңғыруға қатысты жүйелі жұмыс төрт бағытта жүргізілді. Арнайы «Ақпарат толқыны» айдарымен жергілікті «Приозерск жаршысы» басылымында мақалалар жарияланды. «Өлкетану» базалық бағдарламасының «Тәрбие және білім» бөлімі аясында балалар мен жасөспірімдердің «Достық» шығармашылық орталығында туристік-өлкетану бағытындағы үйірме ашылды.
«Рухани қазына» бағдарламасы аясында аймақтық туризмді дамытуға бағытталған Астана, Қарағанды, Балқаш және Приозерск қаласындағы туристік агенттік пен кәсіпкерлік қауымдастығының 200 өкілі қатысқан форум өтті. Алты жүзден астам адамды қамтыған қала жастарының «Креатив толқынында» атты фестивалі «Атамекен» базалық бағдарламасы бойынша ұйымдастырылды.
«Туған жерге тағзым» бағытында бес жоба жүзеге асырылды. Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ескерткіші абаттандырылды, қала қақпасы жөнделді, сырттан бақылау камерасы орнатылды, балалардың екі ойын алаңы жасалды. Оған жұмсалған қаражатты «Бесаспап», «Зере НС», «Каздорстройтех», «В-Тел», «Караганды-Котломаш ЖШС, «Нарымбетов» және «Джасарова» ЖК, «ЖРЭК» АҚ өз мойындарына алған болатын.
Ономастикалық кеңістікті реттеуге қатысты да мақсатты жұмыс жүргізілуде. Қалада 8 көше атауының өзгеруі соның дәлелі. Республикалық ономастика комиссиясының шешімі негізінде Қарағанды облысы әкімдігі мен облыстық мәслихаттың бірлескен қаулысы және шешімімен «Центральная» – Тәуелсіздік, «Пионерская» – Ақмамық, «Нагорная» – Көкжиек, «Приморская» – Бәйтерек, «Приозерная» – Көктеңіз, «Новая» – Қоржынтүбек, «Песчанная» – Наурыз көшесі, ал «Совет Армиясы бульвары» – «Жеңіс бульвары» деп аталды. Тағы 11 көшенің атауын өзгерту жөнінде тиісті құжат республикалық ономастика комиссиясына жіберілді. Амандық болса, алдағы уақытта қалада Бастау, Сарыарқа, Алаш, Ынтымақ, Бірлік, Таңшолпан, Тұмар, Шұғыла, Керуен, Тұран, Қайнар көшесі көш түзейді.

Әлібек ӘБДІРАШ.

ПРИОЗЕРСК қаласы.

 

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.