Рухани ұстазым

 Бозбала шақтың өтпелі кезеңі екен ғой, өмір сапарының тарау-тарау жолының өзіңе тиесілі бағытын таңдайтының. Осы шақта жақсы жолығып, шарапатын көргенің сол бағытты айқындай түседі де, ғұмыр бойы өзіңе жолбасшы болып, жөн сілтеген жанның шапағаты жадыңда мәңгі жаңғырады екен.

Тағдыр жолым ауыр басталған-ды. Он бір жасымда әкеден жетім қалған он үш баланың ортаншысы едім. Тауқымет – үпір-шүпір балапандарының күйін күйттеген анам Қайкеннің мойнында. Орта мектепті бітірген жылы жоғары оқу орнына түсуге мүмкіндік болмады да, анамның қасында қалып, еңбек жолымды бастауыма тура келген. Көкейімде – журналист болсам деген арман. Қолымда – қалам. Аудандық «Арқа еңбеккері» (бүгінгі «Тоқырауын тынысы») газетіне жазған-сызғаным ара-тұра жарияланып тұрады. Қолымдағы қалам жолымдағы ауыртпалықты ысырып тастай алар емес. Әйтеуір, тырбанып жүрмін. Редакциядағы ағаларым арқамнан қағып: «Түбі сенен бірдеңе шығады» дегеніне мәзбін. Сөйтіп жүріп, аудандық газеттің штаттағы тілшісі де болып алдым.

Бір күні Ақтоғайға сол кездегі Жезқазған облыстық телерадио комитетінің төрағасы Сәбит Байдалин келіп жатыр дегенді құлағым шалды. Ол кезде біздің Ақтоғай ауданында аудандық радио торабы бар болатын. Торап облыстық телерадио комитетіне қарайды. Сәбит ағаның ұлт жанашыры екенін естіп-біліп, басылым беттерінен оқып жүрген кезім ғой. Алып-ұшып, атына сырттай қанық ағаға сәлем беруге асықтым. Аудандық радио қызметкерлерімен кездесуден соң ыңғайын тауып, Сәбит ағаға сәлем бердім. Иманжүзді, барынша қарапайым ағаның болмысы жанымды жадыратып, арманымды қанаттандырып сала берген.

…Сол жолы мені аудандық радиоға тілші етіп қабылдап, шығармашылық жолыма жеміс тілеп аттанды жайсаң аға. Міне, менің бозбала шағымда жайсаң ағадан көрген шарапатым осы еді. Ізденісті серік етіп, Сәбит ағаның сеніміне селкеу түсірмеу үшін барымды аяған жоқпын. Білмегенімді аға-апаларымнан сұрап алып, үйренуден бір сәтке де жалықпадым. Ақыры, аудандық радионың білдей қызметкері болып қалыптасып қалдым. Радио ұжымы мен үшін өмірдің мектебіне айналып, шығармашылық жолдағы рухани ұстазым Сәбит Жүнісбекұлы болып шыға келді.

Бастығым болып, жұмысқа қабылдау жөніндегі өтінішіме қол қойып қана кеткен жоқ. Үнемі әр қадамымды бағамдап, телефонмен болса да, бағыт-бағдар беріп, туған әкемдей қамқоршым болды. Өзіммен жиі хабарласып, жағдайымды, анамның хал-қуатын сұрап тұрады. Мен соған мәзбін. Сөйтсем, Сәбең мен туралы өз басшыларымнан да жиі сұрап, маған зор үміт артып отырғандығын айтады екен. Мен оны кейін естіп, кейін біліп жүрмін. Жайсаң аға жүрегінің тазалығы мен жас мамандарға деген риясыз қамқор пейілі мен үшін өмірлік өнеге болып қалды.

Сәбит ағадан үйренгенім көп. Ол кісінің шешендігі мен әділдігі, іскерлігі мен білімділігі мені өзіне баурап әкеткен. Қалай болғанда да, Сәбит ағаға ұқсағым келіп тұратын. Бұл біреуге еліктеу болып көрінетін шығар. Шынымен-ақ, еліктеу ғой. Бірақ, қарашаңырақ Қарсақбайдың түлегі, ұлт руханиятының жоқшысы, қазақ тілінің жанашыры Сәбит Жүнісбекұлы секілді жақсы ағаға еліктеудің қандай сөкеттігі бар?! Менің бұл еліктеуімнің астарында үлкен өмір мектебіне бастар адастырмас сонарлы соқпақ жатыр еді. Яғни, мен Сәбит ағаны тағдырымның темірқазығына баладым.

…1992 жылы Жезқазған педагогтік институтына оқуға қабылдандым. Аудандағы жұмысымды тапсырып, облыс орталығына қоныс аударғанмын. Сәбит ағаға сәлем бере бардым. Облыс айнасын басқарып отырған басшының жоғары оқу орнына енді келген талапкерге орнынан тұрып сәлем бергенін көрдіңіз бе? Мен көрдім. Атшаптырым кабинетінде дөңгелек жүзі нұрланып, әлдебір шығармашылық шабытпен шырайланып отырғанға ұқсады. Күлімдеген күйі орнынан қозғалып, үй орынындай үстелін айналып, маған қарай беттегенде… Дүр дүние көз алдымда дөңгеленіп кеткендей күйге түстім. Жанарынан мейірім төгіліп, құшағын ашып келе жатқан жайсаң жанның кең құшағы әкем марқұмның құшағындай болып кетті. Құшағынан босағым келмейді. Сағынышымды, мауқымды басып тұра тұрғым бар. Бір көрген адамды осынша сағыну мүмкін бе?!

Студенттік өмірге басқан қадамыма сәттілік тіледі.

Сабақтан кейін немен шұғылданбақ ойың бар? – деді. Мен спортпен шұғылданғым келетінін, көп уақытымды кітапханаға арнасам деген ниетімді білдіріп жатырмын баяғы. Ол кісі сабырлы қалпынан айнымаған күйі:

Әрине, спортты серік етіп, оқуға ниет қойғаныңды құптаймын. Көп жастар осыған мән бермейді. Мұның – болар баланың тірлігі. Бірақ, жалғыз анаңа салмақ сала бермей, өзің табыс тапқаның да дұрыс емес пе?! Сен қазір өтініш жаз. Облыстық телевидениеге директор, радиоға тілші боласың. Еркін жұмыс кестесімен, әрине. Шығармашылық жұмыс қой, сабақтан кейін ізденуіңе сеп болады. Оның үстіне, аудандық радиода әжептәуір қалыптасып қалдың, – демесі бар ма…

Сөйтіп, бірінші курсқа енді қабылданған сәтімде облыстық телевидениенің директоры, радионың тілшісі болып шыға келдім.

Мен бүгін журналистикадан жырақ кеттім. Бірақ, маңдайымызға жазылған дәуірде, сергек қоғамда өмір сүріп жатырмыз ғой. Рухани сергектік керек бұл жүйеге. Азды-көпті абырой биігіне көтерілдік. Жеке кәсібімді дөңгелетіп, қолымнан келгенше қоғамға пайда келтіруді көздеп жүрміз. Қай қызметте, қай салада жүрейін, рухани ұстазым Сәбит Жүнісбекұлынан дарыған дара қырларымды қару етіп келемін. Мүлт кеткен жерім болған шығар, омақаса сүрінген сәтім болмапты. Соның бәрінде, Сәбит ағамның тигізген шарапаты бар.

Қайраткер ағаның бүгінгі келген жетпісі қажырын сарқа алмайды. Мен – оған сенімдімін! Өйткені, менің рухани ұстазым, қазақ журналистикасының қара нарына айналған Сәбит ағам – тұғыры аласармас тұлғалар тегінен!

Туған күніңіз – желкенді жетпісіңіз құтты болсын, Аға!

Бекзат АЛТЫНБЕКОВ,

Жезқазған қалалық

мәслихатының депутаты,

Білім меценаты.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.