Басты тақырып

Рухани келісім – ел үшін

    Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет ӘБДІБЕКОВТІҢ қатысуымен «Тәуелсіздік негіздерінің бірі – рухани келісім» атты дөңгелек үстел өтті. ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында өткен мазмұнды шараға облыстағы барлық конфессиялар мен этно-мәдени бірлестіктер басшылары қатысып, Қазақстандағы діни тұрақтылық пен ұлт өкілдері арасындағы рухани сабақтастық жөніндегі ойларын ортаға салды.

Облыстағы діни және этно-мәдени бірлестік басшылары түгелге дерлік қатысқан мұндай кеңейтілген дөңгелек үстел аймағымызда тұңғыш рет өтіп тұрғанын айта кеткеніміз жөн. Дөңгелек үстелді ашып, осындағы дін өкілдері мен басқарма басшыларын рухани келісім күнімен құттықтаған аймақ басшысы тәуелсіздік жылдарында біздің қол жеткізіп, табан тіреген аса маңызды жетістіктеріміздің бірі һәм бірегейі – бейбітшілік пен келісім екендігіне ерекше тоқталды. Сондай-ақ, сөз барысында облыс әкімі Отанымыздағы осындай құндылықтардың сақталып, тұрақталуының бірден-бір негізі – Елбасы Н.Назарбаевтың ерен еңбегі мен көрегендігі деген ойды алға тартты. «Өздеріңіз білесіздер, Қазақстан аз уақыт ішінде дамудың даңғыл жолына түсіп үлгерді. Отандық, халықтық даму жолында бірлік пен ынтымақ, татуластық пен түсіністік ауадай қажет және ол – біздің қоғамның басты байлықтарының бірі. Барша әлемдегі, күллі жер бетіндегі, соның ішінде еліміздегі рухани тұрақтылық конфессиялар мен дін өкілдері және Қазақстан халқы Ассамблеясының басты мақсаты болып табылады», – деді облыс әкімі.

Татулық пен тұрақтылықты ту ететін рухани келісім күні қарсаңында облысымызда бұған дейін де бірнеше салтанатты шаралар сап құрды. Осы орайда, облыстық кітапханалар мен мұражайларда конфессия өкілдерінің қатысуымен «Рухани келісім – татулық тұғыры» атты кітап көрмелері ұйымдастырылды. Атап айтсақ, осындай бір ірі көрме дін істері басқармасының мұрындық болуымен 12 қазан күні Н.Гоголь атындағы ғылыми әмбебап кітапханада өтті. Бұдан бөлек, облыстағы діни бірлестіктер өкілдері ауыр науқастар қабылдайтын медициналық мекемелерге (Хоспис, онкологиялық аурухана, тубдиспансер) 7 мәрте сауапты сапар жасады. 14 қазан күні дәстүрлі діни бірлестіктер өкілдері «Қарағанды қаласы Қызыл Крест қоғамы» сауықтыру орталығына барып, ондағы науқастармен әңгімелесіп қайтты. Сонымен қатар, осындағы оқу орындарында қоғамдық пікір көшбасшылары, ғалым теологтар, дінтанушы, діни бірлестіктер басшыларының қатысуымен тақырыптық дөңгелек үстелдер, лекторлық және сынып сағаттары, әртүрлі сипаттағы акциялар, пікірталастар мен конкурстық шаралар ұйымдастырылды. Облыс әкімінің қатысуымен өткен осы жолғы дөңгелек үстел аталған шаралардың қорытындысы іспетті. Мұнда ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша өкіл имамы Өмірзақ Бекқожа және дәстүрлі діни бірлестіктер өкілдері ойларын ортаға салды.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button