Рухани жаңғыру

Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы

   Адами капиталды дамыту – мемлекетіміздің аса маңызды мәселесі. Адами капиталдың сапасы – еліміздің жан-жақты, саяси-экономикалық, әлеуметтік-мәдени өркендеп, көркеюінің, халықаралық беделінің абыройлы болуының негізгі алғышарты болып табылады. Сондықтан, Қазақстан үшін адами ресурстарды жетілдіру көкейкесті маңызға ие.

Дамудың негізгі қозғаушы күші, ел болашағының иесі мемлекетіміздің ертеңгі адами капиталы – бүгінгі жас ұрпақ.

ХХІ ғасырдағы тәуелсіз Қазақстанға әлемдік озық өндірістік технологияларды жетік меңгерген, жан-жақты білімді, өнерлі де биік мәдениетті, патриоттық, ұлттық рухы асқақ, бейбітшілік пен татулықты, адами асыл қасиеттерді ардақ тұтқан, денсаулығы мықты, парасатты азаматтар керек. Еліміз осындай асыл қасиеттерді бойына дарытқан адами ресурстармен мықты.

Баланың сана-сезімін, ақыл-ойын сапалы жетілдіруде, салауатты, саламатты өмір салтын қалыптастыруда ата-анасының, отбасының, оқитын оқу орнының, қоршаған ортасының, өмір сүріп отырған қоғамының ықпалы аса зор.

Жас жеткіншектердің әлеуметтік-тұрмыс жағдайлары, биологиялық дамуы, денсаулығы мен психологиялық ахуалы, осыған сәйкес мінез-құлқы мен бейімі бірдей болмайтыны баршаға аян.

Жаhандану дәуіріндегі тасқындаған ақпараттар ағыны, өмірге ендеп алған жат идеологиялар, азғырушы, аздырушы қара ниетті радикалдық-экстремистік, террористік насихаттар, есірткі бизнесі, самсаған арақ-шарап, темекінің ықпалы жастардың балғын өмірінің тамырына балта шабатын қатер екені де белгілі. Осы мәселелердің барлығын жіті ескере отырып, тәрбие ісін барынша сапалы, кешенді, жоспарлы, үздіксіз, нәтижелі жүзеге асыру Ғалым Жарылғапов атындағы аграрлық колледжі педагогикалық ұжымының оқу-тәрбие жұмыстарының өзегіне, басты мақсатына айналған.

Студенттердің бос уақыттарын тиімді ұйымдастыруға, салауатты өмір салтын қалыптастыруға колледжде барлық жағдай жасалған. Спорт үйірмелері (футбол, волейбол, баскетбол, күрес, теннис, шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ, жеңіл атлетика), көркемөнерпаздар, тігін, жас қаламгер т.б. үйірмелерге студенттердің барлығы қамтылған, қоғамдық жұмыстарға белсенді.

Педагогтар тәрбие жұмыстарын ата-аналар комитетімен, құқық қорғау қызметкерлерімен, діни өкілдермен, әкімшілік, жастар саясаты, кәсіпкерлермен, еңбек майталмандарымен, әскери комиссариатпен, қоғамдық ұйымдармен, т.б. тығыз тәрбиелік қарым-қатынаста атқаруының нәтижесінде студенттер арасында құқықбұзушылық пен қылмыс жасау әрекеттері болған емес.

Колледж студенттері АІІБ-нің қызметкерлері – жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция подполковнигі Жантас Абдиковпен, ЖПҚ ювеналды полиция тобының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторы, полиция капитаны Асар Бейсенбаевпен және ЖПҚ ювеналды полиция тобының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторы, полиция капитаны Дария Кутумовамен кездесу өткізді. Кездесуге келген АІІБ-нің қызметкерлері жасөспірімдер арасында қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша нақты деректер келтіре отырып, тәрбиелік, құқықтық түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Автокөліктерді жүргізуде куәліксіз басқару, газ баллондары мен суық қаруларды заңсыз алып жүру, оларды қолдану, есірткі мен таксикомания және бопсалау, мезгілсіз түнгі жүрістерге салыну, көңіл көтеру орындарына мезгілсіз бару, мас болып жүрудің зардаптары, ондай әрекеттер жасаған жасөспірімдерге заң аясында қолданылатын шаралар туралы егжей-тегжейлі түсінік беріліп, студенттерді жағымсыз қылықтардан алдын ала сақтануға шақырды.

Қалкен СМАЙЫЛ,

Қазақстан Журналистер

одағының мүшесі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button