«Ромео мен Джульетта» сахналанады

К.Станиславский атындағы орыс драма театры 93-ші театр мау­сымын «Ромео мен Джульетта» тра­гедиясының премьерасымен аша­ды. Түрлендіруші бағаналар, ақ-қара бейнелер тізбегі, костюмдердегі ақ түстің басымдығы жаңа маусымға ерекше реңк бермек.

Театрдың репертуары өшпес классиктердің туындысымен арнайы шақырылған қоюшы режиссер Константин Мишиннің арқасында толығып отыр. Ресейлік театр қайраткерінің Қарағандыдағы бұл екінші жұмысы. К.Станиславский театрында Уильям Шекспирдің трагедиясы бойынша «Макбет» қойылымын қойған.

– Труппа ұлы классиканы қабылдап, ойнауға дайын. «Ромео мен Джульетта» қойылымына келсек, бұл біздің жоғалтқанымыз туралы пьеса. Мен бұл пьесаны алғаш рет қойып отырмын. Қарағандыға арнайы сақтадым. Мақсатым – сахнада адам рухының өмірі арқылы ымыраға келмейтін мөлдір, биік махаббат үнін бейнелеу, – дейді режиссер.

Ағылшын тілінен Борис Пастернак ау­дарған түпнұсқа мәтін толығымен спек­такльде сақталған. Тек қайталаулар қысқартылып, сол кездегі көрерменге тү­сінікті әзілдер қысқартылған.

Басты рөлдерді ерлі-зайыптылар – актер Виталий мен Мария Мосиналар ойнайды.

– Қиын. Сахнада аға-әпке едік. Енді махаббатты ойнаймыз. Іште бар сезімдерді сахнаға шығару оңай емес. Сәтті болуын тілеймін, – дейді Виталий.

Спектакль премьерасы да 10 қыркүйекте 17:00-де өтеді. Билеттер театр кассасында және ticketon.kz сайтында сатылады.

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.