Робототехника: бүгін және ертең

Робот жасау– елімізде енді ғана дамып келе жатқан инновациялық сала. Бұл саланы тереңнен дамыту бағытында Қарағанды қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде робототехникадан облыстық іріктеу жарысы өтті.

Әлемде бұл сала тарихының тамыры тіпті, тереңде жатыр. Ежелгі Мысырда, Бабылда, Қытайда аяқ-қолы қозғалатын құдайлардың мүсіндері жасалған. Ал, біздің дәуірімізге дейінгі үшінші ғасырларда римдік ақын Клавдий ғалым Архимед жасаған автоматты құрылғы туралы айтқан. Андроидты алғаш рет он үшінші ғасырда өмір сүрген алхимик Альберт фон Больштедт жасаған көрінеді.

XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында аталған сала қарқынды дамып, тіпті, бұл тақырып әдеби шығармаларда да көріне бастады. Ағылшын жазушысы Мэри Шеллидің «Франкенштейн», чех жазушысы Карл Чапектің «R. U. R.» сынды туындылары соның айғағы. Сахналарда фан­тастикалық туындылар қойылды. Осылайша, бірте-бірте «робот» термині әдебиеттен ғылым мен тех­никаға ауыса бастады.
Әлем­дегі Жапония, Германия, АҚШ, Ко­рея сынды елдерде аталған сала жоғары деңгейде дамыған. Бұл елдерде робототехниканың үздік жетіс­тіктері ғылымда, өндірісте кеңі­нен қолданылады. Германиядағы өндірістік роботтарды шығару жөніндегі әлемдік көшбасшы «KUKA» компаниясы, Жапониядағы «KAWASAKI ROBOTICS», «FANUC», «OTC Daihen», «Panasonic», АҚШ-тағы «Triton Manufacturing», «Kaman Corporation» сынды компаниялардың жемісті жұмыстарын айрықша атап өтуге болады.

Жалпы, жаһандану үрдісінен қалмау әр дамушы мемлекеттің басты қағидасы. Елімізде де осы сала қарқынды даму үстінде. Соның бір айғағы Қарағанды қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде робототехникадан облыстық іріктеу жарысы өтті. Жарыста  аймағымыздың әр өңірінен жиналған 29 команда өзара сынға түсіп, бақтарын сынады.

Сайыс барысында бірінші орын иегерлері қатарында Балқаш қаласының оқушылар сарайынан Айтөре Мәжитов, Асыл Әкімханов, Қарағанды қалалық Н.Нұрмақов атындағы ММИ-ның оқушылары Ерсұлтан Жолдасбаев, Елтай Қасым және Шахтинск қаласы жасөспірімдер орталығынан Максим Вагнер, Дмитрий Письменчук, Қарағанды қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінен Ерасыл Қадыржанов, Ерасыл Тұраров, «Мұрагер» ММИ-нан Амир Чавоши, Асан Асакаев, сондай-ақ, Шет ауданы Ж.Ақылбаев атындағы мектеп гимназиясының оқушылары Асламбек Еркебаев,  Ғабдолла Серіков алғашқы үздіктер қатарынан көрініп, бірінші орындарға ие болды.

Сайыс барысында екінші, үшінші орын иегерлері қатарында Сәтбаев қаласы №15 жалпы білім беретін орта мектебінің және Қарағанды қалалық С. Саттаров атындағы №57 мектеп-лицейінің, №38 мектеп гимназияның, №23 мектеп оқушылары иеленді.

Осылайша  бірінші орын ал­ған командалар облыс құрама команда қатарына енді. Жалпы, роботтарды құрастырумен айналысу – оқушы үшін аса білімділікті және техникалық ептілікті қажет етеді. Сайысқа қатысқан оқушылар үшін бұл – қызығушылығын арттыру болып саналуы мүмкін. Алайда, елімізде бүгінгі таңда робот жасауға дағдыландыру басты міндет болып табылады. Қазіргі таңда осы себепті жастар арасында робот техникасына деген қызығушылықты арттыру қажет. Назарбаев-Зияткерлік мектебінде робототехникадан өткен облыстық іріктеу жарысы аймақтағы білікті оқушылардың басын қосып, инновацияның маңызын арттыру болып саналып отыр. Елбасымыз Н.Назарбаев жастарға қаратып «Біз білімді дамыту жағын ойластырдық. зияткерлік мектептер құрылды, оған ең талантты балалар қабылдануда. Шетелде жұмыс істейтін отандық ғалымдар елге орала бастады, мұнда оларға тиісті жағдай жасалуда. Инновацияны дамытудың алғышарттары деген осы. Кедендік одаққа қатысушы ел әрі Дүниежүзілік сауда ұйымының болашақ мүшесі ретінде біз үшін бұл маңызды мәнге ие. Мен жастарымызға тағы да айтамын – ғылыммен айналысыңыздар. Мемлекет өз тарапынан инновациялық жұмыстың дамуын жан-жақты қолдайды» деген болатын. Қазіргі таңда жастардың тегіс инновациялық жобалар ойлап тауып, жан-жақтылығын арттыру мақсатында тиісті жағдай бар. Ғылым жолы – оқушыны биік белестерге жетелейтіні сөзсіз.

Облыс бойынша өткен шараның жеңімпаздары алдағы уақытта қазан айында Астана қаласында өтетін олимпиаданың облыстық кезеңіне қатысады. Ал, республикалық сайыста үздік атанғандар халық­аралық «World Robots Olympiad» атты додада  Нью – Дели қаласында ел намысын қорғауға мүм­кіндік алмақ. Қазақстанның болашақ инновациядағы жеңімпаз жастарына сәттілік тілегіміз келеді. Ендігі еліміздегі жас дарындардың шығар биігі – ел болашағына арнаған ғылымдағы жетістіктермен сараланбақ.

Д.АҚЫЛТАЕВ

Қарағанды облыстық білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының әдіскері.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.