Бәрекелді!

Құрметті профессор атанды

Солтүстіктен сүйіншілеген хабар жетті. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, көрнекті ғалым, Арқа журналистикасының абызы Зарқын ТАЙШЫБАЙ ағамызға білім және ғылым саласына сіңірген еселі еңбегі үшін «Қазақстанның Құрметті профессоры» атағы беріліпті.

Ұстаздықпен бірге ғылымға да айтарлықтай үлесін қосып келе жатқан Зарқын ағамыздың есімі оқырман қауымға етене таныс. Қарағанды университетіндегі журналистика кафедрасының негізін қалаған көрнекті ғалым қазақтың тау тұлғаларын үнемі насихаттап, азаматтық парызын адал атқарып келеді. Мәселен, Абылай хан туралы еңбегі сұраныстың көптігінен бес мәрте басылып шыққан. Тың деректерге толы Абай мен Шоқан жайлы жинағы, ақын Мағжанның ғұмыры жайлы «Мағжанның Қызылжары» кітабы оқырманның олжасына айналған сүбелі туындылар. Естеріңізге сала кетейік, былтыр да Зарқын Сыздықұлы Жоғары мектеп Ұлттық Ғылым Академиясының академигі атанған еді. ҚР «Bilim orkenieti» Ұлттық ғылыми-инновациялық орталығы тағайындайтын мәртебелі атақты ғалымның отандық ғылымды өркендетуге қосқан өлшеусіз еңбегіне берілген лайықты баға деп білеміз. Газетіміздің тұрақты авторы Зарқын Сыздықұлын мәртебелі марапатымен құттықтап, толағай табыстар тілейміз!

Басқа материалдар

Back to top button