Жаңалықтар

ҚҰРМЕТ пен ІЛТИПАТ

       Қазақ халқы ата-бабасының бейітіне қашан да құрметпен қараған. Мал аяғы баспасын деп, қоршап қою да жат дүние емес. Міне, биылғы 25 маусымда Қарқаралы ауданына қарасты Қызылту ауылының атқамінер азаматтары осы ауылда кіндігі кесіліп, түндігі түрілген тұрғындардың басын қосып, ауыл маңындағы зиратты қоршап, мәңгілікке тыныстаған аруақтарға арнап ас берді.

Қолдан келсе, туған жеріңе тұмар болып, пайдасына жарап, қажетінен табылғанға не жетсін? Ұйымдастырылған игі шараға Ақтай Жұманбаев, Құрмет Мазин, Қанай Омаров және ағайынды Нұрбай мен Ержан Бұқарбаев есімді азаматтар ұйытқы болды. Әрине, көптің басын қосып, көз сүйсінер, көңіл марқайтар дүние жасау оңай емес. Тұрғындардың тілін тауып, алыс-жақынға қоныс аударған байырғы ауыл тұрғындарын іздеп бару да, хабар беру де қиямет-қайым шаруа. Дегенмен, ұйымдастырушылар соның біріне мойымады. Тіпті, өз аттарынан жылқы атап жатқандар тағы бар.

Сонымен, Қызылтудың кіндігіне бірнеше ақбоз үй тігіліп, жылқы сойылып, құран бағышталып, ас берілді. Жастар көкпар тартып, күш сынасса, балалар жарыс алаңында жүгіріп, жүлделі орындарға ие болып жатты. Көріспегені көрісіп, табыспағаны табысты. Бір атаның баласындай Қызылту дейтін қара шаңырақта бас қосып, арқа-жарқа болды.

– Өз басым, мұндай игі бастаманың қолға алынғанына қатты қуандым. Менің әкем де, атам да осы топырақта жатыр. Әкем Мәри Оспанов осы ауылдың тумасы. 1930 жылы Қарағандыға келіп, қарапайым шанашыдан учаске басшысына дейін көтерілген белгілі шахтер еді. Түсіп Күзембаев, Смайл Көпбаев, Сәбит Майжаханов, Шахман Ақпөпенов, Жақып Майжаханов, Башыр Нұрмағанбетов сынды белгілі кеншілермен қатар жұмыс жасаған. «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен де марапатталды. Сөйткен әкемнің есімі облыстық мұражайда Түсіп Күзембаевтың есімімен қатар тұр. Дегенмен, Қарағандының тау­-кен өнеркәсібіне жиырма бес жыл ғұмырын арнап, тоқсанға қараған шағында дүниеден озған әкеме ту­ған ауылының топырағы бұйырды. Сол топыраққа тәу етіп мен де бардым, – деді Мәри Оспановтың баласы Уәли Оспан.

«Өлі разы болмай, тірі байымас» дейді дана қазақ. Ал, өліге – иман, тіріге – береке берер бұл игі іс – туған жерге, өмірден озған бабаларға деген құрмет пен ілтипаттың белгісі дерсің.

Рауан ҚАБИДОЛДИН.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button