Осакаров

Құрмет – қарияларға

    1 қазан – Қариялар күні қарсаңында Осакаров ауданының әкімдігі осы өңірдегі қарттар мен ардагерлерге айтарлықтай құрмет көрсетіп, мерекелік көңіл күй сыйлады. «Батыр аналарды» құттықтаудан басталған мейрам үлкен дастарқан басындағы той-думанға ұласты. Осакаров ауданының әкімі Нүркен ҚОБЖАНОВ, аудандық мәслихат хатшысы Қанат САҚҚҰЛАҚОВ, аудандық ардагерлер кеңесінің өкілдері арнайы қатысып, мерекелік шараны қариялармен бірге тамашалады.

«Дүниеге келер бір рет,

Дария – кеуде, тау – мүсін.

Құрыштан құйған құдірет –

Қарттарым, аман-саумысың?» (С.Жиенбаев) деген халқымыз қашаннан бері қарияларды құрметтеп, қадірін парықтай алған. Айтқандары бір елге мұра болар, болашақты болжаған ғұламалар да – осы қариялар. Алаштағы айтулы ақын М.Мақатаевтың «Мен қарапайым қарттарды сүйемін» деуінде де терең бір сырдың қайнары жатса керек. Не керек, қарты бар елдің қазынасы сарқылмақ емес. Қазақ үшін қай заманнан бері құрметтің де, сый-сияпаттың да қомақтысы – кешегі ата-ана, бүгінгі қарияларға арналған, сондықтан. Ел ішінде ертеден келе жатқан үлкен сыйлау үрдісінің бұзылмай бүгінге жеткені дәстүр сабақтастығы емей не?! Оның өзі – осы қарапайым қарттардан қалған жоралғы. Және сондай үлкенді сыйлау, қарттарды құрметтеуді әуелі аудан басшысының өзі қолға алып, елге үлгі етіп жатқаны да бір ғанибет, жақсы жоралғы дерлік! Мұндай сауабы мол баталы шараға біз осы жолы Осакаров ауданы әкімінің қарттарға қылған құрметі барысында куә болдық.

Аудан басшысының алғаш ат басын тірегені – «Батыр ана» Татьяна Хрущеваның шаңырағы. 1939 жылы Белоруссия орманында дүниеге келген Татьяна Михайловна биыл 78-де. «Алтын алқа» орденінің иегері. І, ІІ, ІІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған. 1958 жылы күйеуімен бірге Қазақстанға келіп, Тельман ауылы төңірегіне қоныстанған. Пошта қызметінде жүріп, зейнеткерлікке шыққан «Батыр ана» 18 құрсақ көтеріпті. Алтын құрсақ анадан туған 18 баланың бүгінде 15-і әр салада әр түрлі қызметтер атқарып жүр. Қазақстанда, Ресейде, Молдавияда. Өзі қазір аудан орталығында қызы мен немересінің қолында бақытты, баянды ғұмыр кешуде. Аудан әкімінің гүлмен көмкерген қораптағы қомақты сыйлығын қуана қабылдады. Мереке қарсаңында үйіне үлкен қызы қарт анасын мерекесімен құттықтап келіп жатыр екен. Оның үстіне «Батыр ананы» Нүркен Сайфиддинұлы да құттықтап, қуанышы еселене түсті. Сондығынан болар, 18 құрсақ көтерген әзіз ана әңгімеде ашыла түсті. Белоруссиядағы балалық кезін есіне алып, Осакаров ауданына қалай қоныс аударғанын да айтты. «1958 жылдан бері осы төңіректе түтін түтетіп, ұрпақ өрбіткелі мұнда тамырыммен байланып, біте қайнасып кеттім. Елдің бейбітшілігінен артық не бар дүниеде?!» дейді. Әңгімесінен Елбасының саясатын толық қолдайтынын аңғару да қиын емес. Емен-жарқын әңгіме барысында аудан әкімі де ол кісіні құттықтап қана қоймай, қарттарға деген қамқорлық – Елбасы саясатының басым бағыты екенін қаперледі. Сонымен қатар, ағарған шашты, қартайған басты сыйлау – қазақ халқының қастерлі салтының біріне жататынын еске салды. «Қария, қарттардың бәрі құрметке лайықты. Оның ішінде сіздей көп құрсақ көтерген мәуелі бәйтеректің жөні тіптен бөлек» деген мазмұндағы жылы лебіз алтын құрсақты ананың мәртебесін көтеріп тастағандай.

Бұдан кейін аудан басшысы Нүркен Қобжанов Мәрияш әже Шалабаеваның шаңырағына бас сұқты. Ақ жаулықты әзиз жанды арнайы құттықтап, сый-сияпат сыйлағаннан артық не бар? Он баланы өмірге әкеп, тәрбиелеп өсірген «Батыр ана» Нүркен Сайфиддинұлын қуана қарсы алды. Аудан әкімінің құттықтап, гүл ұсынғанына мәз болғанына біздің де көңіл өсті. Елдің өсіп, өркендеп жатқаны осындай аналарымыздың ұрпақтарының арқасы дестік іштей. Биыл 82-ге келген кейуана қартайғанымен, тың, ширақ екен. Немерелерін санамағанда, 15 шөбере сүйіп отырған кейуананың бақытын Құдай көп көрмесін! Балалары Қазақстанның әр түпкірінде. Астана, Алматы, Қарағанды, Теміртауда. І, ІІ, ІІІ дәрежелі «Ана даңқы» орденін иеленген «Алтын алқа» иегерін аудан әкімі мерекесімен құттықтап қана қоймай, аз-кем әңгіме-дүкен құрды. «Сіздей «Батыр аналар» қазір өте аз. Сондықтан, сонау қиын кезеңнің өзінде тіршіліктің тамырын соғып тұрған сіздермен біз мақтанамыз. Сіздердің өмір жолдарыңыз бүгінгі барша жас аналарға үлгі-өнеге ғана емес, үлкен асу болып қалды. Аллаға шүкір, қазір сізде бәрі бар. Осы бар бақыттың қызығын көрерге тек денсаулық пен ғұмыр берсін Алла», – деді аудан басшысы. Іліп алғандай Мәрияш әже «сіздерге де жұғысты болсын» деп баталы тілегін жұптады.

Аудан орталығындағы Қарттар күніне арналған мерекелік шараның қорытындысы Осакаровка кентіндегі таңдаулы кафелердің бірінде өтті. Онда осы аудан көлеміндегі қарт-қарияларға арнайы дастарқан жайылып, мерекелік концерт ұйымдастырылды. Елге еңбегі сіңген ардагерлер ауданның әр түпкірінен шақырылған екен. Мол дастарқан үстінде отырып, концерт тамашалады. Осакаров ауданының Құрметті азаматы атағын алған қарттар сөз сөйлеп, осындай той-думан, қызық қылған аудан әкіміне алғыстарын жаудырды. Әсіресе, аудандық мәдени сауық орталығының жетекшісі Гүлжан Елеубаеваның ұйымдастыруымен аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздары қойған концерт қарттар көңілін шат-шадыман етті. Шараның салтанатты ашылуынан кейін аудан әкімі Нүркен Қобжанов қарттарды мерекесімен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Мерекелік шара барысында Гүлбану Байжанованың жетекшілігіндегі «Ханиса» бишілер тобы, Анаргүл Наурызханның жетекшілігімен құрылған №1 орта мектеп мұғалімдері (хор), «Ақниет» хореографиялық ансамблінің сүйемелдеуімен Нұрайым Момынбекова мен Дамира Мусина, №1 мектеп оқушыларының ансамблі, Владимир Кошевец пен «Ару ана» әжелер ансамблі, «Жігер» квартеті және Сержан Аманбала, Досжан Кенжетай, Саят Лекеров өнер көрсетіп, қарттарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Жәнібек ӘЛИМАН

ОСАКАРОВ ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button