Әріптестік – әлеуетті
Кеше облыс әкімі Нұрмұхамбет ӘБДІБЕКОВ Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Моджтаба ДАМИРЧИЛУмен кездесті. Кездесу барысында ел инфрақұрылымын дамытудағы өзекті мәселелер сөз болды.
– Бұған дейін 2008 жылы Қарағанды облысы мен Иран елінің Орталық губерниясы Аран қаласы арасында екіжақты келісім жасалғаны белгілі. Сол ынтымақтастықтың нәтижесінде қазіргі таңда облыстың сыртқы сауда айналымындағы Иран елінің өнімдері – 13 пайызды құрайды. Аймақтағы жеті кәсіпорын Иран елімен серіктестік орнатқан, – деп атап өтті.
Жиында сөз алған Елші екі ел арасындағы ынтымақтастық жобаларына тоқталды.
– Сіздерді Қазақ елі Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен құттықтаймын. Қарағанды облысы Қазақстан Республикасы бойынша тау-кен индустриясының бесігі ретінде ел дамуына қарқынды үлес қосып келеді. Осы ретте екіжақты серіктестікті нығайтуда біраз мемлекетаралық келісімдерге қол қойылды. Сондай-ақ, бізге Иранға қарсы санкциялардың алынуы тиімді ықпал етті. Сәуір айында ҚР Президенті Н.Назарбаев Иран елімен бірлескен 66 құжатқа қол қойды. Соның біразы – Қарағанды облысының кәсіпорындарына тиесілі, – деді ол.
Жиында белгілі болғандай, алдағы уақытта Қазақстан мен Иран арасында инвестициялық байланыстар негізінде Қарағанды облысында бірқатар жобалар жүзеге аспақ. Әсіресе, тау-кен өндірісі, мұнай және газ, жаңа технологиялар бағытындағы экономикалық байланыстар төңірегінде көліктік-транзиттік әлеуетті арттыру жұмыстары қолға алынбақ.
– Біраз сағаттар бұрын сіздердің өңірдегі «АрселорМиттал» компаниясының басшыларымен кездесу барысында өзекті мәселелер талқыланды. Иранның транзиттік тасымалы жөнінде бірлескен инвестициялық жобалар жөнінде сөз болды. Алдағы уақытта Иран елінде жаңа зауыт салынады. Зауытқа 4 млн.тонна темір және 1 млн. тонна кокстелген көмір қажет. Осы ретте Қарағанды облысының кәсіпорындарымен ынтымақтастық орнату аса маңызды, – деді Иран Елшісі.
Аяулым СОВЕТ
Суретті түсірген Л.ГАЛИМОВ,