Республикалық театр фестивалі мәресіне жетті

КСРО-ның Халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ұлттық театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі Қалибек Қуанышбаевтың туғанына 130 жыл толуына орай «Сын – шын болсын» атты II республикалық театр фестивалі мәресіне жетті. 6 күнге созылған өнер мерекесіне еліміздің ең беделді 9 театрының әртістері қатысып, бақ сынады.

Байқаудың Бас жүлдесін Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры «Бернарда Альбаның үйі» спектаклімен қанжығасына байлады. Бернарда рөлін Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Гүлжамал Қазақбаева сомдады. Спектакльдің қоюшы-режиссері Дина Жұмабай.


Жүлделі I орын Теміртау қаласының балалар мен жасөспірімдер театрына «Поминальная молитва» спектаклі үшін берілсе, II орынға Талдықорғаннан келген Б.Римова атындағы қазақ драма театры «Аты жоқ жұлдыз» қойылымымен лайық деп танылды.


Сонымен қатар, «Үздік режиссура» номинациясымен С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық драма театрының қоюшы-режиссері Мейрам Хабибуллин, «Үздік ансамбль» жүлдесімен Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалық драма театры, «Үздік актер» жүлдесімен С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық драма театрының актері Ардақ Жарқынбеков, «Үздік актриса» аталымымен – Теміртаудың балалар мен жасөспірімдер театрының актрисасы Наталья Снегирева, «Үздік сценография» жүлдесімен Түркістан музыкалық драма театрының суретшісі Нұрлан Төлешев, «Екінші пландағы үздік актер» жүлдесімен Семейдің «Дариға-ай» жастар театрының актері Думан Өмірбаев, «Екінші пландағы үздік актриса» номинациясымен Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актрисасы Тынышгүл Сұлтанбердиева марапатталды.

Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.