Жаңалықтар

Құрбандыққа шалынатын мал қандай болуы керек?

Шариғат ережесі бойынша, ұрғашы мал да, еркек мал да құрбандыққа жарай береді.

Сурет: almaty.tv

Алайда қой мен ешкінің еркегі, ал сиырдың ұрғашысы болған дұрысырақ. Қой мен ешкі бір жастан, сиыр – екі, түйе – бес жастан асқан болуы керек. Дегенмен, алты айдан асқан қозы, я болмаса, тоқты ірі болса құрбандыққа шалуға рұқсат. Ондай жағдай қолы қысқа, әлеуметтік жағдайы көтермейтін адамдарға тән. Алты айлық тоқтының құрбандыққа жарайтынын анықтаудың бірден-бір жолы: денесі бір жасқа толған қойдың денесімен тең болуы керек екен. Жағдайы барлар мүмкіндігінше бір жасар қой немесе ешкіні құрбандыққа шалғаны дұрысырақ делінеді. Ал сиыр мен түйені жеті адам бірігіп, құрбандыққа шалса да болады. Ханифа мазһабына қатысты шариғат үкімдерін баян ететін «Һидая», «Мухтасарүл-Қудури», «Әл-Лүбабу фишшархил-Китаб» кітаптарына сәйкес, бойында төмендегідей кемістігі болған мал құрбандыққа жарамайды:

1. Екі немесе бір көзі соқыр;

2. Өте арық;

3. Сойылатын жерге жүріп бара алмайтын дәрежеде арық немесе ақсақ;

4. Құлағы, құйрығы немесе басқа мүшесінің үштен бір бөлігінен көбі жоқ мал;

5. Желіні кесілген (қой мен ешкіде бір, сиырда екі желіні кесілген болса);

6. Дәрі әсерімен желіні тартылған;

7. Нәжіс азықпен қоректеніп, көп уақыттан бері таза нәрсемен бағылмаған;

8. Мұрны кесілген;

9. Тісі жоқ;

10.Ауру мал.

Ал аталған кемшіліктер малды сатып алғаннан кейін пайда болса, қайтадан құрбандыққа жарайтын малды сатып алу қажет. Бірақ кедей адамның құрбанында бір кемшілік шықса, сол малды шала береді. Себебі кедей адамның шалған құрбандығы – нәпіл құрбан. Нәпіл ғибадатта кешірім бар. Бұдан бөлек, мүйізсіз, мүйізі сынған және ақталанған мал құрбандыққа жарайды. Ал желіні тартылған кәрі мал мен емізулі төлі бар малды құрбан ету мәкрүһ. Құрбандыққа шалынатын өгізге міну немесе оған соқа жегіп жер жырту мәкруһ болады. Малды алғанда саудаласуға рұқсат бар. Ең бастысы, құрбандықтың кем-кетігі болмауы шарт.

Басқа материалдар

Back to top button