Құралайды көзге атқан кіл мерген
20 тамыз күні «Спасск» оқу-жаттығу орталығында «Алтын үкі – 2018» арнайы мақсаттағы халықаралық мергендік жұптар сайысының салтанатты түрде ашылуы өтті. Халықаралық сайыста әлемнің алпауыт елдерінің «сен тұр, мен атайын» мергендері бақ сынамақ.
– Құрметті қонақтар, генералдар мен офицер мырзалар және жарысқа қатысушылар! Бүгін біз дәстүрге айналған «Алтын үкі – 2018» арнайы мақсаттағы халықаралық мергендік жұптар сайысын бастағалы отырмыз. ҚР Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы – Елбасы және Қорғаныс Министрлігі осындай шет мемлекеттері мен әскери ынтымақтастықты нығайту мен дамытуға үлкен көңіл бөліп отыр. Оған дәлел, бүгінгі шараға әлемнің 11 елінен 27 команданың қатысуы. Жарыстың мақсаты – мергендік дағдыны жетілдіруде тәжірбие алмасу және достық қарым-қатынасты нығайту болып табылады. Бүгінгі жарыста үздіктің үздігі жеңіс тұғырынан көрінеді деп сенеміз. «Алтын үкі – 2018» сайысын ашық деп жариялаймын, – деп жиынды ашып берді ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев.
Биылғы жиынға Беларусь, Бельгия корольдігі, Біріккен Араб Әмірліктері, Италия, Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Өзбекстан, Пәкістан, Ресей, Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия біріккен корольдігі, Үндістан елдерінен оғы жүзіктің көзінен өтетін мергендер жиналыпты.
Құрметті Нұрлан Ермекбаев, сарбаздар мен мергендер! Ең алдымен, Қарағанды жеріне қош келдіңіздер! Мұндай халықаралық сайыстың біздің өңірде өткізіліп отырғаны біз үшін үлкен мәртебе және үлкен жауапкершілік. Бізге сенім көрсеткендеріңіз үшін ҚР Қорғаныс министрлігіне алғыс білдіремін. «Алтын Үкі – 2018» жай ғана сайыс емес, қатысушылар үшін үлкен мектеп. Осы мектепте тәжірибе алмасып, жаңа достар тауып, өздеріңіз үшін жаңа жаңалықтар ашасыздар. Отандарыңыздың тыныштығы мен бүтіндігі көп жағдайда сіздерге байланысты. Сол себепті, Қарағандыда өткен күндеріңіз сәтті әрі мазмұнды өтсін. Ол үшін біз барлық жағдайды жасайтын боламыз. «Алтын үкі – 2018» сайысының ашылуы құтты болсын! – деп өз құттықтауын білдірді облыс әкімі Ерлан Қошанов.
ҚР Қарулы Күштерінің арнайы мақсаттағы бөлімшелері жауды жоюдағы әдіс-тәсілдерді ел назарына ұсынған соң, салтанатты шара мерекелік қойылымға ұласты. Елдің рухын биіктететін әндер шырқалды. Театрландырылған көріністер қойылды. Қазақ елінің көне бес қаруынан бастап, бертінге дейінгі қару-жарақтың ұрыс тәсілдерін көрсетті. Шетелден келген қонақтар қалта телефондарына түсіріп, тәнті болып жатты.
Қазақтың мерген қызы жайлы «Әлия» әні елдің намысын қорғайтын біздің жігіттерге жігер сыйламай қойсын ба?! Бүгінгі күннің әнұранына айналған «Мен қазақпын» әні мен «Көк тудың желбірегені» ше?!
Ашылу салтанатының соңына қарай, қару-жарақтар мен әскери техникалардың көрмесі жиынға көрік берді десе де болады. Қару-жарақ, техникалар қонақтарға жіті таныстырылды.
Ендігі, сұрмергендер бес күн бойы әртүрлі қашықтықтардан, жылдамдықтан, әртүрлі нысаналар бойынша оқ атудан, бүркемелеу мен ойлы-қырлы жерлерде бағдарлау машығынан үздік атағына иелену үшін барын салып күреспек.
– Халықаралық «Алтын үкі» мергендік жұптар сайысы біздің елімізде 2008 жылдан бастап өткізіліп келеді. Бұл – ең ауқымды шара болып саналады. 2008 жылы сайысқа бес қана елден мергендер келсе, биыл 11 мемлекеттен үздік мергендер келіп отыр. Біздің елдің құрамалары шетелден артық болмаса, кем емес. Себебі, алдыңғы жылы мергендердің алғырлығына, ынталарына орай жеңіс тұғырынан көрінген едік. Биылғы жарысқа да дайындық жаман емес. Тағы да үздікдер қатарынан көрінеміз деп ойлаймын. Сайыстың ерекшелігіне тоқталатын болсақ, командалар өз қаруларымен келеді. Бұл халықаралық жарыс қазіргі заманда ең бірінші мергендердің шеберліктерін арттыру, дамыту және жетілдіру болып саналады. Жаппай терроризмге қарсы арнайы мақсаттағы құрамдардың бірлесе күресуде сайыстың тәжірбиесі өте зор деп ойлаймын, – дейді жарыс басшысының орынбасары Сұңқар Иманқұлов.
Осылайша, Спасск алаңы бес күн бойы кіл мергендер мекеніне айналмақ.
Қасымхан ҒАЛЫМ,
«Орталық Қазақстан»