Сұхбат

Құралай ӘБЕНОВА: «Экономика саласына білікті кадрлар жетіспейді»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ Қазақстан халқына Жолдауында «Сұранысқа ие барлық мамандық бойынша техникалық және кәсіби білім жүз пайыз тегін берілуі керек» деген еді. Білім беру саласының бұл түрі бойынша облыс көлемінде қандай жұмыстар атқарылуда? Осы мәселе төңірегінде облыстық білім басқармасының техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы Құралай ӘБЕНОВАМЕН сұхбаттасқан едік.

– Құралай Мұхамедғалымқызы, «тегін техникалық және кәсіби білім беру» жобасы облыс көлемінде қалай жүзеге асуда? Биылғы талапкерлер техникалық және кәсіптік білім беру бойынша қай мамандыққа көбірек таңдау жасаған?

– Биыл 8815 талапкер оқуға түскен. Алдыңғы жылы бұл көрсеткіш төмен болды. Былтыр мемлекеттен 8700 грант бөлініп, оның 10%-ы игерілмей қалды. Яғни, оқуға түскен түлектер саны 8700-ге жетпеді. Ал, биылғы жылы оқуға түскен түлектердің саны көбейгенін көріп отырмыз. Жаңа оқу жылында Қарағанды жоғарғы политехникалық колледжі мен Ж.Букенов атындағы Қарағанды банк колледжіне түскен талапкерлердің саны жоғары. Қазіргі жастардың, көбінесе, медициналық және педагогикалық мамандықтарға деген қызығушылығы жоғары. Сол себепті, осы екі саланың мамандықтары ең көп таңдалатынын айтып өткен жөн.

2019 жылы Елбасы «Жас маман» жобасын ұсынған еді. Онда еліміздің барлық аймақтарынан 180 колледж енді. Ал, облыс бойынша 2020 жылы 7 колледж, биыл 8 колледж кірді. Аталған колледждердің материалдық және техникалық жағдайын жаңарту бойынша мемлекеттен әрқайсысына 250 млн. астам ақша бөлінді. «Жас маман» жобасы аясында аталған арнайы оқу орындарына жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Облыс бойынша 8 колледжде жабдықтандыру жұмыстары жалғасып жатыр. Біз бұл жұмыстарды жылдың соңына қарай аяқтаймыз деп отырмыз.

Былтыр «Жас маман» жобасына қатысқан колледждер жанынан әр түрлі мамандықтар бойынша құзыреттілік орталықтар аштық. Оның ішінде көлік, қызмет көрсету, тамақтандыру ұйымдары, т.б. мамандықтар бар. Басқа колледждің студенттері де осы орталыққа келіп, тәжірибеден өтті. Бұдан бөлек, өндірістік оқыту шеберлері колледждердегі құзыреттілік орталықтарынан тәжірибе алмасты. Колледждерде оқыту мен білікті мамандарды тәрбиелеуде оқытушылар мен студенттерге мемлекет тарапынан жасалып жатқан осындай жұмыстарды атап өту маңызды.

Ұзаққа созылған пандемия оқыту жүйесіне қаншалықты әсер етті?

– Пандемия бізге де кері әсерін тигізді. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша жасалған мониторингте оқу сапасының айтарлықтай төмендегені байқалды. Сондықтан, оқу-әдістемелік орталығы мамандарды даярлауға арналған оқу бағдарламаларын қайтадан жетілдіруді қолға алды. Колледж студенттері зауыттар мен фабрикаларда іс-тәжірибеден өте алмады. Өз жұмысының қыр-сырын меңгеру үшін студенттер тәжірибеден өткенде оны көзбен көріп, қолмен ұстап, өздерінің мамандықтары бойынша жұмыс жасап көргенде ғана бұл іс өз нәтижесін беретіні рас. Пандемия кезінде осындай уақытша қиындықтар болды. Студенттер тәжірибеден онлайн режимде өтті. Әсіресе, техникалық және кәсіптік оқу орындарында оқитын студенттер үшін онлайн режимде өткен тәжірибе тиімсіз. Сол себепті, алдыңғы жылдың оқу сапасы едәуір төмендеді. Бірақ, жаңа оқу жылында 1 қыркүйектен бастап барлық колледждер бұрынғыдай дәстүрлі оқыту жүйесіне көшті.

– Кәсіби маман дайындауда ең көп күш салатындар – оқытушылар. Олардың біліктілігін арттыруда арнайы курстар өткізіле ме?

– Оқытушыларға біліктілікті арттыру жұмыстары әрдайым ұйымдастырылып отырады. 2020 жылы облыс бойынша 1840 мұғалім жаңартылған білім беру мазмұны бойынша біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Қазіргі кезде облыстық білім басқармасының жоспары бойынша кезең-кезеңімен жалпы білім беру, одан кейін арнайы пән мұғалімдерін оқыту жүзеге асырылуда.

Жақында мемлекеттік және жекеменшік колледж мұғалімдері IT саласы бойынша оқыту курстары жүргізілді. Оны облыстық білім басқармасы жанындағы оқу-әдістемелік орталығы өткізді. Қазіргі кезде 170 колледж басшылары мен орынбасарлар, арнайы пән оқытушылары жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша онлайн оқудан өтуде. Бұрын колледж оқытушыларын курстан өткізу қиын болатын. Ал, қазіргі кезде мұғалімдердің онлайн сабақ беру кезіндегі техникалық дағдыларды меңгеру үшін арнайы курстан өтуге деген қызығушылықтары артты.

– Техникалық және кәсіптік оқу орнын бітірген жас мамандар мемлекет тарапынан жұмыспен қамтыла ма?

– Мемлекет тарапынан жұмыспен қамтылмайды. Университет бітірген түлектер заң бойынша міндетті түрде мемлекеттік грантты өтеп, 3 жыл бойы жұмыс істеуі қажет. Ал колледж түлектерінде бұндай түсінік жоқ. Сондықтан, колледж түлектері өздері жұмысқа орналасады немесе білімін жетілдіру мақсатында жоғарғы оқу орындарына оқуға тапсырады.

– Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз…

– Экономика саласына білікті кадрлар жетіспейді. Біз осы мамандарды сапалы дайындауға көңіл бөліп отырмыз. Бұл жөніндегі жұмыстар жоспарлануда. Сондай-ақ, білікті маман дайындауда мектептер мен ауруханалар, зауыттар, фабрикалармен келіссөздер жүргізіп, студенттердің тәжірибе алмасуын қамтамасыз етуді қолға алдық.

– Сұхбаттасқаныңызға көп рақмет!

 Сұхбаттасқан Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.

Басқа материалдар

Back to top button