Аймақтың әлеуметтік міндеттемелерін толық орындау, инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту, денсаулық сақтау мен білім беру салаларын қолдау, халықты жұмыспен қамту және мәдени мұраны сақтау бағыттары облыстық мәслихатының кезектен тыс сессиясында қабылданған шешімдердің өзегі болды.

Облыстық мәслихаттың төрағасы Нұркен Кобжановтың төрағалығымен өткен кезектен тыс сессияда депутаттар 2026 жылға арналған облыстық бюджетті нақтылап, өңірдің алдағы даму қарқынына тікелей әсер ететін бірқатар маңызды мәселені қарады. Қаржының әр теңгесін нақты мақсатқа бағыттау қағидаты басшылыққа алынып, әлеуметтік саланың басымдығы тағы бір мәрте айқындалды.
Күн тәртібіне бірнеше мәселе шығарылды. Ең негізгісі – 2026 жылға арналған облыстық бюджетті нақтылау. Сонымен қатар, депутаттар Қарағанды облысы бойынша Ревизиялық комиссия туралы ережеге өзгерістер енгізіп, облыстық аумақтық сайлау комиссиясының депутаттық құрамдағы өзгерістер жөніндегі ақпаратын назарға алды. Өзгеріс облыстық мәслихат депутаты Бекзат Алтынбековтің өкілеттігінің мерзімінен бұрын тоқтатылуына байланысты енгізілді.
Сессияны ашқан Нұркен Кобжанов қазіргі экономикалық жағдайда бюджеттің әрбір бағыты жан-жақты сараланып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, қаржылық мүмкіндіктердің шектеулі болуына қарамастан, халықтың әл-ауқатына тікелей әсер ететін жобаларды қаржыландыру негізгі басымдық болып қала береді.
– Бюджетке түсетін жүктеменің жоғары болуына қарамастан әлеуметтік саланы қаржыландыру, инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру және облыс тұрғындары алдындағы міндеттемелерді орындау – біздің басты басымдығымыз, – деді Нұркен Кобжанов.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша облыстың экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Дулат Әшкенов баяндама жасады. Оның айтуынша, бюджетке енгізілген өзгерістер қосымша кірістер есебінен емес, ішкі резервтерді тиімді қайта бөлудің нәтижесінде жүзеге асырылып отыр. Мұндай тәсіл өңірдегі өзекті мәселелерді дер кезінде шешуге мүмкіндік береді.

– Коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жоспарлы түрде жалғасады. Негізгі назар су құбыры желілерін жаңартуға және алдағы жылыту маусымына сапалы дайындық жүргізуге аударылады. Сонымен бірге, білім беру және денсаулық сақтау нысандарын күтіп-ұстауға, ішкі істер органдары қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңімен арттырудың соңғы кезеңін қаржыландыруға қаражат бөлінеді. Сондай-ақ, халықты жұмыспен қамтуды қолдау шараларын іске асыруға және денсаулық сақтау саласы үшін білікті мамандар даярлауға қаржы қарастырылады, – деді басқарма басшысы.
Бюджетті нақтылау бірнеше стратегиялық бағытты қамтиды. Атап айтқанда, инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту, әлеуметтік нысандарды күтіп-ұстау, халықтың әлеуметтік қорғалу деңгейін арттыру, денсаулық сақтау мен білім беру жүйесінің материалдық-техникалық әлеуетін нығайту, мәдениет және архив ісін дамыту көзделген.
Бюджет нақтылауында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына ерекше назар аударылған. Қосымша қаражат Саяқ кентіндегі магистральдық су құбырын жөндеуге, Қарқаралы ауданының Татан ауылындағы су құбыры желілерін қайта жаңғыртуға бағытталады.
Одан бөлек, Осакаров ауданының Молодежный кентіндегі қазандықты коммуналдық меншікке сатып алу жұмысы қаржыландырылады. Бұл жобалар өңірдегі коммуналдық қызметтердің тұрақтылығын арттырып, алдағы жылыту маусымына сенімді дайындық жасауға мүмкіндік береді.
Бюджетте әлеуметтік бағыттағы шығыстар бұрынғысынша негізгі орын алады. Орфандық ауруларға шалдыққан науқастарды өмірлік маңызды дәрілік препараттармен қамтамасыз етуге қосымша қаржы бөлінбек. Бұл сирек кездесетін аурулармен ауыратын азаматтардың емін үзбеуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, ішкі істер органдары қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңімен арттырудың екінші кезеңіне қажетті қаражат қарастырылды.
Білім беру жүйесінде Қарағанды қаласында жөндеу жұмыстарынан кейін қайта пайдалануға берілетін №11 арнайы мектептің қызметін қаржыландыру көзделген. Бұдан бөлек, Қарағанды, Теміртау қалалары және Бұқар жырау ауданындағы бірнеше білім беру мекемесіне ағымдағы жөндеу жүргізіледі.
Денсаулық сақтау саласында медициналық кадрларды даярлау жалғасады. Қарағанды қаласындағы №1 және №2 көпбейінді ауруханалар, облыстық балалар клиникалық ауруханасы заманауи медициналық құрал-жабдықтармен толықтырылады. Қарқаралы аудандық ауруханасының материалдық-техникалық базасы нығайтылып, вакциналарды сақтау жүйесі жетілдіріледі. Бұдан бөлек, жедел медициналық жәрдем қызметіне смарт-бейнетіркегіштер сатып алынады.
Бюджетті нақтылау аясында қоғамдық жұмыстарды қаржыландыру көлемі ұлғайып, ерікті қоныс аудару бағдарламасының 37 қатысушысына көрсетілетін қолдау шаралары кеңейтіледі. Оның ішінде, экономикалық ұтқырлық сертификаттары бойынша төлемдер қарастырылған.
Сонымен қатар, Қарағанды облысының мемлекеттік архиві, Қарағанды қаласының мемлекеттік архиві және Шет ауданының Өспен ауылындағы мәдениет үйінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға қаражат бөлінеді. Бұдан өзге Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорын толықтыру мақсатында археологиялық артефактілерге ғылыми зерттеулер жүргізу де қаржыландырылады.
Кезектен тыс сессия барысында депутаттар Қарағанды облысы бойынша Ревизиялық комиссия туралы ережеге өзгерістер енгізді. Сондай-ақ, облыстық аумақтық сайлау комиссиясының облыстық мәслихат құрамындағы өзгерістер жөніндегі ақпараты назарға алынды.
Сессияны қорытындылаған Нұркен Кобжанов қабылданған шешімдердің өңірдің ұзақ мерзімді дамуына оң ықпал ететініне тоқталды.
– Бүгінгі кезектен тыс сессияда облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуын одан әрі қамтамасыз етуге бағытталған маңызды шешімдер қабылданды. Оларды тиімді іске асыру тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартып, өңірдің әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді, – деді мәслихат төрағасы.
Облыстық бюджетті нақтылау – өңірдің даму басымдықтарын қайта айқындайтын маңызды саяси әрі экономикалық шешім. Қабылданған түзетулер әлеуметтік міндеттемелердің толық орындалуын қамтамасыз етіп қана қоймай, коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға, денсаулық сақтау мен білім беру жүйесін нығайтуға, халықтың жұмыспен қамтылуын қолдауға және мәдени мұраны сақтауға мүмкіндік береді.
Ең бастысы – бюджет қаражаты өңір тұрғындарының күнделікті өміріне тікелей әсер ететін нақты мәселелерді шешуге бағытталды. Ал, қабылданған шешімдердің орындалуы облыстық мәслихат депутаттарының тұрақты бақылауында болады.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»



