Әр істің қайыры бар

Ел шетіне індет іліккелі оның таралуының алдын алу мақсатында атқарылып жатқан шараларды өзіміз көріп, көзіміз қанықты. Еңбектеген баладан, еңкейген кәрісіне дейін назардан тыс қалған жоқ. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» мақаласында солардың бәріне тоқталып, халықты сабырға шақырып, індетті бірлікпен ғана жеңетініміз айтылған.

Расында да, қазақ әр істің бір қайыры болады деп, артын сабырмен баққан. Қиын заманды бастан өткерсе де, ауызбіршілігін сақтап, жақсылықтан үмітті болған. Жақсы күндерде жасалған әр істің, атқарылған әр шаруаның бекер болмағанын, олардың халықты тұралатпай алып шығуда маңызы зор екенін көріп келеміз. Ұстанған саясаты – сарабдал, басшысы елін сыйлаған, халқы басшысын құрметтеген біртұтас ел әлі талай қиындықты еңсеретініне сенімдімін.
Әрине, шығынсыз болмақ емес. Жақсылық пен жамандық – егіз. Бірде жайлы, бірде жайсыз болса да, түбі жеңіп шығарымыз сөзсіз. Ол – анық. Елбасының да айтпағы – осы!

Ерлан ШЕГЕНОВ,
Қарағанды қаласы Октябрь ауданының
№3 аудандық сотының төрағасы.