Президент шыршасы – бүлдіршіндерге сый
Еліміздің әр аймағында жыл сайын Президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ атынан шырша тойын өткізу дәстүрге айналуда. Биылғы шырша мерекесі «ЭКСПО-ның жаңажылдық алауы» атауымен ұйымдастырылды. Қарағандыдағы шырша тойы «Олимпия» мейрамханасында өтті.
Шырша мерекесіне көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылар балалары, ата-ана қамқорлығынсыз қалған, мүмкіндігі шектеулі балдырғандар шақырылды. Сондай-ақ, 9-13 жас аралығындағы дарынды, оқуда озат, байқаулар мен жарыстарда топ жарған жеткіншектер қатысты.
Мерекелік іс-шарада облыстың қалалары мен аудандарынан келген 180 бала қонақтар қатарынан орын алды. Шара барысында облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков балаларды табалдырықтан аттағалы тұрған Жаңа жылмен құттықтады.
– Бүгін біз 2016 жылды үлкен құрметпен шығарып салып, Жаңа жылды қарсы алмақшымыз. Әрқайсымыз келешекке үлкен үмітпен қараймыз. Қымбатты балалар, сіздерді ел Президенті атынан Жаңа жылмен құттықтаймын. Сіздерге оқуда биік жетістіктер мен белестерді бағындыруды тілеймін. Ойлаған армандарыңыз орындалып, көздеген мақсаттарыңызға қол жеткізіңіздер, – деді аймақ басшысы өз сөзінде.
Шара шеңберінде әр балаға Мемлекет басшысы атынан сыйлықтар табыс етілді. Балалар кітаптар мен электронды планшеттерге, 15 мың теңгенің сертификаттарына, спорттық сөмкелерге, тәтті-дәмді тағамдар салынған қалташаларға ие болды.
Облыс әкімінің
баспасөз қызметі.