Партия бақылауы – тұрақты
Өткен аптада «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД Қарағанды облысына жұмыс сапарымен келді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ тапсырмасына сәйкес, жер-жерде шағын және орта бизнесті дамыту, бәсекеге қабілетті өндіріс ошақтарын құру бағытында сүбелі бастамалар, бірқатар игі істер қолға алынуда. Сапар барысында партия Төрағасының Бірінші орынбасары Елбасы тапсырмасы аясында атқарылып жатқан жұмыстардың аяқ алысына назар аударды.
Партия Төрағасы, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына орай, нұротандықтар мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру үшін бөлінген қаражаттың мақсатты әрі тиімді жұмсалуына ұдайы бақылау жүргізеді. Тек, соңғы 2,5 жылда Индустрияландыру картасы аясында кеншілер өңірінде жалпы сомасы 124,9 млрд. теңге болатын 22 өндірістік нысан іске қосылды. Соның нәтижесінде 6 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылды. Кепілдік беру, субсидиялау, гранттар бөлу сияқты кәсіпкерлерді қолдау тетіктерін жүзеге асыру үшін «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы биыл Қарағанды облысына 1,5 млрд. теңге бөлінген. Соның арқасында 2017 жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша 77 жобаның субсидияланғаны белгілі болып отыр.
Сапар шеңберінде Мұхтар Абрарұлы көлік және логистикалық орталық пен ескі автокөліктерді жою зауытында болды. Бұл кәсіпорындар Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы және «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламаларының нәтижесінде іске қосылған-ды.
Партия Төрағасының Бірінші орынбасары мамандандырылған көлік-логистикалық орталықтың аумағында орналасқан «Ригер» ЖШС-ға арнайы барды. Бұл жерде дәрі-дәрмектер мен медициналық заттар сақталады. Мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге қолдау көрсетіліп, 17 млн. теңгеге аталған нысанның қажетті инфрақұрылымы жүргізілді. Сондай-ақ, жобаның несие бойынша сыйақы ставкалары субсидияланатын болды. Кешен осы саладағы жетекші өндірушілер – Аустрия мен Ресейден әкелінген заманауи қондырғылармен жабдықталған. Жұмыс үдерісінің тиімділігін арттыру үшін автоматтандырылған басқару жүйесі енгізілген. Бұл медициналық препараттарды жеткізушіден тұтынушыға дейінгі тасымалдау кезеңінде сапасының жоғары деңгейде сақталуына кепілдік береді. Жобаның жалпы құны – 1 млрд. 372 млн. теңге. Осы ретте кешеннің басты тұтынушылары Қазақстанның ірі фармацевтикалық компаниялары екенін де атап өткен жөн.
Жалпы, Қарағанды облысының өңдеу және өндіру өнеркәсібі бойынша елімізде алғашқы орында екеніне ешкімнің таласы жоқ. Оған дәлел ретінде Қазақстандағы өңдеу саласының бестен бір бөлігін осы облыс қамтамасыз ететінін айтсақ та, жеткілікті. Нақты айтқанда, Қарағанды өңірінде 2017 жылдың қаңтар-шілде айларында өндіріс көлемі 950 млрд. теңгеден асып, 3,6 пайызға көбейген.
Сонымен қатар, Мұхтар Құл-Мұхаммед жаңадан іске қосылған ескі көліктерді жою зауытында болды. Ол жерде автокөліктермен қатар пайдалануға жарамайтын арнайы және ауыл шаруашылығы техникалары да жойылады. «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында орналасқан зауыттың Орталық Азияда ешқандай баламасы жоқ. Мұндағы индукциялық балқыту пешінің бір жылдық жобалық қуаты 22740 тоннаға дейін жетеді. Бұл – бір жылда 50 мың ескі автомобиль қайта өнделеді деген сөз. Яғни, зауытта көлік қалдықтарынан пештік отындар, шойын, болат, алюминий, түрлі-түсті металл құймалары және резеңке қиындылары дайындалады. Аталған жоба негізінен қоршаған ортаны қорғау және халықтың денсаулығын сақтауға, сондай-ақ, қалдықтардың жиналуы салдарынан болатын жағымсыз әсердің алдын алу мен оны азайтуға бағытталған.
Мұхтар Абрарұлы өңірде ашылған жаңа кәсіпорындардың маңызы мен тиімділігін жоғары бағалап, Елбасы қойған тапсырмалар мен міндеттерді орындау үшін барлық күш-жігерді жұмсау керек екенін айтты.
Елбасымыз бүкіл елімізге, әрбір қазақстандыққа қажет жағдайдың бәрін жасады. «Қазақстан – 2050» Стратегиясы қабылданды. «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары бекітілді. Оларды жүзеге асыру үшін жыл сайын триллиондаған теңге қаражат бөлінуде. Енді бізге, тек, білек сыбанып жұмыс істеу ғана қалды. Бүгін мен Қарағанды облысында Елбасы тапсырмаларының табысты орындалғанының куәсі болдым, – деді сапар қорытындысында Мұхтар Абрарұлы.
ӨЗ ТІЛШІМІЗДЕН.