Басты тақырыпРуханият

«ПАЙҒАМБАРЛАР ПАДИШАСЫ» рухани кешінде ел жылап отырды

Робот еместігіміз анық. Биороботтығымызға кейде сеніп қаламын. Өзекті жан болып көзіме жас алмағаныма біраз уақыт болыпты. Соңғы рет осыдан төрт жыл бұрын анам озғанда кәдімгідей жылағаным есімде. Ал, өткен жексенбіде көз жасыма ие бола алсамшы. Мен ғана емес, жүздеген жан көз жастарына ие бола алса, қане?! Біздер сағынған екенбіз. Ұлық Пайғамбарымыз – Мұхаммед алейһиссаламды…

Бесін намазынан кейін ел қала орталығындағы Кеншілер мәдениет сарайына ағылған. Мұнда «Пайғамбарлар Падишасы» атты рухани кеш өтетін еді. Көзге бірден түсетіні ел бір киерлерін үстіне ілген екен. Еңкейген кәрілер жүр. Жастар жағы қою. Орта жастағылар қарасы селдір.

Бұл кештің жарнамасын кездес­тірмегем. Соған қарамастан осыншама жан жиналғанына жаным семірген. Мұным да түк емес. Кірсем орын жоқ. Ел бір-бірінен билет сұрап жүр.

Санаулы уақыттан кейін сарай ішінде аяқ қояр жер қалмаған. Отыр­ғандар отырды, аяғына сенгендер тұр­ды, қалғандары есіктен сығала­ған…

Әдеттегідей ұлық Пайғамбарымызға құрмет қасиетті Құран оқудан басталған. Одан кейін әжелеріміз шашу шашып, ел бір-бірін мәулітпен құттықтап, игі тілектерін жеткізген.

Мәуліт айту құрметі Теміртау ме­шітінің имамына тиген. Ел сілтідей тынған. Ал Тәттімбет атындағы өнер колледжінің тәрбиеленушілері са­лауат айтсын. Жиналған қауым осы топқа қосылып, іштей салауат айтып отырды. Мұны да иман жинаған күндеріміз босқа кетпеген деп қабылдадық. Ел ұлық Пайғамбарларын сағынған екен.

Жиналған жамиғатты мәулітпен Наурызбай қажы Өтпенов, Өмірзақ қажы Бекқожа, басқа дін иелері құттықтады. Ел-жұртты имандылыққа ұйытқан танымдық уағыз айтылды.

Содан сахналық қойылым көре­йік. Ұлық Пайғамбарымыздың таңдауы туралы еді.

Һақ тағалладан уақи түскен ғой. Адамзаттың асыл ұлының жалғыз баласы Ибраһимнің жанын алу туралы…

Жәбірейіл періште кіріп келгенде Пайғамбарымыз қуанады. Алайда, ол жалғыз емес еді, артында жаналғыш Әзірейіл періште тұр еді. Оның келу себебін білген соң ойланады. Жаратушының бұл қай сынағы деп. Басқасын алмай менің жалғыз ұлымды алғаны қалай деп. Жәбірейіл періште сабырға шақырып, таңдауыңды жаса дейді. Не балаңмен бол, не үмбе­тіңмен бол деп.

Пайғамбар таңдауын жасайды. Һақ тағалла ақ сөйлейді деп үмбетін таңдайды.

Енді баласын алыс сапарға даярлайды. Сапарға шықсаң қайтеді дейді жалғызына. Бала қайда демейді. Шығамын дейді. Алыс сапарға ше дейді әкесі. Бала тағы да алғашқы сөзін қайталайды. Оралмайтын сапарға ше дейді әкесі. Бала тағы да алғашқы сөзін қайталайды.

Осы кез баласының түсі бұзылып, әкесіне басым ауырып барады дейді. Пайғамбарымыз Әзірейілге жалғызымның жанын ауыртпай ал дейді. Осы тұс бала әкесіне күлімсіреп, мейір­лене қарайды. Одан иман нұры төгіліп тұр еді…

Осы тұста көзіне жас алмаған жан қалмаған болар. Жиналған жұрт мұрындарын тартып, пысылдап қоя берген.

Һақ жаратушыдан уақи келеді. Енді саған ұл бермеймін деген.

Пайғамбарлардың Пайғамбары соң­ғы Пайғамбар еді. Жаратушы оның жалғыз ұлыңның жанын алмаса Ибра­һим елді шатыстыратын еді. Өйт­кені, ол әкесіне тартып туған көркем мінез­ді асыл туған еді…

Осы жерге келгенде ел көлдей орамалдарын қалталарынан шы­ғар­ған. Іштегі өксіктерін жасырмай сырт­қа шығарсын. Кәдімгідей дауыстарын шығарып отырды…

Сағынған екен мүміні ұлық Пайғамбарын…

Сахна төріне белгілі айтыс ақындары Айтбай Жұмағұлов, Мақсат Ахан, Дидар Қами көтерілгенде ел бір серпіліп қалған. Айтары жоқ, олардың арнауы ел көңілінен шықты. Күні бойы тыныш отырған халық орындарынан қозғалақтасып, қол шапалақтап, қошеметтеген. «Жаратқан Алла» әнін орындаған Аманжан Манабаев, басқа да өнер шеберлері, обалы нешік, барын салды.

Астаналық өзіміздің жерлесіміз, қара сөз оқудың шебері Салтан Сайран да жиналғандарды үйіріп алған. Әсіресе, оның орындауындағы «Үт соғысы» қиссасы елді бей-жай қалдырмаған. Ел тағы да көз жасына ерік берген…

Бұл сағыныш жасы еді…

Төрехан МАЙБАС

Басқа материалдар

Бір пікір

  1. Ассаламуалейкум! “Үт соғысы” дегенді Ухуд соғысы деп түзетсеңіздер. Сосын Салтан Сайран емес, Салтан Сайранұлы десеңіздер. “Астаналық өзіміздің жерлесіміз” емес “Қарағандылық өзіміздің жерлесіміз” деп қойсаңыздар.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button