Жаңалықтар

Озық отыздықтың он міндеті

     Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүкіндіктері» деп аталған Қазақстан халқына Жолдауында  рухани жаңғыруға түбегейлі  бет бұрған еліміздің алдында тұрған  басты 10 міндет белгіленіп, саралап көрсетіліпті. Ендігі міндет оларды рет-ретімен жүзеге асыруға жұдырықтай жұмылу екендігі  айқын.

Әлемнің үздік отыз елінің қатарына қосатын он міндеттің қай-қайсысы да өткен жылы жүзеге асырыла бастаған Рухани жаңғыру бастамасының заңды жалғасы деп білуге болады. Биылғы Жолдауда цифрландыру, заманауи технологияларды игеру міндеттерімен қатар, білім беру саласы мен ұлт, әлеумет, денсаулық мәселелеріне де айрықша көңіл бөлінгендігін көруге болады. «Адами капитал – жаңғыру негізі» міндетін алға қоя отырып, білім берудің жаңа сапасына назар аудару керектігін  ерекше атап өткен Мемлекет басшысы: «Біздегі оқушылардың жүктемесі ТМД елдерінің ішінде ең жоғары болып отырғанын және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдеріне қарағанда орта есеппен үштен бір еседен көп екенін ескеріп, оны төмендету керек», – дейді. Шындығында, бұл – соңғы жылдары көптеген ата-аналар мен педагогтар көтеріп жүрген өзекті мәселе. Мұғалімдердің айлығын өсіру туралы Елбасының айтқанына бір қуанған ұстаздар, оқушылардың жүктемесін төмендету туралы талапқа екі қуанып отырмыз дейді.

Жолдаудың жетінші міндетіне тоқталсақ, «Егер біз қазақ тілі ғұмырлы болсын десек, оны жөнсіз терминологиямен қиындатпай, қазіргі заманға лайықтауымыз қажет» деген жолдар термин саласы ғана емес, ана тіліміздің мәртебесін өсіріп, қолданыс аясын кеңейту мүмкіндіктерін арттырады. Жасыратын несі бар, Парламент депутаттары алдына келетін Заңдардан бастап, көптеген құжаттар алдымен орысша әзірленіп, қазақшаға аударыла салады. Ал біздің елімізде қазір екі тіл білгеннің баршасы аудармашы болып шыға келеді де, бәрі бірдей сөз жасағыш, термин тудырғыш. Міне осы терминология саласына үлкен мемлекеттік көзқараспен қатар тілші ғалымдар тарапынан жүйелілік, бірізділік жетіспей жатады.

«Бояушы, бояушы» дегенге сақалын бояйды демекші, Еуроодақ құрамындағы  кішкентай ғана ел – чехтар компьютер деген халықаралық терминді «почитач» деп өз тілдеріне аударып алғанын естіп-білгенімізде, таңданысымызды жасыра алмаған едік, осыдан он шақты жыл бұрын. Сондай мысалдар бізде де жетіп артылады, мәселен «балкон» деген барлық тілде түсінікті сөзді «қылтима» деп аударып алудың қаншалықты қажеттілігі болды деп ойлаймыз.

Осындай мысалдарды ескере отырып, ұлттық терминологияны дамытуды  тіл ғалымдарымен бірге барлық сала мамандары болып, мемлекеттік деңгейде  қолға алғанда ғана  дұрыс бағытта өркендерінен үміттіміз.

 

Сағат БАТЫРХАН,

Халықаралық телерадио

журналист,

облыс әкімінің «Алтын сұңқар», «Тіл майталманы»

сыйлықтарының иегері.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button