Руханият

Ою-өрнек – ұлтымның шежіресі

Кез келген салт-дәстүр адамдардың іс-әрекетін, өмірлік көзқарасын, рухани болмысын қалыптастыруда негізгі рөл атқарады. Тіпті, ою-өрнектің өзі ұлтымыздың мәдени дамуының шежіресі, халықтың өткен тарихымен үндес. Кейде жазудан бұрын ою пайда болды ма деген ойға қаласың. Өйткені, этнографиялық мәнге ие көрінісімен ерекшелене түскен қазақ оюының ең көне мәнері – мүйіз бейнесі ежелгі елмен біте қайнасып жатқандай. Батыр Бауыржан МОМЫШҰЛЫНЫҢ «Өткенді еске алып, ойға толам, сұрыптап тезге салып, көп ойланам, Ой түбіне жете алмай титықтасам, қолыма қайшы алып, ою оям» деп толғайтындығы осыдан шығар.

Өнертанушылардың айтуынша, ою-өрнектің 200-ге таяу түрі белгілі. Оның ішінде, «Мүйіз» бейнелі оюларды қазақ ұлттық ою-өрнек өнерінің қайнар көзі деп есептеуге болады. Ең ежелгісі, әрі кең таралған түрі, қошқармүйіз, арқар мүйіз, бұғы мүйіз, қырық мүйіз, қос мүйіз, сыңар мүйіз, сынық мүйіз, өркеш мүйіз, төртқұлақ, түйетабан, сыңар өкше, қос алқа, құс қанаты, қаз табан екен. Қазақтың ою-өрнектері төрт түрге бөлінеді. Атай кетсек, өсімдік және жануарлар пішіндес, геометриялық, космогендік формада әдіптелген.

Ұлттық киімді заман талабына сай тігуге ұмтылған дизайнерлер оюдың мағынасына үңілместен, оңды-солды орынсыз қолданып жүр. Олардың арасында о дүниені белгілейтін оюды тірі адамға, ердікін әйелге, киімдікін жиһазға салып, білмес жұртқа саудалап жүрген жайы бар. Мысалы, «ит құйрық» аталатын өрнек ешқашан бас киімдерге қолданылмаған. Мұның астарында «дұшпаның кеудеңнен жоғары өрлемесін» деген ырым жатыр. Бұл өрнек «дұшпаның төмен болсын» деген ниетпен көбінесе ер адамдар шалбарының жырық балағына өрнектелген. Бүгінгі күнде қошқармүйізді киімге өрнектеп салып жүргендерді де көзіміз көрді. Негізінде, «Қошқармүйіз» – текеметке, сырмаққа, басқұрға, алашаға, кілемге және былғары, сүйек, ағаш, зергерлік бұйымдарға салынған. Қошқармүйіз жайлы академик Әлкей Марғұлан көп ізденіп, қазаққа тән ою екенін дәлелдеген. Ал, басқа халықтарда қошқармүйізге ұқсас өрнек бар болса, олар бізден ұрлап жатқан болуы мүмкін деген тұжырым жасайды.

Кесте тіккенде, киім кешектің жағасына, қалтасына, жеңіне жиектеріне «Гүл» оюды салған. Бұл өрнектің түрі қолөнер бұйымдарында үш жапырақтан басталып, он екі жапырақты ою-өрнекке дейін кездеседі. Оюдың әрқайсысы белгілі бір ұғымға немесе қандай да бір жағдайға байланысты өрнектелген. Бұл жөнінде тарихшы Дәулет Қожақовтың да айтары аз емес.

– Ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан оюларымыз табиғи қалпын сақтауы керек. Оларды өзгертуге, өзгеріс енгізуге болмайды. Қазақтың оюлары сақ, ғұн замандарынан бері әбден қалыптасып, жүйеге түскен. Бабаларымыз ою арқылы әр рудың шыққан тегін байқаған. Мәселен, үйге келген қонақ алаша мен басқұр, текемет пен сырмақ оюларына қарап, сол отбасының қай рудан, қандай әулеттен шыққандығын білетін. Тарқата айтсақ, Дулаттікі – «бүтін ай», Жалайырдікі – «тарақ», Қоңыраттікі – «босаға», Қаңлынікі – «көсеу» таңбасы салынған. Ертеден бізге жеткен «Құстұмсық» жүзік немесе «топсалы» сәлемдеме ретінде, жүзігі туыстар арасында дәнекер қызметін атқарған. Тұрмысқа шыққан қызынан орамалға түйілген құстұмсық жүзік келсе, ата-анасы қуанып кершілерін шақырған. Құс бейнесі халық түсінігінде азаттықтың белгісі. Жүзікке қарап, ата-анасы қызының ұзатылған жерінің жақсы екендігін білген, – дейді Дәулет Қожақов.

Расымен де, халқымыздың тарихын, шежіресін, тұрғылықты жерін, мінезін, ерлігін дәл бейнелейтін ою-өрнектей құдіретті өнер жоқтың қасы. Бұл өнер әрбір халықтың болмысымен бірге туып, біте қайнасып келеді. Сондықтан, халқымыздың дүниетанымынан мол мағлұмат беретін ою-өрнек сияқты құндылықтарымызды жеткіншектерге жеткізу парызымыз. Кейін өкінбеу үшін ұрпағымыздың бойына ұлттық тәрбие нәрін ертең емес, бүгінен сіңіргеніміз жөн болар.

Нұрдос КӘРІМ

Басқа материалдар

Back to top button