Жаңалықтар

Отелген парыздын өлшемi

       img348Кеше ғана ортамызда жүріп, аймақ баспасөзінің жас буынына ақылман болып, жол сілтеген қарымды қаламгер, аудармашы Марал ХАСЕН туралы естелік жазамыз деп ойладық па?! Жазбақ былай тұрсын, қолымызға қалыңдығы екі елі естеліктер жинағын ұстап отырмыз. «Телегей-теңіз Марал едің…» деп рух кітабын жинақтап, жарыққа шығарған – қаламгердің асыл жары Рымкеш апай. Яғни, бұл кітап – өтелген парыздың өлшемі, аманатқа адалдық.

Жанымыз жабырқап отырып парақтап шықтық. Жабырқайтынымыз – кітап мазмұнының осалдығынан емес, Марал ағаға деген сартап сағыныштың салмағынан. Замандастары, әріптестері шерткен сыр арқылы аз уақыт сырмінез болған ағаның біз танымаған қырларына үңілдік. Өзегімізге өкініш кептелді. Талантты ағаның табиғи болмысын толық тани алмаған екенбіз. Көкірегіміздегі алапат жарылыс осылай деп аһ ұратынымызды аңғартады.

Иә, Марал Хасен – журналистикада жорғалығымен, өткірлігімен, аудармада шеберлігімен танылған талант иесі. Тірлігінде мойындалғанымен, шынайы бағасын енді беріп жатырмыз. Сол өкіндіреді бізді. Марал ағам да – солардың бірі.

Жасыратыны жоқ, тұла бойында мейіздей міні жоқ періштедей жан кездестіру мүмкін емес. Екпіні тау қопарар нағыз таланттың өзінде пенделікпен мүлт кеткен жері болатыны ақиқат. Мейлі, жазушы, мейлі журналист, мейлі, әнші, мейлі, қайраткер тұлға болсын. Кіршіксіз арын бірде болмаса, бірде пенделікпен кірлетіп алады. Сол замандасымызды күстаналаймыз деп жүргенде, өзіміздің пенделігіміз бен күнәмізді еселеп алатынымыз ойымызға кіріп те шықпайды. Марал аға жайлы естеліктер жинағын оқи отырып, жүрегімізді сыздатқан өкініштің астарында осындай осалдығымыз жатқанын аңғардым.

Кітап ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Абзал Бөкеннің «Қайран аға» аталатын аза жырымен басталады.

«…Үзілмеген қасынан қара-құра,

Үздігім ең – шаң тимес балағыңа.

Шетін қалған не дейін қалжыңыңа,

Жетім қалған не дейін қаламыңа?! – деп күйзеледі ақын бауыры. Қаламгер ағаның қазасына қабырғасы шын қайысқан інінің күйзелісі. Жұбатарға дәрменіміз жоқ. Өйткені, Марал ағаның артында аңырап қалған жалғыз жары, отбасы, жақын-жуығы ғана емес еді. Әдеби орта күңіреніп тұрған. Абзекең айтқандай, жетім қалған қаламы қаңтарылып қалған. Жарық көрмеген жауһарларын қосыңыз… Анда-санда қолына алып, күмберлетіп қоятын қара домбырасының шанағын шаң басқан. Міне, осының барлығы қосылып, азалы күй ойнаған оркестрдің сарынын әкеледі құлағыңа. Алайда, кітаптағы естеліктер мен Марал ағаның жарыққа шығып үлгермеген мұралары оқырманда ерекше бір қанағатқа бөлейді.

Естелік жазған замандастарының осалы жоқ. Қабырғалы қаламгерлер, әріптестері, рухани бауырлары… Әрқайсысы әр қырынан келген Мәкеңнің күрделі болмысына. Мәселен, ардагер журналист Аман Жанғожиннің «Шегірткенің торсығы» деп айдарланған естелігі Марал Хасеннің фельетон жанрындағы жүйріктігін тілге тиек етіп, ертеде жазылған осы естелікпен аттас фельетоны төңірегінде ой тербейді. Алғашында естелік тақырыбы тосын көрінгенімен, Аман аға әріптес аға жайындағы көкірек-көмбесіне ұялаған шынайы бағасын байыппен берген болып шықты. Фельетоншының шеберлігі асқан шеберлікпен суреттеледі. Мұндай сәтті шыққан, сағыныш сыздатқан жүректің қылын шертетін естелік-эсселер толып жатыр.

Кітап жеті бөлімге жүлгеленген екен. «7» саны қасиетті ғой. Рымкеш апай кітап материалдарын жүйелеуде осы қағиданы қазық етсе керек. Қаламына қасиет дарып, бойына да, ойына да қасиет қонған ағаның болмысын бұл ұғымнан оқшау қарауға болмайтын да еді…

Мені ерекше толғандырғаны – бесінші бөлімдегі бұрын жарық көрмеген аудармалары. Көкем нағыз шабытты шағында көшкен екен жалғаннан. Серіппедей серпіліп, бұлғары садақтың адырнасындай бұлқынған шағы екен. Берері түгесілмеген. Тұтас бір бөлімді қамтыған тәржімәлар топтамасы маған бар болғаны шұрайлы шығарманың көп нүктемен түйінделген абзацы сияқты көрінді. «Қайран аға, көп нәрсеге үлгермеген екен ғой» деп аһ ұрдым тағы.

…Негізі, соңғы жылдары айтары – бар, авторы – жоқ кітаптар көбейіп барады. Кейіпкері келмеске кеткен. Аманаттың ауыр жүгін арқалаған құрастырушының еңбегімен екшелген мұндай кітаптар керек-ақ. Өйткені, кітап кейіпкерінің келісті болмысындағы кейбір қасиеттерді біз замандастар бойынан көре алмай жүрміз. Сондайларға үлгі етерлік, санасызға сабақ болар сан қырлы ізгілік бар мұндай жинақтарда. Қолымыздағы «Телегей-теңіз Марал едің…» жинағы – сұранысы сұрапыл болар кітаптардың бірегейі. Оған сөз жоқ!

Жинақтағы естеліктердің денінде Марал ағаның білімі туралы «телегей-теңіз» деген теңеу көп қолданылады. Кітаптың атауы да содан таңдалғаны көрініп тұр. Қорыта айтқанда, қолымыздағы жинақ – сол телегей-теңіздің тамшысындай ғана. Сол себепті, маралтануға айналып соғуымызға тура келеді…

Ерсін МҰСАБЕК.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button