Руханият

Отбасы тарихы – ел тарихы

       IMG_9264Облыстағы ең үздік отбасылар анықталып, «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңінде екі отбасы жеңімпаз деп танылды. Айта кетейік, облыс бойынша биылғы жылы қала, аудандардан барлығы 264 отбасы бақ сынаса, облыстық кезеңге 72 отбасының дәстүрі ұсынылды.

 Биыл облыстық «Мерейлі отбасы» байқауына қатысушылардың барлығы марапаттан шет қалған жоқ. Конкурсқа қатысқан отбасылар ынталандыру сыйлықтарына ие болып, өңір басшысы Ерлан Қошановтың тілегі жазылған Алғыс хатпен марапатталды. Бұл жолғы сайыста әділқазылар үздік отбасы мүшелерін жылдағыдай шығармашылық қабілетіне қарай емес, өңірге сіңген еңбегіне қарай анықтады. Яғни, облыстық комиссия отбасының қоғамдағы белсенділігіне, ұстанатын құндылықтарына, салт-дәстүрлеріне, балаларына берген тәрбиесіне және олардың жетістіктеріне аса көңіл бөле отырып, үміткерлерді таңдады.

Сонымен, облыстың үлгілі отбасылары анықталды. Үшінші орын Нұра ауданынан келген отбасы – Исабековтер әулетіне бұйырды.  8 бала, 23 немере, 24 шөбере тәрбиелеп отырған көпбалалы отбасы. Балалары мен немерелері мемлекеттік қызметте және құқық қорғау органдарында қызмет істейді.

Екінші орынды Ақтоғай ауданынан келген Сәтековтер отбасы қанжығалады. 7 бала, 17 немере, 7 шөбере тәрбиелеп отырған бұл әулеттің де жетістіктері сан алуан.

Екі бірінші орынның біреуін Қарқаралы ауданынан Кабуловтар отбасы иеленді. Мағдат Кабулов пен Фатима Фахреддинова 11 бала, 24 немере, 2 шөбере тәрбиелеп отыр. Ерлі-зайыптылардың отбасылық өтілі – 58 жыл.

Ұлы Отан соғысының ардагері, Теміртау қаласынан келген Куриленко отбасы да комиссия шешімі бойынша бірінші орынға лайық деп танылды. 65 жыл отасқан отбасы 5 бала, 10 немере, 7 шөбере тәрбиелеуде.

Жеңімпаз атанған – Кабуловтар мен Куриленко отбасылары «Жартас» шипажайына жолдама алды. Енді олар «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының республикалық кезеңінде облысымыздың абыройын асқақтатады. Ұлттық байқау 2017 жылдың қыркүйек айында Астана қаласында өтеді.

Жандос Әбішев, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары:

– Біздің халқымызда «Отан – отбасынан басталады» деген сөз бар. Осы даналық сөздің аясына бәрін сыйғызуға болады. Себебі, отбасында ұлағатты тәрбие алған баланың болашағы – зор, арманы – асқақ, мақсаты – айқын болмақ. Елбасымыз өз тілін, тарихын мәдениеті мен дәстүрін қадірлейтін ұлт қана толыққанды болып табылады. Біздің қоғамда дәстүрді сақтаудың маңызды институты – отбасы деп, ерекше атап көрсетті. Ата-ананың өнегелі ісінен үлгі алған баладан күні ертең отаншыл азамат шықпақ. Біздің тәуелсіз еліміздің тірегі де осындай тәрбиелі білімді жастар.

Салтанат ИЛЬЯШОВА.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button