Басты тақырып

«Отанды сүю – отбасынан»

«Отбасы – береке-бірліктің қайнар көзі. Отбасының бірлігі – Отанның бірлігі, ағайынның татулығы – Атамекеннің тұтастығы. Біз жас ұрпақтың білімді, дені сау болуы, әрбір некенің мызғымас берік болуы, қарттардың зейнетті өмір кешуі үшін барлық жағдайды жасап келеміз. Бұл демографиялық ахуалға оң әсерін тигізуде».

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

 

Мемлекет басшысының Жарлығымен қыркүйектің екінші жексенбісі – Отбасы күні болып белгіленді. Уақыт өткен сайын бұл мерекенің ауқымы кеңейіп, бұқаралық сипат алды.

Отбасы күніне орай, біздің облыста да бірқатар игі істің басы қайырылды. Аймақ басшысы Нұрмұхамбет ӘБДІБЕКОВ бірнеше шаңырақтың қуанышымен бөлісіп, Отбасы күнімен құттықтады. Облыстық клиникалық ауруханада болып, жас аналардың хал-ахуалымен танысты, сый-сияпат көрсетті.

Нұрмұхамбет Әбдібеков ат басын бұрған шаңырақтың бірі – Жұмаділдиндер отбасы. Отағасы Әнуар Бақтыбайұлы – жеке кәсіпкер. Ал, жұбайы Бақытты Нұргелдіқызы – бес баланы өмірге әкелген ардақты ана. Спорт мектебінде аудармашы болып еңбек етуде.

Бұл отбасы – өңір жұрт­шылығына жақсы таныс. Қайырым­дылық акцияларынан және қоғам­дық іс-шаралардан тыс қалған емес. «Мир детства» қоғамдық бір­лестігінің еріктілері қатарында. Жұмаділдиндер отбасы жайлы оң пікірді, әсіресе, білім саласының қызметкерлерінен көп естуге болады. Әр жексенбі сайын бұл отбасы өз пәтерінде қайырымдылық акцияларын өткізіп тұруды дәстүрге айналдырған. Аз қамтылған отбасы балаларына тегін ас беріп, киім-кешек үлестіреді.

Облыс әкімі Хрущевтерді де Отбасы күні мерекесімен құттықтады. Шаңырақтың отағасы Сергей Александрович – жауынгер-интер­националист, Ауғанстан жер­індегі соғысқа қатысушы. Қазіргі күні жеке кәсіппен айналысады. Өмірлік жары – Наталья Николаевна жеке құрылымда есепші болып еңбек етеді. Ерлі-зайыптылар төрт баланы өмірге әкеліп, тәлім-тәрбие беруде. Балаларының алды сот, кәсіпкерлік және өндіріс салаларында жемісті еңбек етуде. Үйдің кенжесі Екатерина – мектеп қабырғасында. Үздік білімімен, үлгілі тәртібімен топ жарды. Бірнеше байқауларда жеңіс тұғырынан көрініп келеді.

Бұдан соң Нұрмұхамбет Қа­напияұлы Облыстық клиникалық ау­ру­ханада болып, мереке қар­саңында өмірге сәби әкелген ана­лардың қуанышымен бөлісті. Ана мен балаға деген қамқорлық – мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі екендігін айтты.

Жалпы, Отбасы күнінде аталған орталықтың 10 палатасында жиыр­маға жуық ұл-қыз өмірге келген. Қол-аяғын бауырына алған жандардың қатарында аз қамтамасыз етілген отбасылардың да аналары бар. Облыс әкімі ардақты жандардың палаталарына бас сұғып, денсаулықтарын сұрасты. Қар­жылай сыйлықтар мен жұмсақ ойыншықтар табыс етті. Ақжарма тілегін арнады.

Жас аналар да облыс бас­шылығына алғысын айтты. Мемлекет тарапынан жасалып отырған қамқорлыққа ризашылықтарын біл­дірді.

Сондай-ақ, облыс әкімі Нұр­мұхамбет Әбдібеков Облыстық клиникалық аурухананың тыныс-тіршілігіне де зер салды. Аймақ басшысын медициналық мекеменің жұмысымен аталған аурухана директоры Марат Әбеуов таныстырды.

Қуаныш АМАНҚҰЛОВ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button