«Отанды сүю – отбасынан басталады»

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дейтін қазақ даналығының ақиқаттығы дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Баланың алғашқы мектебі, қоғамдық институты – отбасы. Тал шыбықтай солқылдап тұрған бала сол отбасындағы жақсы-жаманның бәрін бойына сіңіреді. Демек, ұл ұжданды, қыз қылықты болуы ең алдымен отбасыдан. Осындай ұлағатты ұранды ұстанған «Мерейлі отбасы» – елдік шара. Кешегі күні Теміртауда «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының қалалық кезеңі мәреге жетті.

Комиссияның талқысына түскен 20-дан астам өтініштің арасынан 5 отбасы іріктеліп алыныпты. Оның үшеуі қаржылай сыйлықты иеленіп, екеуіне арнайы жүлде бұйырды. Теміртау қаласы әкімінің орынбасары Гүлнар Оспанова жеңімпаздарды құттықтап, олардың өскелең ұрпаққа көрсеткен үлгі-өнегесі үшін алғыс білдірді.

Жалпы, жүлде қоры 450 000 теңге болатын ақшалай сый-сияпат жеңімпаздарға табысталды. Қазылар алқасының шешімімен 5 отбасының арасынан үздік шыққан – Дмитрий мен Марина Шимнің отбасы. Олар 4 бала тәрбиелеп отыр. Кенжесі 9 шілдеде үш айға толыпты. Дмитрий – Таэквондо федерациясының вицепрезиденті, қара белбеу иегері. Еңбек жолында Қазақстан чемпионатының 40 чемпионын және жүлдегерін, Азия және Әлем чемпионаттарының 15 чемпионын тәрбиелеп шығарған. Марина – кәсіпкер. 2010 жылдан бері Теміртаудың Таэквондо федерациясына демеушілік көрсетіп келеді. 2016 жылы ол Италияның Андрия қаласында өткен Әлем чемпионатына қатысқан спортшыларға демеушілік жасаған. Ал, 2020 жылдан бері Теміртау қаласындағы Таэквондо-до академиясына басшылық етеді. Әкімнің орынбасары Гүлнар Оспанова Шим отбасына қаржылай сыйлық – 200 мың теңге сертификатын, жеңімпаз дипломын табыстады.

ІІ орынды Қолдасовтардың отбасы жеңіп алды. Ғабидолла мен Бағила осы жылы күміс тойын, яғни, отасқандарына 25 жыл толуын атап өтеді. Ұлы Арман – журналист. Оның фотосуреттері Фотографтардың кәсіби қауымдастығы Мәскеуде ұйымдастырған халықаралық 35AWARDS фотобайқауда ТОП-4-тік қатарынан табылды. Қызы – Айкен «Жасыл елге» белсене қатысып, еріктілер сапында.

ІІІ орын Анарбаевтар отбасына бұйырды. Олар – Нұрбибі, Кәусар, Айару, Әмина, Айша есімді 5 қыз тәрбиелеп отыр. Отбасындағы әр бала ендігі бір-бір биікті бағындырған. Әмина интеллектуалды және шығармашылық байқаулардың жүлдегері. Кәусар республикалық «Bilgen Baige» конкурсының жеңімпазы. Ал, Салхадинов және Сергеевтердің отбасыларына арнайы сыйлықтар табыс етілді.

Қызғалдақ АЙТЖАН.

ТЕМІРТАУ қаласы.