Отандық өнімге қомақты қолдау

     Бейсенбі күні Теміртау қаласының «АрселорМиттал Теміртау» АҚ ғимаратында облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен жергілікті қамтуды дамыту мәселесіне қатысты форум өтті.

Форум жұмысына облыс әкімінің орынбасары Марғұлан Кәрібеков төрағалық етіп, қатысушылар қатарында Теміртау қаласының әкімі Ғалым Әшімов, жергілікті қамту жөніндегі «NADloC» Ұлттық агенттігінің басқарма төрағасының орынбасары Әділхан Арыстанов, аталған компанияның өндіріс жөніндегі директоры Андрей Берг, өндіріс жөніндегі директордың орынбасарлары Мохан Винит пен Ароккиям Раджу және облыстың жүзге тарта тауар өндірушілері болды.

Бүкіләлемдік экономикадағы дағдарысты ескерсек, өндірістік кәсіпорындардың тұрақты жұмыс жасауын қамтамасыз ету мен жергілікті қамтуды дамыту мәселесі қазіргі күні өте өзекті екені айтпаса да белгілі. Бүгінгі таңда мемлекетіміз ірі өндіріс орындарына тауар өткізудің сыртқы нарығын іздестіру, экспорттаушы кәсіпорындарға салынатын қосылған құн салығы уақытылы қайтару, электр қуаты мен темір жол тасымалына төмендетілген коэффицент ұсыну тұрғысында көп көмек көрсетеді. Өз кезегінде, ірі өндірістік кәсіпорындар шағын және орта бизнес саласындағы отандық өндірушілерді қолтығынан демеуі қажет. Жергілікті қамту үлесінің орта және ірі өндіріс сатыпалымының артуы – отандық өнім өндірушілерінің өндірістік қуатының жоғарылауына әсер етіп, жұмыс орындарының сақталуына ықпал жасайды. Сондықтан, біздің жүйеқұрушы кәсіпорындарымыз шағын өндіріске қолдау көрсетіп, өзі сатыпалымдарында жергілікті қамтудың үлесін арттырулары қажет, – деді Марғұлан Кәрібеков.

Өткен жыл қорытындысы бойынша, облысымыздың жүйеқұрушы кәсіпорындары жалпы сомасы 483,8 миллиард теңге сомасына сатыпалым жасап, тауар, жұмыс және қызмет көрсету бойынша Қазақстанның үлесі 342,7 миллиард теңгені құрады. Бұл – 2015 жылмен салыстырғанда 0,7%-ға (107 миллиард теңге) артқан.

Шара барысында Қазақстан Республикасындағы жергілікті қамтуды дамыту Стратегиясы мен «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның сатыпалым жоспары және ережесі таныстырылды. Сонымен қатар, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ сатыпалымындағы жергілікті қамту үлесін арттыру жөнінде облыс әкімдігі мен аталған компания арасындағы Меморандумға қол қойылды. Өткен жылы осындай Меморандум 40,4 миллиард теңгеге қол жеткізуге мүмкіндік берген еді. Биыл бұл сома 52,4 миллиард теңгені құрады.

Бұдан әрі форум жұмысы облыс кәсіпкерлері мен «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның материалдық-техникалық жабдықтау жөніндегі құрылымдық бөлімшелері мамандарының арасындағы әңгімелесу алаңында жалғасын тапты.

Рауан ҚАБИДОЛДИН

ТЕМІРТАУ қаласы.

Суретті түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.