Қостанайдан олжалы оралды
Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің джаз оркестрі Қостанай қаласында өткен «Джаз-Бомонд-24» халықаралық фестиваліне қатысып, жүлделі оралды.
Фестиваль Астана, Алматы қалалары, Қарағанды, Ақтөбе облыстары және Ресей елінен келген өнер ұжымдарының басын қосты. Бір аптаға жуық уақыт аралығында кәсіби және жастар ұжымы, джаз музыкасының дәстүрлі һәм заманауи бағытында жұмыс істейтін музыканттар өнерін ортаға салып, бақ сынасты, өзара тәжірибе алмасты.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Игорь Андрейченко бастап барған Қарағанды джаз оркестрі қонақтар мен көрермендер көңілінде өшпес әсер қалдырып, Халықаралық фестиваль лауреаты атағын иеленді.
Ал, оркестр жеке орындаушылары Ксения Николаева мен Айдан Тұңғышбаев фестивальдің үздік вокалисі деп танылды.
Қарағандылық ұжым Қостанай қаласындағы мәдениет сарайы мен жастар сарайында үш күн қатарынан концерт қойды. Оларды жергілікті жұртшылық жылы қабылдап, алғысын жаудырды. Оркестр осы қарқынынан таймаса, әлі талай биікті бағындыратынын баса айтты.
Біз де ортамызға олжалы оралған жерлестерімізді жеңісімен құттықтап, толағай шығармашылық табыс тілейміз!
Марал НҰРТӨЛЕУОВА,
Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестік редакторы.