Руханият

Қошеметке бөленді

Қарағандыдағы Кеншілер мәдениет сарайында Ингушетия Республикасының Қазақстандағы мәдениет күндерінің аясында Ингушетия өнерпаздарының концерті өтті.

Салтанатты ашылу алдында жиылған қауым назарына Ингушетия Республикасының дарынды суретшілері мен жазушыларының суреттері мен кітаптары қойылған кішігірім көрме ұсынылды. Шымылдықтың салтанатты ашылуынан кейін Ингушетияның тәуелсіздік жылдарында жеткен толағай табыстары мен жетістіктерін баяндайтын деректі фильм көрсетілді.

Концерттің ресми бөлімінде қарағандылықтарды айтулы іс-шарамен құттықтаған Қарағанды облысы мәдениет, мұрағаттар мен құжаттамалар басқармасының басшысы Еркебұлан Ағымбаев бауырлас халық – ингуштардың жүрегінде Қазақстанның орны ерекше екендігін айтты. Еркебұлан Мүлікұлы алыстан келген өнерпаздарға өз алғысын білдіріп, Ингушетия Республикасының мәдениет және мұрағат ісі министрі Марет Газдиеваға дәстүрлі естелік кәдесыйын табыс етті.

Қиын жылдары қазақтар ингуштарды жылы қабақпен қарсы алып, барымен бөлісті. Соның арқасында Қазақстандағы ингуштар аман қалып, салт-дәстүрін ұмытпай осы жерде ұрпақ өрбітті. Қазір де берекелі ғұмыр кешіп отыр. Аталмыш шара қос ел халқын бұдан әрі жақындата түспек. Осыған мүмкіндік берген Қазақстанның Мәдениет және спорт министрлігіне, Астана қаласының әкімдігіне алғыс айтамын, – деді Марет Газдиева.

Қарағанды облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Увайс Джанаев қатысушыларға, ұйымдастырушылар мен Ингушетия Республикасының Президенті Юнус-Бек Евкуровқа қарағандылықтарға ұсынған тамаша «сыйлықтары» үшін алғыс айтты.

Марет Газдиева өз сөзінде қазақстандық серіктестеріне көрсетілген қолдау мен қосқан үлестері үшін үлкен алғыс білдіріп, Ингушетияның Туында бедерленген – мәңгілік пен ғаламның нышаны – солярлы таңба белгісін естелікке табыс етті.

Ингушетия Республикасы және Шешен Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері Руслан Гадаборшевтың жетекшілігімен «Ингушетия» халық биі мемлекеттік ансамблі көрерменді өзінің сахналық киімдерінің көркемділігімен және өнерпаздарының әсем биімен сүйсінтіп, «Рассвет в горах» және «Встреча у родника» атты қойылымдарды сахналады.

Көрерменнің көзайымына айналған әртістердің қатарында: Ингушетия халық әртісі Алаудин Эсмурзиев, Шешенстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері әрі Ингушетияның халық әртісі Луиза Эльжуркаева бар. Сонымен бірге, Кеншілер сарайының сахнасында «Ритмы гор» музыкалық шығармасымен «Ингушетия» халық биі мемлекеттік ансамблінің дауылпазшылар тобы, Ингушетияның халық әртісі Лема Нальгиева, мемлекеттік филармония солисі Рахман Беков және қазақтың халық әні «Арман-ай-ды» орындаған «Голос. Дети» телевизиялық жобасының финалисі Рагда Ханиева өнер көрсетті.

Ингушетиядан келген қонақтар өнерлерімен қарағандылықтардың зор қошеметіне бөленді.

Қарағанды облысы әкімі аппаратының

«Қоғамдық келісім» КММ баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button