Руханият

Қоршаған орта

«Қылмыстық хроника»
Тыңдаңыздар! Тыңдаңыздар!
Жиырмасыншы ғасырда,
Қапылыста қанатымнан қайырылып,
14 сағаттан 15 минут өткенде
Азалы армян халқынан қалдым айырылып!!!
Ерекше белгілері:
Көресінін көрген жұрт бұл,
Азалы!
Талантты жұрт!
Қанатты жұрт! –
Тарқамаған базары!
Көзі – мұңды,
Лапылдаған шоқ – өңі,
Жүрегінде сау-тамтық жер жоқ еді…
Қапылыста қанатымнан қайырылып,
14 сағаттан 15 минут өткенде
Азалы армян халқынан қалдым айырылып!!!
Ертең – сайлау! 
(Ованес Григоряннан)
«Аңыз адам» журналының сауалына жауап 
1. Расул Ғамзатов – ХХ ғасырдағы саусақпен санарлықтай ұлы ақындардың бірі һәм бірегейі! Совет өкіметі кезінде орыс­тан басқа ұлттың еңсесі түсіп, ешкімге керегі болмай қалған заманда ол өзінің Дағыстанының адамзаттың асқақ ұлысының бірі екенін дүние жүзіне паш етті! Оның ақындық, азаматтық миссиясының ұлылығы, міне, осында!
2. Ол менің де сүйікті ақыным! Мен ғана емес, қазақтың тегеурінді ақындары Мұқағали бастаған 60-шы жылдар буыны: «Бір өлеңі – бір елдің мұрасындай, Өлең жаза алмадым Расулдай!» – деп, оны пір тұтты! Сағи Жиенбаев, Ғафу Қайыр­бековтер оның әр өлеңін жалғанның жарығына шыққан бетте тәржімалап, өз өлеңіндей қадірлеп, қасиеттеп жатты… Ғафекең аударған Расулдың «Менің Дағыс­танымның» көркемдік қуаты оның орыс тіліндегі нұсқасынан да асып түсті деуге болады!
Менің де біраз тәржімаларым бар еді, көбісі Расулдың деңгейіне жете алмай қалды да, жыртып тастадым. Содан қалғаны мына екеуі:
Дағыстанда аңыз етіп айтады
Үндістанда аңыз етіп айтады:
Ең бірінші пайда болған жылан деп.
Дағыстанда аңыз етіп айтады:
Ең бірінші пайда болған қыран деп.
Мен ойлаймын, Тәңірінің қолынан,
Пайда болған – Адам. 
Сонсоң, соңынан, –
Біреуі оның кетті айналып қыранға,
Біреуі оның кетті айналып жыланға…
ақсұңқарұлы
Телефондап шығармашы есімді…
(Расул Ғамзатовтан)
Телефондап шығармашы есімді… 
Бара алмаймын тойыңа да тамаша. 
Көптен күткен мен бүгінгі кешімді, 
Бір әйелмен өткіземін оңаша…
Сағатың да тұрып қалар тілсіз ғап,
Қос ғашықтың тиіп кие, дуасы. 
Әсем әуен, бүкіл әлем үнсіз ғап, 
Боламыз бір құпияның куәсі.
Еркін әлі кірмей жүрген есімді 
Алмаңдаршы! Тыныштық қой –  тамаша. 
Көптен күткен мен бүгінгі кешімді, 
Бір әйелмен өткіземін оңаша.
Мейлі, асау тойдағыдай мас болған 
Басы айналсын! Одан кісі өле ме? 
Мейлі, жұрттың қаңқу сөзі аспаннан
Жасын құсап жаусын-ай кеп төбеме!
Жыртам түнгі самолеттің кесірлі, 
Билетін де, Жерде қалам, (тамаша);
Мен бүгінгі көптен күткен кешімді, 
Бір әйелмен өткіземін оңаша.
Расулға мен де талай жыр арнағам, соның біреуі мынау:
Жазулар
Расул Ғамзатовқа
Күйкілікке
Тиейін жасынға ұқсап жасап бүлік,
Қоймайын пәктігіне тас аттырып!
Қанжарға – 
Оңбағанның басын алған
Сөзім бар жазатұғын қашап тұрып!
Көп бейне көз алдымнан көлеңдеді,
Елестеп Өмір-нәма өрендері.
Сіз ғана оқитұғын сол қанжарда
Жазулы Спартактың өлеңдері.
Өлең-құс ұшқан сайын ұзап менен,
О, сұмдық, есуасқа ұқсап келем:
Жазар ма ем бір жырымды, 
қағазға емес, – 
Бір арсыз бетке өткір пышақпенен!..
Соғыстар кеткен елді араз қылып,
Бұза ма Жер тынышын тағы азғырып?
Мың рет Хиросима хикаясын
Жазар ма ем Ғасырымды Қағаз қылып!
…«Жақсы сөз – жарым ырыс» аман шақта
Өзіңдей ақын керек адамзатқа.
Алтынға қарағандай аң-таң қалып,
Қарайтын кез келеді қаламсапқа…
Оқырманның құдіреті
ФБ-да поэзияны жан-жүрегімен түйсініп, түсінетін, әрі кеткенде, 15-20 шақты оқырманым бар екен. Мен әрбір дүниемді ұсынарда сол 15-20 шақты досым мұны қалай қабылдар екен деп, алаңдап отырамын.
Әлкей Марғұланның 100 жылдығында
В Академии Наук 
Заседает князь Дундук.
(А.Пушкин)
Азғын дүниеде – 
Арым қарықты.
Жаһанда шексіз –
Жаным тарықты.
Һас Қазақты іздеп, –
Қаным зарықты.
Хакім – Абай да, 
Ақын – Мағжан,
Ғалым – кетіпті…
Залым – қалыпты!
«Біреуден біреу артылса…»
Абай заманында: 
«Көр жерді – өлең қылып, 
жоқты қармап, 
Қобыз бен домбыра алып, 
топта сарнап; 
Әр елден өлеңімен қайыр тілеп, 
Кетірген сөз қадірін жұртты шарлап» (Абай) дейтін «ақылсыз, надан ақындар» (Абай) көп болған. Мұндайлар, тіпті, біздің нарық заманымызда күн сайын күшіктеп, көбейіп барады. Әсеттің шығармаларын қолға шырақ алып, тінтіп оқығанда: 
«Мал үшін тілін безеп, жанын жалдап, 
Мал үшін біреуді алдап, біреуді арбаған» (Абай) бір өлеңін іздеп таба алмадым! Әсет Абайдың «Біреуден біреу артылса» атты өлеңіндегідей өлермен пенде болып, ұлы ақынның қаһарына іліксе, жарық дүниемен қоштасарында: 
«Абайдай арт жағына сөз қалдырып, 
Жақсы еді-ау, әттеген-ай, өлу деген!» демес еді ғой! Абайдың бұл өлеңі өнерпаз Әсетке емес, өлермен бір пендеге арналған! 
Қадағаның «Иірімі» мен «Жазмышы»
Қадағаңның «Иірім», «Жазмышы» да біз үшін құбылыс болған. Қазақ әдебиетінде бұрын-соңды бой көрсетпеген соны дүние! Тосын, біз күтпеген шығармалар еді. Оларды елдің жатырқап қарсы алғаны содан. 
Тек бір өкінерлігі – Суреткердің пенделік табиғатын ашып көрсеткісі келіп, ұсақтап кететіні бар… Меніңше, Ақын (Суреткер) – жұмыр басты пенделерден гөрі Пушкиннің Пайғамбарына көбірек ұқсас. Соны тереңдете қозғауы керек еді…
Иммануил Канттың бір лебізі
Мына бір қызық дерек назар аударарлық: Кант дипломына өз қолымен арабша «Бисмилләһир-рахманир-рахим» деп жазыпты дейді Аманкелді Кеңшілікұлы (ФБ).
Зерттеу керек мұны…
Коммунизм мен Атеизмнің текетіресі
Құдайға қарсы қоғам құрған атеистік совет өкіметінің кезінің өзінде Тәңірі өзінің құлақкесті құлдарын талай мәрте тезге салған. 1941 жылы неміс-фашист басқыншылары Совет одағына баса көктеп кіріп, ел басына екі талай күн туғанда Сталиннің өзі Мәскеу храмына жасырын кіріп, Құдайға құлшылық жасаған. Діни семинарияда оқып жүргенде Михаил әкенің «Құрдымға кеткің келмесе, құдайсыздарға қарсы сүрен сал!» деген сөзі сол күні есіне түсті ме?! Кім біледі…
Содан бастап Лениннің кезінде қалың шеру тартқан атеистік қызыл қырғыны кілт тоқтап, 1942 жылы дін өкілдерін жаппай түрмеден босата бастайды. 1945 жылы Патриарх Всей Руси сайланады! Сол дүниежүзілік екінші қырғынның кезінде Англияның Премьер-Министрі Уинстон Черчиль Сталинді ұлы қолбасшы деп атайды. Сонда Сталин былай деген: «Менің атыма айтылған мадақ орыс халқына лайық қой!», «Барлық мақтау мен мадақ Құдайға ғана тән» дегені – бұл! Ал, Халық – Құдайдың екінші есімі екенін ол жазған бізден жақсы білген! Қыршын жасынан Британия Парламентінде ақсүйектік тәрбие алған Черчиль оның алдында тектен-текке ыңғайсызданбаса керек… 
Әкемнің өсиеті
«Сен кедейді бай қыла алмайсың», – деп еді әкем дүниеден озар жылы, – Оңбаған мен қағылған-соғылғанды да қатарға қоса алмайсың! Жаманды жақсы қыла алмайсың! Бұл Совет өкіметінің де қолынан келмеді!
Тек, жақсының жағасынан алмасаң болды…»
Әкемнің көп сөзін көңіліме тоқи алмай қалып едім. Осы сөзі ойымда қалды. Өмірлік ұстанымыма айналған. Менің поэ­зиямның да түбі осы сөзден төркіндейді. 
Жаманға айтар сөзім жоқ. Жақсыны көрсем, жаным қалмайды…
«Я поэт. Этим и интересен…»
Құрметті ФБ-дағы дос-жаран, Сіздер менің «ФБ-дағы фәни жалған» атты жаңа дүниемді оқып жатырсыздар. Қаршадайымнан керағар көзқарастарды жанымдай жақсы көрем! Оқырман қалай қабылдайды оны? Бір тірі жанға өкпелемен.
Тәңірі пендесінің сана-саңылауына не құйса – сол болады! Адам баласын адам да, заман да өзгерте алмайды! Мен елдің көзін ашу үшін туған ағартушы ғалым, ұлағатты ұстаз да емен. Алаш жұрты ағартушыдан кенде емес (Абай, Ыбырай, Шоқан, Ахмет, Міржақып, Жүсіпбек, т.б.), солардың бізге айтпаған ақылы, төкпеген шері қалды ма? – әлі өзгергеніміз шамалы ғой?! Бір ұлттан, бір жұрттан туса – осындай-ақ тусын! «Я – поэт. Этим и интересен» (В.Маяковский).
Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button