Орманға қорған керек
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық Құрылтайдың төртінші отырысында сөйлеген сөзінде: «Туризм аймақтардың дамуына серпін беретін сала болуға тиіс. Жергілікті жердегі республикалық және халықаралық іс-шаралар өңірлердің туристік әлеуетін арттыруға ықпал етеді… Мен «Біздің басты күшіміз – адам және оның жасампаздық әлеуеті» деп үнемі айтып келемін. Өйткені білімді, еңбекқор әрі мақсатшыл азаматтар елімізді табысқа жеткізеді», – деп еңбек адамдарына ерекше көңіл аударды.
Ақтоғай ауданы Шабанбай би ауылы «Үздік туристік ауыл» атануына осы елдімекеннің әрбір тұрғынының қосқан үлесі аз емес, сондықтан, үлкен қуанышпен қабылдап, алдағы күнге зор үміт артып отыр.
Жылына шетелден және өз елімізден келетін 100-ден астам туристерді тек «Бегазы-Дәндібай» тарихи-мәдени қорығы кешені, Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның атақонысы, «Талдыбейіт» секілді тарихи орындар ғана қызықтырмайды. Олар тұмса табиғаты бұзылмаған Қызыларай тау сілеміндегі Ақсораң биігін, Әулиетау үңгірлерінің құпиясын, Мырзақожа сайындағы сарқыраманың сұлулығын, Қыпшақ ғибадатханасының тарихын, Жаман Қызыларайдың шатқалдарын, «Көшасқан» тауының түйелі көш жүрген жасырын жолдарын тамашалағысы келеді.
Ал, бұл болса, Қызыларай орман шаруашылығы ұжымының еңбек азаматтары жұмысына қосымша жаңа міндеттер мен зор жауапкершілік жүктейді. Туған жерінің абыройының асуы үшін олар туристерге көмектесуге және табиғатты қорғауды қадағалауға кез келген уақытта дайын тұрады. Бала кезден осы ауылда туып-өскен орманшылар қауымы Қызыларай тауының әр сайы мен бұлағын, ағашы мен аңын жатқа біледі. «Қызыларай орманшылығы» басшысы Қ.Бижігітұлының мәліметі бойынша Қызыларай тауларында қорғауға алынған 3-4 жұп бүркіт бар. Орманды жерлерде екі-үш үйір қабан, 15-20 бас елік, 3-4 жұп бұландар, «Қызыл кітапқа» енген 28-30 үкі кездеседі. Оған қоса 55-60 бас арқар жүргеніне дейін есепке алынып, олар жат пиғылды адамдардан қорғалады.
Журналист Аяулым Совет «Ақтоғайда Ұлттық қорық ашылса…» атты мақаласында:
«Жергілікті тұрғындардың айтуынша, қазіргі таңда туристерді қадағалайтын орманшылар саны жетіспейді. Сондықтан, бір орманшы 60-70 шақырымға дейінгі аралықты бақылауға мәжбүр. Ал, орманшылар «кемінде екі күн кететін шақырымдарды артқа тастап, барлық жерді бақылап өту мүмкін емес» екенін алға тартады», – деп дұрыс көрсетеді. 1 565 метр Ақсораң биіктігіне, 1 345 метр Қарасораң шыңына туристерді еш қиындықсыз және аман-есен алып шығу мен түсіру оңай атқарылар шаруа емес. Кез келген туристік топтың басшысы мен ұйымдастырушысы алдымен мекеме орманшыларына ақыл салатыны анық. «Сақтықта қорлық жоқ» деп Табиғат-Ананы аялаудың түсіндірме кеңестері беріледі. Олардың бір ғана сәттік салғырттығы орны толмас шығынға толы алапат өртке себеп болуы мүмкін екені сөзсіз.
«Орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі Ақтоғай шаруашылығы» КММ мекемесіне қарайтын «Қызыларай орманшылығы» Шабанбай би және Қызыларай ауылдық округтерін қамтиды. Жер көлемі жағынан орманмен көмкерілген 25 116 гектар жерді алып жатыр, оның 18 200 гектар жері ерекше қорғалатын табиғи аумаққа жатады. Яғни, мемлекеттік бюджеттен қаржыландыратын, орман шаруашылығымен айналысатын, орман және аң-құсты қорғауды жүзеге асыратын күзет мекемесі болып табылады. Негізгі міндеті «Орман кодексімен» табиғатты қорғау заңы бойынша реттеледі, бекітіліп берілген аумақ ішінде жасалған тәртіп бұзушылық болмауы қадағаланады.
Жаңа Қазақстан құру жолындағы игілікті істер бұл мекемеге де өз ықпалын жасауда. 2023 жылы Шабанбай би ауылында Қызыларай орманшылығындағы өрт қауіпсіздігінің алдын алу үшін жаңадан «Орман өртін сөндіру бекеті» ашылды. Орманшылар ұжымы мамандармен толықты, еңбекақылары көтерілді, қажетті құрал-саймандармен, арнайы киімдермен қамтамасыз етілді. «КамАЗ» өрт сөндіргіш машинасы мен патрульдік JAC пикап автокөлігі қолдануға берілді. Қазір орманды күзетуге 13 орманшы, орман өртін сөндіру үшін 4 өрт сөндіруші қызмет атқарады. Олар апталық күнтізбелік кесте бойынша өздеріне тиесілі орманды алқаптарды күн сайын аралап, бақылауда ұстайды. Әр сағат сайын рациямен диспетчер-операторға хабарласып, жағдайды баяндап, кауіп-қатердің алдын алу шараларын жүзеге асырады. Ормандарды өрттен, заңсыз кесуден қорғап, оларды зиянкестер мен аурулардан сақтап, браконьерлікке қарсы күрес жөніндегі жұмыстарды ұйымдастырады.
Әрине, жасыл желек жамылған орман алқабын қорғау жұмысының қиындығы мен қызығы да жетерлік. Былайғы жұрт олардың жұмысын тек орманды күзету деп түсінеді. Қызыларай орманшылығы «бір тал кессең, он тал ек» деген аталы сөзді, туған жер табиғатына деген перзенттік махаббаттың ұстанымына айналдырған. Осы аймақта өспейтін ағаш тұқымдарын отырғызу мен жерсіндіру жұмыстарымен жүйелі түрде шұғылданады. Арнайы тәлімбақта жоспарлы түрде жүргізілген шаралар бүгінде өз нәтижесін беруде. Орман болған соң отынға жарайтын қураған ағаштар кесіліп, тазалау жұмыстары да атқарылады. Ағаш кесуге арнайы рұқсат берілген соң ғана қураған ағаштар кесіліп, аудан жұртшылығы мен жергілікті тұрғындар отынмен қамтамасыз етіледі. Мекеме ұжымы Қарағанды облысының 2021-2025 жылдарға арналған ормандарды молықтыру мен орман өсірудің кешенді жоспарын іске асыру, сондай-ақ алдағы өрт шығуы қауіпті маусымға байланысты орман өртіне жол бермеу және болдырмау мақсатында бақылауды жүзеге асыру жолында жемісті еңбек етіп келеді. Оларға ауыл ғана емес, аудан жұртшылығының да алғысы шексіз.
Алайда, халық өртті «тілсіз жау» деп бекер атамаған. Алдағы уақытта көңіл бөлетін жайлар да бар. Мемлекет басшысы Ұлттық Құрылтайда: «Мамандарды даярлау қажет. Табиғи байлығымен, жан-жануарлар дүниесімен бүкіл әлемге танымал еліміздің биологиялық әралуандығын қорғау айрықша маңызды міндетке айналды», – дегенді босқа айтқан жоқ. Бірақ, орманшы мамандығын алған жас маман біздің ауылға жұмысқа бармайтыны ақиқат. Сондықтан, орман шаруашылығында жұмыс жасайтын мамандар үшін біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастыру, білімдерін жетілдірумен қатар, тәжірибе алмасу арқылы жаңашыл технологиялық үрдістерге сай болуын қамтамасыз ету қажеттілігі сезіледі.
Смақжан Досғұлов
Ақтоғай ауданы
Суретте: орманшылар
Жанбота Қожахметов пен Ақпейіл Есіркепов