Руханият

Оркестрге бергісіз ансамбль

Арқаның алтын белі – Ақтоғай өлкесі дүниеге небір ақын мен сазгерді, әнші мен күйшіні, мың бұралған бишіні әкелген қасиетті мекен. «Арқаға барып әншімін деме» деген мақалды шығарған адам ат басын осы Ақтоғайға тіреген болуы да әбден мүмкін. Әсет Найманбайұлы, Күләш Байсейітова, Манарбек Ержанов, Мағауия Хамзин секілді тау тұлғалар осы өңірдің тумалары. Бұл кісілердің атағын тізіп жатудың өзі артық. Себебі, есімдерінің өзі атаққа бергісіз аңыз адамдарға айналып үлгерген.

Осы өңірде өнер керуені көшінің бел ортасында жүрген, бірнеше буын ауысса да өз жолдарынан ауытқымайтын, бағыты мен мақсаты «Тоқырауын толқындары» ансамблі бар. Ансамбль көркемөнерпаздар ошағынан бастау алады. 1965 жылы көркемөнерпаздар ұжымы ансамбль болып құрылып, оның аты “Тоқырауын толқындары” деп аталды. Бұл ұжым тек ән салып қана қоймай, түрлі театрлық қойылымдарды сахналап, халықтың ықыласына бөленіп үлгерген еді.

Бір қызық дерек айта кеткім келіп отырғаны. «Ленин – ата, біз – ұлан» деп жүрген сол бір замандарда, күн көсемнің 100 жылдығына арналған облыстық байқауға 100 адамнан тұратын хор қатысқан болатын. Әрине, бұл хордың басы-қасында ансамбльдің сол кездегі белді мүшелері тұрған.

1972 жылы дарынды сазгер, Қазақстанның халық әншісі  Ескендір Хасанғалиев пен ақын, сазгер, драматург Бәкір Тәжібаев Ақтоғай ауданына арнайы шақырылып, бір ай бойы ән мен күйдің әліппесін жетік білетін аудан өнерпаздарын дайындап, әйгілі «Тоқырауын толқындары» ән-би ансамблінің негізін қалаған болатын. Сол бір айдың ішінде Ескендір мен Бәкір: «Бұл аудан өнердің тұнып тұрған дариясы екен, ал оның көркемдік жетекшісі Дәртай Садуақасов бұл өнер ұжымын берісі Одаққа, әрісі шетелдерге дейін танытатын тума талант иесі болса, мәдениет бөлімінің бастығы Бектұрсынның бойынан өнердің ұшқыны жалын атқалы тұр», – деп баға берген еді. Бәкір мен Ескендір болашақ ансамбльді екі бөлімнен бірінші бөлімді тақырыптық композиция, екінші бөлімді жеке топ болып орындалатын әндерге арнап құрды. Осылайша әрбір концертін сюжеттік театрландырылған композициямен патриоттық хорлар мен әндерге басымдық беру арқылы дайындау ансамбльдің өзгелерге ұқсамайтын өрнекті үлгісімен арқаулы өзегіне айналды.

Дәртай Сәдуақасов ағамыз ансамбль репертуарына жаңашылдық енгізеді. Төрт дауысты хор (квартетпен шатастырмаңыздар), ек-үш дауыстағы әншілер тобымен жұмыс істеп, аз ғана уақыт ішінде ансамбль көрерменнің ыстық ықыласына бөлене бастайды.

Дәртай ағамыздың ансамбльге сіңірген еңбегі мол. 1957 жылдан бастап, өмірінің соңына дейін, яғни, 2007 жылға дейін «Тоқырауын толқындары» ансамблінде көркемдік жетекші болған.  Еңбегі еленіп, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері, “Құрмет белгісі” орденінің, КСРО Мәдениет министрлігінің “Үздік еңбегі үшін” белгісінің, “Еңбектегі ерлігі үшін” медалінің екі мәрте иегері атанған жан.

“Шопан ата”, “Жастар маршы”, “Ақтоғай – алтын бесігім”, “Шашу” сынды әндерімен туған өлкесінің атын алты алашқа таныта білді. Еліміздің басқа өңірлерінде бұл үрдістің бар-жоғынан бейхабар екенмін. Ал, біздің Қарағанды облысында әр ауданның әнұранына айналған вальстері бар. Соның ішінде ритмі жағынан вальс деп ұялмай айтуға болатыны «Ақтоғай вальсі». Сөзі «Алаш» сыйлығының иегері, ақын Абзал Бөкенов ағамыздыкі, әнін Дәртай Садуақасов ағамыз шығарған. Халық арасында “Ақтоғай вальсі” аталып кеткені болмаса, жоғарыдағы “Ақтоғай – алтын бесігім” деген шығармамыз осы.

Әр шығармашылық топтың гүлденуіне, әрі қарай дамуына әсер ететін адамдар болады ғой. Бұл өнер ұжымының шығармашылық дамуына үлкен үлес қосқан азаматтардың бірі – Тұңғышбай Мұқанов. Тұқаң 1971 жылы режиссер болып келгеннен соң, небары екі жыл уақытта бұл ұжым «Халықтық» атағын иемденеді. Ол кезде бұндай атақты алу қиын шаруа еді. Ол үшін ансамбль ұжымы республикалық арналардан толық концерт беруі шарт болатын. Облыс басшылығындағы іскер азаматтардың араласуымен бұл шаруа оң шешімін тауып, ансамбль Алматы сапарында тек телевидение арқылы концерт беріп қоймай, жақын маңайдағы аудандарға да концерт қойып қайтады. 1973 жыл Тұңғышбай Мұқановтың өзіне де сәтті жыл болды. Тап осы жылы маңдай терінің өтеуі ретінде «Құрмет орденімен» марапатталады.

«Ансамбльдің жұлдызды шағы» деп 1975 жылды атауға болатын шығар. Себебі, «Отанымыздың жүрегі – Москва» деп жүрген сол кезеңдерде, Жеңістің 30 жылдығына арналған арнайы шарада Мәскеу сахнасында өнер көрсету кез-келген ансамбльдің басына бұйыра бермейтін. Сапардың сәтті болғаны соншалықты, осы жылы ансамбльге «Халықтық ансамбль» атағы бұйырды.

Тағы бір қызықты мәлімет бере кетейін. 1984 жылдың сәуір айында Венгрияда өтетін КССРО-ның мәдениет күндеріне қатысу үшін республика бойынша берілетін жалғыз жолдама үшін ел көлемінде екі ансамбль таласқа түседі. Соның бірі, сол кездегі Семей облысы, Абай ауданының атағынан ат үркетін, даңқы жер жарған «Қаламқас» ансамблі болса, екіншісі «Тоқырауын толқындары» ансамблі еді. Ақтоғайлық өнер ұжымы фольклорлық-этнографиялық бағыттағы жаңа бағдарламаларының арқасында жолдаманы жеңіп алған екен. Ол қандай жаңалық еді? Ақыры ұлттық тақырыпқа бетбұрыс жасалғаннан соң, репертуарға этнографиялық бағыттағы нұсқаларды енгізу керек болды. Сегіз қыз, сегіз жігіттен тұратын домбырашы-әншілер тобын үйретіп шығарған Дәкең осы халық әндеріне ұлттық нақыштағы би қойғызу үшін атақты биші Шара Жиенқұлова мен білікті балетмейстр Рабиль Сүлейменовті арнайы шақыртып, «Бәйге», «Шашу», «Қара жорға (қасқыр биі)», «Молдабай», «Киіз басу», «Қыз қуу» сияқты әнмен орындалатын этноүлгідегі композициялық билерді қойғызып, ансамбльге этнографиялық бағдарламалар жасап, ұжымның толықтай атауын «Тоқырауын толқындары» фольклорлық этнографиялық ансамблі» деп атауды ұсынды. Өнер ұжымы осы сәттен бастап жаңаша атала бастады.

«Ансамбль құрамында әнші, биші, күйші өнерпаздардан тұратын 60-қа тарта адам бар. Ансамбль бағдарламасын ұлттық өнер төңірегінде құрайды. Өзінің репертуарын ұлттық өнермен байыта отырып, қатарын жас өнерпаздармен толықтыра отырып, «Тоқырауын толқындары» халықтық ән-би ансамблі алдағы уақытта да халық қызметшісі бола бермек»,- деген екен Дәртай Садуақасов 2001 жылдары берген бір сұхбатында. Содан бері мінекей, жылдар жылжып, айлар сырғыды. Дәртай ағамыздың да фәниден бақиға кеткеніне он жылдан астам уақыт өтіпті. «Тоқырауын толқындары» сынды ансамбль барда, Ақтоғайдың өнерлі жұрты барда Дәртай ағамыздың аты еш уақытта өшпек емес.

Айсұлтан МҰХАМЕДИЯҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button